9.09.2026, 10:45
Оқылды: 16

Жәңгір хан университетінің студенттері су шаруашылығы саласының мамандарымен кездесті

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің Индустриалды-технологиялық институтында «гидромелиорация» білім беру бағдарламасының 1-2 курс студенттеріне арналған мамандыққа бағдарлау кездесуі өтті.

WhatsApp Image 2026-09-09 at 10.22.12 (2)

Оған су шаруашылығы саласының тәжірибелі мамандары қатысып, студенттерге заманауи су шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер мен кәсіби жетістіктер туралы баяндады.

Кездесу спикері ретінде «Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясы» басшысының орынбасары Қанат Өтеғалиев, бөлім басшысы Айғаным Төлеуова және Батыс Қазақстан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы суды пайдалану бөлімінің бастығы Ербол Төлеуғалиев қатысты.

WhatsApp Image 2026-09-09 at 10.22.12 (1)

Іс-шараны институттың тәрбие жұмыстары жөніндегі директор орынбасары Жадыра Байжанқызы мен Бибінұр Муталимқызы ұйымдастырды.

Студенттермен кездесуде мамандар аймақтағы су ресурстарын тиімді басқару, гидротехникалық құрылыстарды бақылау және суармалы жерлерді дамыту мәселелері бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.

Бассейндік су инспекциясы мен «Қазсушар» өкілдері облыстағы су шаруашылығы жағдайына, су пайдалану лимиттеріне, экологиялық қауіпсіздік талаптарына және су үнемдеу технологияларын енгізу барысына тоқталды.

Сонымен қатар спикерлер ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында су қауіпсіздігін ұлттық деңгейдегі басты басымдық ретінде жүзеге асыру және «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасына экологиялық бағыттағы іс-шараларды интеграциялау тәжірибесіне ерекше назар аударды.

Білім бағдарламасының жетекшісі, профессор Марат Оңаев студенттерге саладағы мамандарға деген сұраныстың жоғары екенін, гидромелиорация саласының еліміздің агроөнеркәсіптік кешені мен су шаруашылығы үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.

Ол бүгінгі күні су ресурстарын басқару саласында тек инженерлік білім ғана емес, сонымен қатар экологиялық мәдениет, цифрлық технологияларды меңгеру және қоғамда су үнемдеу идеясын насихаттай білу дағдысы қажет екендігін студенттерге жеткізді.

WhatsApp Image 2026-09-09 at 10.22.13

Кездесу барысында студенттер сала мамандарынан тәжірибелік практиканы өту мүмкіндіктері, жас мамандарды жұмысқа қабылдау шарттары, кәсіби өсу жолдары және су шаруашылығындағы жаңа технологиялық шешімдер туралы сұрақтарына толық жауап алды.

Мамандар болашақ инженер-гидромелиораторларды өз саласында біліктілігін арттыруға, су үнемдеу қағидаттарын күнделікті тәжірибеге енгізуге және саладағы өзгерістерге икемді болуға шақырды.

Айта кетейік, бұл кездесу Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Суды үнемде – болашақты сақта!» жобасы аясындағы жұмыстардың жалғасы ретінде ұйымдастырылды. Жоба бойынша бүгінгі таңда еліміздегі 3,3 миллионнан астам мектеп оқушысы мен 35 мыңнан астам студент су үнемдеу мәдениеті бойынша іс-шараларға қамтылған.

WhatsApp Image 2026-09-09 at 10.22.12

«Гидромелиорация» білім беру бағдарламасының студенттері де осы бастамаға белсене қатысып, су ресурстарын тиімді пайдалану және экологиялық тәрбие саласындағы тәжірибелік дағдыларын шыңдай түспек.

Жадыра Тасанова
Индустриалды-технологиялық институтының

тәрбие жұмыстары жөніндегі директор орынбасары

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале