6.05.2023, 14:50
Оқылды: 218

Жәңгір хан университетінде «Студенттік саябақ» ашылды

Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 60 жылдық мерейтойына орай қос бірдей айтулы іс-шара ұйымдастырылды. Университет түлектері тарту еткен «Студенттік саябақ» пайдалануға беріліп, мерейтойлық іс-шара «Ырысын шашқан гүл көктем» атты мәдени-көпшілік шарамен жалғасты. Бұл туралы БҚАТУ медиа орталығы хабарлайды.

IMG_3561

Мерекелік шараларға университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов, «Политехникалық институт» жанындағы Қамқоршылық кеңестің мүшелері мен түлектер, профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Алдымен меймандар «Политехникалық институт» ғимаратының  алдындағы демалыс алаңына жиналды. Өткен жылдың жаз айларынан бастап Қамқоршылық кеңес мүшелерінің және институт түлектерінің бастамасымен ғимараттың ауласы абаттандырылып, шағын алаң салу жұмыстары басталған еді. Сол алаңға орындықтар қойылып, демалыс аумағы жасақталып, субұрқақ орнатылды. «Студенттік саябақ» деген атауға ие болған осы алаң өзінің маусымдық жұмысын бастады.

Әріптестерін осы мерейлі сәтпен және университеттің 60 жылдығымен құттықтаған Жәңгір хан университетін он жылдан астам уақыт басқарған ардагер ұстаз, университеттің ардагерлер ұйымының төрағасы Қазыбай Бозымов игі іс атқарған азаматтарға, университет түлектеріне ризашылығын білдірді. Бұдан соң сөз алған «Қамқоршылық кеңес» төрағасы, университет түлегі Александр Әжіғалиев өздерінің бастамаларына қолдау білдірген білім ордасының басшылығына, сонымен бірге «Политехникалық институт» директорына алғыс айтты.

IMG_3181

Салтанатты шарадан соң қонақтар университеттің «Жастар алаңынан» табылып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Ырысын шашқан гүл көктем» атты мәдени-көпшілік шараны тамашалады. Университет ректоры Асқар Мырзахметұлы ел болашағы – жастардың тәлім-тәрбиесі үшін осындай дәстүрлі шаралардың маңызы ерекше екенін атап өтті.

«Ғарифолла ауылы», «Бөкей хан ауылы», «Жәңгір хан ауылы», «Жұбан ауылы», «Мұхит ауылы» болып әр киіз үйге орналасқан институттар мен құрылымдық бөлімдер ұжымдары бесікке салу, тұсау кесу, сырға салу, үйлену тойы, бастаңғы жасау секілді қазақтың салт-дәстүрлерінен көріністер көрсетті. Үлкендер бата беріп, халық аузындағы әндерді орындады. Мерекелік шараға қатысушылар концерттік бағдарлама көріп, ұлттық ойындарда бақтарын сынады.

zhaikpress.kz  

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале