30.01.2020, 16:30
Оқылды: 489

Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарында Жеңіске үлес қосқаны үшін арнайы белгі қойылады

Бұл жайлы бүгін Өңірлік коммуникация қызметі өткізген брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлыбек Даумов мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, БҚО-дағы Ұлы Отан соғысына қатысты барлық ескерткіштер, мемориалдық тақталар мен ескерткіштерге қайта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, Орал қаласы әкімдігі Жеңіс алаңына жөндеу жұмыстарын жасайды.

даумов

Жеңіс алаңында әскери техникалардың үлгілерін шығарып, аспан астындағы музей ұйымдастырылмақ. Ол үшін қазір келіссөздер жүргізілуде.

- Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарының Жеңіске қосқан ерекше рөлін ескере отырып, биылғы мамыр айына дейін аталған аудандарда «Қаһарман ерлік» арнайы белгісін қою жоспарлануда,- деді Нұрлыбек Жасқайратұлы.

Еске сала кетсек, Қазақстанда Ұлы Отан соғысының оты шарпып, бомбасы қопарған жер Батыс Қазақстан облысы ғана. Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов аудандары Сталинград әскери округіне қарап, Сайқын, Шоңай, Жәнібек темір жол бекеттері Сталинград майданы қарамағына жатты. 1942 жылдың қазан айында Батыс Қазақстан облысын соғыс аймағына жатқызылу туралы КСР ҰКК-нің жарлығы шығады.

Сол кездегі ресми деректерге сүйенсек, Шоңайға 24, Сайқынға 36, Жәнібекке 40 шақты әуе соққысы жасалған екен. Осы үш бекетке фашистердің 138 ұшағы жалпы 538 бомба тастады. Үш жүздей бейбіт тұрғын мен әскери мерт болып, 250-дей адам жарақаттанған.

Жәнібек пен Сайқын ауылдарына «Қаһарман ауыл» атағын беру жайлы ұсыныс соңғы жылдары қайта-қайта айтылып, шешімі табылмай келе жатыр.

Нұрлыбек Рахманов,

«Жайық Пресс» ақпарат агенттігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале