17.10.2023, 9:15
Оқылды: 421

Жаңғырған жолдар: ауыл ажары, шаһар шырайы

Бұдан бес жыл бұрын өңірдегі Бөкей ордасы, Жәнібек және Казталов аудандарын жалғайтын жол салынады, 2021 жылы пайдалануға беріледі деп сүйіншілеген жолдардың құрылысы былтыр да бітпеді. Жоба уақтылы қаржыландырылғанымен, қаржы-қаражат игерілмеді. Одан кейін пандемия басталды, құрылыс материалдары қымбаттады. Республикалық бюджеттен қосымша қаржы сұралды. Бірақ одан кейін де бөлінген қаржы уақтылы игерілмеді, мердігерлер құрылыс материалдарын таситын вагон жетіспейтінін айтып зар иледі. Қыста материалдарды тасып алу қажеттігі ескерілмеді.

Бисен- Сайқын жолы-2

63 мың тұрғыны бар үш аудан тұрғындары белуардан батпақ кешіп, облыс орталығына жете алмай отырғаны туралы мақалалар республикалық, облыстық газеттерде жарық көрді. «Шығады ашынғаннан ащы дауысым» демекші, халықтың жанайқайын естіген Президент бұл мәселені қатаң бақылауға алып, Үкіметке тиісті тапсырмалар берді. Өткен жылдың соңғы айында Мемлекет басшысы қабылдауында болған облыс әкімі Нариман Төреғалиевке жол құрылысын аяқтауды тапсырды. Содан кейін әкімдікте мердігерлердің қатысуымен жол құрылысы мәселесін талқылаған кеңес өтті. Онда өңір басшысы  мердігерлерді орнынан тұрғызып, мән-жайды тәптіштеп сұрап, «Халықтың қаражатын оңды-солды жұмсауға жол бермейміз. Жолды не жөндейсіз, не жөндемейсіз. Екеуінің біреуі болады», – деп қатаң ескерткені есімізде. Одан басқа құрылыс материалдарын тасымалдауда аяққа «тұсау» болып отырған вагон жетіспеушілігі мәселесін «Қазақстан теміржолы» АҚ басшылығымен сөйлесіп, шешетінін мәлімдеді. Алдағы төрт айда мердігерлер құрылыс жұмыстарына қажетті материалдар қорын жасауға міндеттелді. Алайда мұндай ескерту, талап етудің соңы құмға сіңген судай боп, нәтижесіз қалатынын жиі көрген  жазған басымыз, шыны керек, онша сене қоймадық. Онымыз бекер екен. Мамандардың айтуынша, теміржол желісінен материал тасуға 9 жүк вагон құрамасы, яғни 1161 жүк вагоны бөлінді. Бұл – республикалық жолдарға ғана қарастырылған вагон саны. Теректі ауданы Пойма ауылындағы 81 мың гектарға салынатын өндірістік индустриалдық аймақтан бір кәсіпкерге асфальт зауытын салуға орын берілді. Сол кәсіпкер өзінің қиыршық тас кенінен материал тасымалдап отыр. Өз қаржысына теміржол тартуда. Қыс бойы Ресейден инертті материалдарды (қиыршық тас, битум) тасуға міндеттеме алды. Жол құрылысы алдағы уақытта да жалғасатынын ескерсек, медігерлерді материалдармен қамтуда кідіріс болмағаны жөн. Бұл мәселе түйткілі облыс басшылығының араласуымен шешілгенін айта кеткен жөн.

Ақ Жайық өңірі аумағындағы  халықаралық және республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 1414 шақырымды құрайды. Осы жолдардың 1097 шақырымына «КазКомсервис» ЖШС БҚО Ұлттық филиалы күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізеді. Қалған 245 шақырым бөлік – Казталов – Жәнібек (142 км), Өнеге – Бисен  – Сайқын (103 км) жолдары күрделі жөнделуде. Ал Подстепный – Федоров – РФ шекарасы тасжолының 72 шақырымы қайта жаңартылуда. Бұл автожолды жаңарту жұмыстары келесі жылы аяқталады. Онда екі құрылыс  мекемесі, бірінші телімінде – «КазКомСервис», екіншісін­де – «КСК-Приоритет» ЖШС-лары жұмыс істеп жатыр.

«Қазавтожол» ҰК» АҚ-ның тораптарды дамыту департаментінің директоры Марат Махамбетовтың пікірінше, бұ­ған дейін түрлі себеппен құрылысы мандымай келген  жолдар құрылысына «жан біте» бастады. Казталов – Жә­нібек жолы үш құрылыс учаскесіне бөлінген. «Uniserv» ЖШС 53 шақырым жолдың жоғарғы қабатын жабуды толық аяқтады. Жол көліктер қатынасына ашылды. Үшінші учаскедегі «Теміржол жөндеу» компаниясы 43 шақырымның төменгі және екінші қабатын салды. Енді қалып тұрған 16 шақырым жолға қиыршық тас төсеу жұмыстарын жалғастыруда. Қазір екі бөлікке бөлінген екінші учаскеде «Uniserv» ЖШС, «Теміржол жөндеу» ЖШС жұмыс істеуде. Осы айдың 25-інде осы екі бөліктегі жолдың құрылысын аяқтап, ашу жоспарланған.

–  Өнеге – Бисен – Сайқын жолының Өнеге мен Бисен ауылдары арасындағы жол ашылды. Ал Бисен – Сайқын арасында «Ақжол құрылыс», «Атырау жолдары» компаниялары жол салуда. Сайқын­нан  Мұратсай ауылына дейінгі жол жөнделді. Өнегеден Бисенге жеткен жол әрі қарай 5 шақырым жөнделіп, ашылды. Биыл көп жұмыс атқарылды деп айтуға болады. Қиыршық тас БҚО-да болмағаннан кейін, бастапқы кезде Ақтөбеден жеткізілді. Осы күнде­рі «Uniserv-ке», «КазКомСервиске», «ДСК-Приоритетке» 9 жүк вагоны құрамасымен (составпен) толассыз тасымалдануда. Жол құрылыстарының қарқын алуына өңір басшысы Нариман Төреғали­ұлының көп септігі тиді. Казталов ауданының аумағында «Uniserv» ЖШС-ның асфальт зауытының жұмыс істеуі үшін газбен қамтамасыз ету мәселесін шешіп бер­ді. Сайқын мен Жәнібек ауылдарында тепловоздың болмауына байланысты теміржолшыларға шығып,  тепловоздың уақтылы беріліп, жүк вагондарын тұйықтыққа кіргізіп беру жұмыстарын шешуге жәрдем етті. Биылғы жылы енді қалып тұрған 120 шақырым (Казталов – Жәнібек, Өнеге – Бисен – Сайқын) жолдың төменгі қабатын салып, асфальт жабынын төсеп, жолды ашып беру – мақсатымыз. Халықтың қыста омбы қарда, көктем-күзгі лайсаңда балшықта тұрып қалмауына қам жасаудамыз. Тағы бір айтарым, жол құрылысына жолшыбай ауылдардан ер-азаматтар тартылуда. Олар автогрейдер, трактор, каток жүргізушілері, жұмысшы бо­лып еңбек етіп жүр, – деді Марат Махамбетов.

Казталов-Жәнібек жолы

Биыл облыста «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы шамасы 81 млрд 500 млн теңгеге 615 шақырымнан астам жолды жөндеу (облыстық, аудандық, ауылішілік және Орал қаласы көшелері жолдары) жоспарланды. 2019 жылдан бері жол-құрылысы саласындағы өзекті мәселелерінің бірі болып келген – инертті материалдарының жетіспеушілігі (қиыршық тас тасымалдайтын вагон саны, битум) мәселесі шешілді. «Қазақстан теміржолы» АҚ-мен біріккен іс-шаралар нәтижесінде қиыршық тас тасымалдауға 10 теміржол құрамасы жұмылдырылды. Бұл мәселенің де облыс басшысының қатысуымен шешілгені мәлім.

