30.07.2026, 12:15
Оқылды: 8

Жәңгір хан университетінде Қытай ғалымдарының қатысуымен халықаралық ғылыми-практикалық семинар өтті

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Ақбөкендер популяциясының әсері және табиғи-экономикалық тәуекелдер жағдайында агробизнестің тұрақтылығын арттыру» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық семинар өтті.

IMG_9680.JPG

Іс-шара AP23486846 «Ақбөкендер популяциясының ауыл шаруашылығына әсерін экономикалық бағалау және келтірілген залалды азайту шараларын әзірлеу» ғылыми жобасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Семинар жұмысына мемлекеттік органдардың, ғылыми қауымдастықтың, аграрлық бизнестің, Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты.

Іс-шараның құрметті қонақтары – Қытай Халық Республикасының Солтүстік-Шығыс орман университеті Жабайы табиғат және ерекше қорғалатын аумақтар колледжінің өкілдері болды. Олардың қатарында профессор Сюй Яньчунь, жабайы жануарлар аурулары мен паразитология саласының сарапшысы профессор Zhijun Hou және жабайы табиғатты зерттеу мен қорғау саласының маманы профессор Шухуэй Ян болды.

IMG_9677.JPG

Сапар барысында қытайлық ғалымдар университеттің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен танысып, генетика, ветеринария, жабайы жануарлардың аурулары, биоалуантүрлілікті сақтау және жануарларды қолда өсіру бағыттарында зерттеу жүргізетін ғалымдармен кездесті.

Семинар барысында ақбөкендер популяциясы өсуінің ауыл шаруашылығына әсерін бағалау, экономикалық залалды анықтау, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шығындарын азайту, табиғи-экономикалық тәуекелдерді басқару және аграрлық бизнестің тұрақтылығын арттыру мәселелері талқыланды.

Қатысушылар сирек кездесетін жануарлар түрлерін сақтау, жұқпалы және паразиттік ауруларды зерттеу, генетикалық әдістерді қолдану, далалық зерттеулер ұйымдастыру және жануарларды табиғи мекендеу ортасынан тыс жағдайда сақтау тәсілдерін дамыту бойынша бірлескен зерттеулер жүргізуге ерекше назар аударды.

IMG_9678.JPG

Сонымен қатар тараптар Жәңгір хан атындағы БҚАТУ мен Қытайдың Солтүстік-Шығыс орман университеті арасында бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, ғылыми жарияланымдар дайындау, зерттеу тәжірибесімен алмасу және академиялық ұтқырлықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

Семинар қорытындысы бойынша ақбөкендердің ауыл шаруашылығына келтіретін залалын азайтуға бағытталған практикалық ұсыныстар ұсынылды. Қатысушылар биоалуантүрлілікті сақтау және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін ғылым, мемлекет, бизнес және қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

IMG_9679.JPG

Халықаралық семинардың өткізілуі және қытайлық ғалымдардың сапары Қазақстан мен Қытай университеттері арасындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және ұзақмерзімді серіктестікті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.

 

БҚАТУ баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале