Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде 26-27 қараша күндері «Тәуелсіз елдің жастары» атты республикалық ауыл жастарының ІІІ форумы өтті.
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, партияның жастар қанаты және Жәңгір хан университеті бірлесе ұйымдастырған іс-шараның мақсаты – ауыл жастарының саяси-экономикалық белсенділігін арттыру, ауылдарды дамыту бойынша тың идеялар мен ұсыныстарды ортаға салу.
Форум жұмысына С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің басқарма төрағасы, «Ауыл» ХДПП төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов, Жәңгір атындағы БҚАТУ басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов, сондай-ақ әр өңірдегі «Ауыл» партиясы жастар қанатының көшбасшылары, партия тізімімен сайланған жас мәслихат депутаттары мен ауыл әкімдері, студенттік ұйымдар, жоғары және арнаулы оқу орындарының өкілдері, ауыл жастары қатысты.
Форумның үлкен жиынында сөз алған Жәңгір хан университетінің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шәмшідін Ақ Жайық өңіріне әр аймақтан келген жастарға ыстық ықылас білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
– Кешеден бері университетіміздің қабырғасында бас қосқан жастар түрлі тренингтер ұйымдастырып, тың идеяларымен бөлісуде. Ауыл жастарының ойға алған жоспарлары еліміздің болашағын, экономикасын дамытуға үлкен серпін береді деген үміттеміз, – деді Әлжан Смайылұлы.
Бұдан әрі сөз алған «Ауыл» партиясының белсенді жас көшбасшылары «Болашақ» бағдарламасының ауылдық жерлерге тигізер пайдасы, ауылдардағы спорт пен мәдениет нысандарының проблемалары, ауыл жастарының кәсіпкерлік саласындағы рөлі, әлеуметтік желіні тиімді пайдалану, ауыл мектептерінің білім беру деңгейі мен жастарды тәрбиелеу саясаты, қала жастарына ауыл тұрмысын дәріптеу, агроөнеркәсіп кешенін жоғары білімді мамандармен қамту туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Жиын соңында «Ауыл» партиясы жастар қанатының жастарға үндеуі жарияланды.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің басқарма төрағасы, «Ауыл» ХДПП төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов ауыл жастарын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады. «Ауыл – ел бесігі» деген қанатты сөзді тілге тиек еткен партия төрағасының орынбасары жастарды ауылдық елді мекендерді көркейтуге өз үлестерін қосуға шақырды.
Форум аясында партияның жастар қанатының стратегиялық жоспарын құру, жастарды түрлі тақырыптар бойынша оқыту мақсатында бейресми отырыс ұйымдастырылды. Сонымен қатар форум қонақтары Жәңгір хан университеті дайындаған «Бизнес жобалар көрмесін» тамашалады.
«Тәуелсіз елдің жастары» республикалық ауыл жастарының кезекті форумы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің басқарма төрағасы, «Ауыл» ХДПП төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғановтың жастармен бейресми кездесуімен қорытындыланды.
«Ауыл» партиясы орталық аппаратының инспекторы Айдар Саттаров көп жағдайда ауыл жастарына көңіл бөлу жұмыстары кемшін түсіп жататынын жасырмады. Сәйкесінше, осындай іс-шаралар ұйымдастыру арқылы оларға назар аударту көзделген.
Оралда өткен ауыл жастарының форумына 300-ге жуық адам қатысты. Форум ұйымдастырушылары атап өткендей, алдағы жылдары ауыл жастарының форумын ауылдық елді мекендерде өткізу жоспарлануда.
БҚАТУ медиа орталығы