2023 жылы 26 млрд 600 млн теңгеге ұзындығы 335 шақырым жол жөндеу жоспарланып, қазіргі таңда соның 215 шақырымының құрылысы аяқталды. «Ауыл – ел бесігі» аясында 27 ауылішілік жолдың құрылысы қарқынды жүруде. Қазіргі таңда облыс әкімінің тікелей бақылауының нәтижесінде 10 нысан аяқталып, 12 нысан 2024 жылы жалғасады және 5 нысан жыл соңына дейін аяқталады.

Өздеріңізге мәлім, биыл Орал қаласы бойынша 9,7 млрд теңгеге 76 шақырымды құрайтын 71 көшенің жолы (26 жоба) жөнделеді. Жаңаратын көшелер тек Оралдың орталығында емес, Зашаған, Деркөл кенттерінде де бар. Қазіргі кезде жол жөндеу жұмыстары 80%-ға аяқталған. Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Азамат Халеловтің айтуынша, 20 шақырымға жуық 9 көшенің жолы орташа жөндеуден өтті. «Адал арна», «ДСК-Приоритет» компаниялары шаһардың ірі магистралды Абай даңғылы, Н. Назарбаев пен Абай даңғылдарының қиылысы, С. Датұлы, Ю. Гагарин, Ружейников, Ә. Әйтиев, Мұхит, К. Меңдәлиев, Ғ. Құрманғалиев көшелерін жөндеуді толықтай аяқтады. Одан бөлек ағымдағы жөндеу есебінен «Тоби» ЖШС-ның құрылысшылары №27 қоғамдық көлік маршрутының «Родник» бау-бақша серіктестігіне апаратын 2 шақырымдық жолын жөндеді. Оралда, Зашаған, Деркөл кенттерінде жолды қайта жаңғырту (реконструкция) қолға алынған. Деркөл кенті бойынша Сарыарқа (ПДП-2) шағынауданындағы көшелерге асфальт жабыны төселуде. Шағынаудандағы 45 көшеге асфальт салу жоспарланған. Қазір 10-нан астам көше асфальтталды. Ағымдағы жөндеу жұмыстары есебінен 20дан астам көшеге асфальт төселмек. Орда, Ш. Айталиев, Ғ. Қараш, Х. Досмұхамедов, А. Тайманов, 8-март, Х. Чурин көшелерінің ой-шұңқыры көп кейбір бөлігінің үстіңгі беті алынып, асфальт төселуде.

Оралдағы Надежда, Кең дала, Панфилов көшелерінде  құрылыс жұмыстары қызу жүруде. Еуразия көшесін реконструкциялау осы айдың соңында басталады. Бүгінгі таңда барлығы 39,5 шақырым немесе 24 көше жолына асфальтбетон жабыны төселді. Облыс әкімдігінің «ҚПО б.в.» компаниясымен жүргізген келіссөздер нәтижесінде М. Шолохов көшесі жолына (ұзындығы – 4,6 км) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шұрық тесік автожол көлік жүргізушілері­нің орынды ренішін туғызып келгені жасырын емес. Жобаның құны – 4 млрд 200 млн теңге. Мердігер «Адал Арна» компаниясы 15 мамырда құрылыс жұмыстарын бастап, екі жылға шақталған жобаны халықтың сұраныс-талабын ескеріп, бір жылдың ішінде аяқтап, пайдалануға берді. Жобаға сәйкес жолдағы жолақтардың саны 4-тен 6-ға дейін көбейді. Енді жыл соңына дейін жаяу жүргіншілер жолы, бүйірлік өтпе жөнделіп, бағдаршамдар орнатылып, жол екі жағынан жарықтандырылуда.

Кез келген мемлекеттің экономикасының қаншалықты дамығанын кәдімгі жолдарға қарап білуге болатынын айтады. Расында, қантамырларындай шартарапқа таралған қара жолдармен жолаушылар діттеген жеріне жетеді, алыс-жақын жерлерден жүк тасымалданады. Ақ Жайық өңірінде сонау Кеңес заманына «мұра» боп қалған, жүйкені жұқартқан жолдардың мәселесі шешімін таба бастағаны қуантады. Қалай болғанда да өңіріміздегі жолдардың жаңаруы әл-ауқатымыздың жақсаруына септігін тигізетіні сөзсіз.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале