18.01.2021, 19:32
Оқылды: 100

Жәнібековке көше берілсе...

Шәуілдірден шыққан Өзбекәлі Жәнібеков күллі қазақтың руханиятына қызмет еткен айтулы тұлғаға айналды. Қызмет жолын мұғалімдіктен бастаған ол ата мұрамыздың, ұлттық құндылығымыздың шырақшысы болды. Лауазымы жоғарылап, Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы болған кезінде Шымкентте Ғани Мұратбаевқа ескерткіш орнатуға мұрындық болды.

0з1

Нақ осы Өзағаңның бастамасымен құрылған «Гүлдер» ансамблі студенттердің дүниежүзілік ІХ фестиваліне қатысып, топ жарды. Жас биші Гүлжан Талпақованың, жас сазгер Шәмші Қалдаяқовтың танылуына да Өзбекәлі ағамыз қолдау көрсеткен. Ол тек мәдениетке қолдау көрсетіп қана қойған жоқ. Торғай облысына бірінші хатшы болған кезінде облыс дәнді дақыл егуден миллионер аталып, автомобиль жолдары салынып, жоғары оқу орындары ашылды. Ұлттық құндылықты тірілткен мұражай да ашылды. Облысқа Ленин орденін тапсыру үшін арнайы келген ел басшысы Д.Қонаев осы мұражайда болып, Өзбекәлінің іскерлігіне риза болған екен. Кейін Өзбекәлінің қызметі өрлеп, мәдениет министрлігінен бір шықты. Қазақстандағы археологиялық тарихи ескерткіштер қоры жасақталып, ата мұраға жақсылап көңіл бөліне бастады. Арыстан баб, Яссауи сәулет ғимараттары, Есім хан, Тәуекел, Абылай хандар, Қаз дауысты Қазыбек, Қанжығалы Бөгенбай мен Шақшақ Жәнібек жерленген Әзірет Сұлтан пантеоны қалпына келтірілді, Жамбыл музей кешенінің құрылысы қолға алынды. 1989 жылы алғаш рет Наурыз мейрамы республика көлемінде кеңінен тойланды.

Ұлт руханиятының шырақшысы болған Өзбекәлі Жәнібековтің арқасында қазақ этнографиясы, ұлтттық қолөнер мен ән өнері, ұлт мәдениетімен қайта табысқандай болдық десек, артық айтқандық емес. Өзбекәлі ағамыздың біздің аудан тарихына да тікелей қатысы бар. Ол құрған «Арқас» қорының ұйытқы болуымен аудан аумағындағы тарихи, мәдени ескерткіштер қалпына келтірілді. Ол көршілес Жәнібек ауданынан депутат болып сайланған кезде электр жарығының жеткіліксіздігі,  ауыз судың тапшылығы, жолдың нашарлығы, шалғай аудан тұрғындарының өмір сапасының төмендігі жайлы мәселелерін көтерді. Нәтижесінде Орда – Жәнібек – Сайқын су құбыры тартылып, үш ауданды облыс орталығымен байланыстыратын автомобиль жолдарының құрылысы басталды. Тұрғын үй, мектеп, клуб, монша, әлеуметтік, мәдени нысандар құрылысы қарқын алды.

Сол жылдары аутомобиль жолдары министрі Л.Гончаров Жаңақала ауданынан депутат болып сайланып, Қараөзен, Сарыөзен үстінен аутокөлік  өтетін көпір салдырғаны үшін аудан жұртшылығы ризашылығын білдіріп, көше атын берген еді.

Өзбекәлі Жәнібековке де бір кезде ауданның жағдайын жақсартуға көрсеткен қолдауы үшін, жалпы, ұлт алдындағы тағылымды еңбегі үшін Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарынан да көше аттарын берсек артық болмас еді-ау...

 

Есенболат Шәпенов,

Бөрлі ауылы,

Бөкей ордасы ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале