5.08.2021, 17:49
Оқылды: 287

Жәңгір хан университетінің еңбекшіл жастары

«Жасыл ел» студенттік құрылыс отрядының биылғы маусымдық жұмысын жандандыруға Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті де атсалысуда.

2021-08-05 at 11.17.13

Университет студенттері «Жасыл ел» қатарына ағымдағы жылдың маусым айынан бастап қабылданды. Жалпы үш лек бойынша еңбекке тартылған жасақтың қазіргі уақытта соңғы кезеңі жұмыс атқаруда.

2021-08-05 at 11.17.06

Оқу орнының «Жастар бастамасын дамыту орталығы» директорының орынбасары Мейрам Оспановтың айтуынша, биылғы еңбек маусымына барлығы 123 студент қамтылған. – «Жасыл ел» отряды арнайы киім формасымен, тегін жатақханамен қамтылды. Олар жаз айларында университет аумағында көгалдандыру, абаттандыру, құрылыс-жөндеу жұмыстарын атқарды. Студенттер үш лекпен жұмыс істеді, қазіргі уақытта үшінші кезеңде 43 студент еңбек етуде. Біздің университет жұмыс беруші тарап ретінде бұл студенттерге қосымша 42500 теңге жалақы төлейді. Тағы бір айта кетерлігі, биылғы маусымда оқу орны аумағында «Жәңгір хан атындағы жеміс бағы» пайда болды, – деді Мейрам Маратұлы.

Ерасыл Байзақов

Аталмыш оқу орнының «Индустриалды-технологиялық институтының» студенті Ерасыл Байзақов «Жасыл ел» қатарында алғашқы жыл жұмыс істеуде. – Болашақ мамандығым – құрылыс инженері. Еңбек маусымы барысында университеттегі құрылыс-жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқандықтан, бұл маған мамандығым бойынша тәжірибе жинақтауға да үлкен көмек.  Сонымен қатар жазғы демалыстағы уақытымды тиімді пайдаланып, табыс тауып жүрмін. Жалпы «Жасыл ел» бағдарламасы – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Келесі жылы да осы бағдарлама бойынша жұмыс істеу ойымда бар, – дейді жасақ сарбазы.

Жалпы биыл Батыс Қазақстан облысы бойынша 1000-нан астам жас «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар облыс әкімінің бастамасымен 500-ге жуық жас арнайы квотамен құрылыс жасақтарына алынған.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ медиа-орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале