5.12.2023, 10:15
Оқылды: 112

Жаңалық көп Жәнібекте

Жәнібек аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Манарбек Әдиев – жас та жігерлі кадрлардың бірі. Әлеуметтік  лифт деген ұғымды білеміз ғой. 2012 жылы аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің статисі болып жұмысқа кіріскен. Одан кейін біліктілігімен, табандылығымен бас маман, бөлім басшысы қызметіне жоғарылайды. Мемлекеттік қызметте біраз ысылып, тәжірибе жинаған Манарбек (суретте) аудандағы құрылыс жобаларын байыпты түрде баяндап берді. Жас басшыға сәттілік тілей отырып, аталған мекеменің жоба-жоспары туралы тарқатып жазғалы отырмыз, құрметті оқырман!

5e1542ae2ef36afdcb5d79e4b389796a_1280x720

Ауылдарға – жаңа мектеп

Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Манарбек Әдиевтің айтуынша, аудан орталығынан шалғай орналасқан Жақсыбай ауылында мәдени-спорттық кешен салу жоспарланған. Кешеннің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, сараптамадан өтуде. Сараптама мақұлдаса, жобаны қаржыландыру «ҚПО б. в.» компаниясының есебінен жүргізілмек. Смета құны әзірше анықталмаған. Одан бөлек келесі жылы құрылыс бөлімі Жәнібек ауданында мұрағат ғимаратын салдыртуға қамдануда. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, сараптамадан оң қорытынды алынды. Құрылысының жоспарлы сметалық құны – 571 млн теңге. Жобаны «ҚПО б. в.» компаниясы қаржыландырады.

2023-2025 жылдары облыс бойынша шағын кешенді мектептердің құрылысы қарқынды жүргізілмек. Осындай шағын білім ошақтары Жәнібек, Борсы, Ұзынкөл, Тегісшіл ауылдарында салынады. Тіпті мектептер орналасатын жер телімдері де анықталған. Жәнібек пен Ұзынкөл ауылдарына 108 орындық мектептер салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. Ал биыл Ақоба ауылында «ҚПО б. в.» компаниясының қаражатына 108 орындық мектеп құрылысы аяқталды. Жаңа ғимарат жуырда пайдалануға беріледі.

Аудандағы Жақсыбай мен Қамысты ауылдарына «Ауылда денсаулықты жаңғырту» бағдарламасы бойынша фельдшерлік-акушерлік пункт ғимараттары салынуда. Оның біріне ел бюджетінен 295 453 323,48 теңге, екіншісіне 286 714 211,84 теңге бөлінген. Тапсырыс беруші – облыстық құрылыс басқармасы. Мердігерлер нысандарды желтоқсан айында тапсыруды жоспарлап отыр.

Мердігер мандытпады

10 сәуірде Еңбекші ауылында ауыз су құбырының құрылысы басталған. Мердігер бұл нысанды бес айда тәмамдауы тиіс еді. Бірақ астаналық «Engineering and construction group» ЖШС талап үдесінен шығуға асықпаған. «Бұл серіктестік облыс бойынша бес ауылда су құбырын тартуда. Бірақ жаз бойы Еңбекші ауылындағы құбыр құрылысын мандытпады. Негізінен, 30 үйге ауыз суды шапшаңдатып жеткізуге болады.  Жобаға жеткілікті қаражат бөлінді. Келісімшарт құны – 166 228 020,9  теңге. «Engineering and construction group» нысанды 10 қыркүйекке дейін тапсыруы тиіс еді. Сол себепті сотқа мердігерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы ретінде тануға және кешіктірілген әр күн үшін өсімпұлды өндіру туралы талап-арыз жолдап, шағымдануға тура келді. Қазіргі күні сот процесі жүргізілуде. Аталған шаралар нәтижесінде мердігер су құбырын тартып, оны іске қосуға дайындалып жатыр», – деді аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Манарбек Әдиев. Жалпы Жәнібек ауданында тоғыз ауылдық округ бар. Еңбекшіден басқа ауылдардың барлығы ауыз су мен көгілдір отын игілігін көруде. Десе де, Тау, Борсы, Жасқайрат ауылдарындағы су құбыры ескірген. Бөлім басшысының мәліметі бойынша осы үш ауылдағы құбыр желісін 986 миллион теңгеге жаңғырту үшін (реконструкция) мемлекеттік сатып алу порталы арқылы ашық конкурс жарияланған. Соның нәтижесінде облыстағы мердігер «Батысгазстрой» ЖШС жеңімпаз атанды. Құбырды жаңғырту 2024 жылы басталмақ.

Үкімет үй сатып алады

Былтыр «Қазақстан халқына» қорынан бөлінген қаражат есебінен Жақсыбай ауылында төтенше жағдайдан зардап шеккендерге 2 пәтерлі үш үй, 1 пәтерлі бір үй салынды. Ал жергілікті бюджет есебінен 40 миллион теңгеге Ұзынкөл ауылында 2 пәтерлі бір үй тұрғызылды. 2023 жылы үй кезегінде әлеуметтік санаты бойынша тұрғандарға арнайы баспана салынған жоқ. Есесіне 10 үй сатып алуға республикалық бюджеттен 96 миллион теңге бөлінген. «Биылдан бастап облыс бойынша үйлер сатып алуға ел бюджетінен қаражат бөлінді. Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс жариялаймыз. Егер өтінім берген азаматтардың үйі талап үдесінен шықса, олардың баспанасын сатып алып жатырмыз. Бұл үйлер жергілікті атқарушы құрылымның кезегінде тұрғандарға беріледі. Сатылатын баспана жайлылық дәрежесі бойынша 3-кластағы үйлер болуы тиіс. Мәселен, қабырғасы саманнан қаланбауы керек. Қаладағыдай асүй, ванна, әжетханасының үй ішінде орналасуы талап етіледі. Қазіргі уақытта Жәнібек ауылынан төрт үй сатып алдық», – деді Манарбек Әдиев.

WhatsApp Image 2023-11-30 at 16.07.45

Жаңа тетік бойынша бірінші нарықтағы баспана беру де қарастырылған. Ережеге сай жеке инвестор өз қаражатына жаңа үй салады. Биылдың өзінде бұл тәжірибе бойынша жұмыс басталып та кеткен. Бір жергілікті кәсіпкер Қамысты мен Жақсыбай ауылдарының әрқайсысына екі үй салуға келіскен. Жалпы осы бағдарлама аясында аудан әкімдігі 2024 жылы су жаңа 15 үйді сатып алуды жоспарлап отыр. «Бюджет қаражатына жаңа үйлер салғаннан гөрі баспана сатып алып берген әлдеқайда тиімді. Кәсіпкерлер өздері салған үйдің инженерлік-коммуналдық  желілерін  тартады, техникалық  құжатын  жасайды»,  – деді бөлім басшысы.

Стратегиялық жобалар

– 2024 жылы Борсы ауылында электр желілерін жаңартуды жоспарлаудамыз. Тозығы жеткен ағаш бағаналардың орнына темір бетонды тіреулер орнатылады. Ескірген электр сымдар оқшаулағышы бар қалың СИП-кәбілдермен ауыстырылады. Жергілікті бюджет есебінен жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталады, – деді Манарбек Әдиев. Мал шаруашылығын дамыту мақсатында Жақсыбай ауылында су арнасын жаңғыртуға қам жасалынуда. «Жақсыбай – Сарыөзен арнасын қайта құру» нысаны бойынша жобалаушы мердігер ЖСҚ дайындауда. Еріген қар суын молынан жинау үшін арнаны кеңейту, тоғанды биіктету, су жіберетін қақпаларды ауыстыру көзделген.

1575719400_78645451_2499252467069791_7342037848511479808_o

Жәнібек – Ресеймен шектесетін аудан. Манарбек айтқан маңызды жаңалықтың бірі – Талов пен Жақсыбай ауылындағы шекара бекеттеріне электр желілерін тарту көзделген. Стратегиялық нысандарды электр қуатымен қамтамасыз ету маңызды жоба болмақ. «Бүгінге дейін Талов, Борсы, Қамысты ауылдары Ресейдің көгілдір отынын тұтынып отыр. Қазіргі таңда аталған жобаны жүзеге асыру үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. Тау ауылындағы аутоматтандырылған газ тарату стансасынан 150 шақырым полиэтилен құбыр желісі тартылады. Шекарадағы ауылдар отандық табиғи газбен қамтылып, тәуелсіз тұтынушыға айналады», – деді Манарбек Әдиев.

Нұртай Текебаев,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале