Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің үш ұстазы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2024» республикалық байқауында жеңімпаз атанды. Бұл туралы БҚАТУ медиа орталығы хабарлады.
Коллаж: БҚАТУ медиа орталығы / zhaikpress.kz
Атап айтқанда, университеттің ғалым-ұстаздары Қайсар Көшәлиев, Біржан Нұрғалиев және Лаура Душаева еліміз бойынша жоғары оқу орындары үздік оқытушыларының қатарынан көрінді.
Үш оқытушы да университетіміздегі «Ветеринария және агротехнология» институтынан. Ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Қайсар Жалитұлын көпшілік ақбөкендерді зерттеп жүрген ғалымдардың бірі ретінде таниды. Ветеринария ғылымдары саласын дамытуға сүбелі үлесін қосқан ғалым 270-тен астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектің авторы, соның ішінде ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша 5 өнертабыс куәлігін алған. Университет қабырғасында лауазымды қызметтер атқарған Қ.Көшәлиев – «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы қызметі үшін» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерінің иегері. Басқа да көптеген марапаттары бар. Тағы бір айта кетерлігі, ғалым-ұстаз 2011 жылы «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанған. Демек, мұндай атаққа Қайсар Жәлитұлы екінші мәрте лайықты деп танылуда.
Үздіктер қатарына іліккен ветеринария ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Біржан Елубайұлы – аталған институттың директоры. 2003 жылдан бері осы білім ордасында қызмет атқаратын Б.Нұрғалиев оқытушы болып қана қоймай, бөлім басшысы, орталық директоры, кафедра меңгерушісі және институт директоры қызметтерін абыроймен атқарып келеді. 90 ғылыми еңбектің, бес оқу құралының және алты оқу-әдістемелік нұсқаулықтың авторы. Жоғары білім және ғылым саласындағы қажырлы еңбегі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгімен марапатталған ғалым-ұстаз мал шаруашылығы өнімдерін ветеринарлық-санитарлық сараптау бағытындағы ғылыми зерттеулермен айналысады.
Үздік оқытушы атанған келесі жас ғалым – «Ветеринариялық және биологиялық қауіпсіздік» зертханасының меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор Лаура Жанеділқызы биыл халықаралық «500 ғалым» бағдарламасы аясында АҚШ-тың Мэриленд университетінде молекулярлық эпидемиология бағыты бойынша ғылыми тағылымдамадан өтіп келді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасының, «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері.