18.08.2022, 9:46
Оқылды: 179

Жанымызда жүріп еді жақсы адам

Мырзағали Мұхамбетовтің арамыздан бақилыққа аттанғанына бір жыл толып отыр. Көзінің тірісінде облыстың қоғамдық өміріне белсене араласып, әсіресе, ардагерлермен тікелей жұмыс істегенінде зор істер бітіргенін оның өзі ортамызда болмаса да, ел жадында жаңғыртып қою біз, тірілер үшін парыз.

3

Біз бүгін оқырмандарымызға азаматтың өмірінің ең көрнекті тұстарынан әңгімелеп, оның өткен жылдарына қысқаша шолу жасамақшымыз. Оған қоса, Мырзақаңды көре қалған, әңгіме-дүкен құрған, бірге жұмыстас болған жандардың естеліктеріне де кезек бермекшіміз. Сондай-ақ кейіпкеріміздің өмірінің соңғы он екі жылында онымен бір шаңырақтың астында бірге тұрған, ағамызды жақсы білген зайыбын әңгімеге тартпақшымыз.

Сонымен Мырзағали Мұхамбетов қайда туған, қай жерде өскен, қандай қызметтер атқарған деген қарапайым сауалдардың төңірегінде азаматтың бейнесін сомдап көрейік.

Кешегі талай шаңырақты шайқалтқан Ұлы Отан соғысы басталғанда Мырзағали екі жасқа енді-енді толып жатыпты. Дүние есігін ашқан жері – Зеленов ауданының Чесноков ауылы. 1942 жылы 44 жастағы әкесі – Әбілқасым Мұхамбетов соғысқа аттанса, сәл кейін оның төрт інісі – Есен, Ғұсман, Жамағали, Айтқали да майданға алынады. Тап сол жылы Мырзағалидың үлкен ағасы Ибрагим де әскерге шақырылып, соғысқа аттанды. 21 жастағы Ибрагим сол кезде Мерген ауылындағы мектепте мұғалім екен.

«Әкем соғысқа алынғанда анамның қасында төрт перзенті – мен, қарындастарым Орынтай, Дариға және ағам Айсағали қалыппыз, – деп еске алушы еді кейін Мырзақаң. – Чесноков ауылында тұрдық. Қиын болды ғой, аш-жалаңаш күндер бастан өтті. Анашым байғұс ауыздарын ашып отырған біздерді аштан өлтірмес үшін, алдыңғы жылы тары жиналған алқапта қалып кеткен масақтарды көктемде теріп әкелетін. Оны күзде теріп алуға болмайды, ұсталсаң сотталасың...» Әкесі майданға аттанып бара жатып, анасына үш өтініш айтып, тапсырыпты. Жалғыз сиырды қандай қиын болса да сатпа, баяғыда сатып алынған неміс­тің сүт тартатын сеператорын ештеңеге айырбастама және үлкен ұлы Айсағали мек­теп­тегі оқуын тастамай, оқып бітірсін. Анасы әкесінің осынау айтқан үш өтінішін толығымен орындаған. Жалғыз сиыр шиіттей балаларға сүтімен талғажу болып, сонау соғыстың ауыр жылдарын бұлармен бірге «бастан ке­шіпті». Сол сиырдың сүтінің арқасында және анау сеператордың көмегімен шиіттей балалар қатты ашыға қоймаған. Анасы сеператордан жалғыз сиырдың сүтін өткізіп қана қоймай, көршілердің сүтін де тартып береді. Тіпті кейде колхоз бидон толы сүт әкеліп тарттырады. Әрине, бұдан балалар қаймақты тойғанынша жеген екен деген түсінік тумауы керек, олар сеператордың жапырақшаларында қалған қаймақтың жұғындысын тамсана жалап, соған мәз болушы еді. Колхоз бидонмен сүт әкелгенде қаймағы алынған көк сүтті кейде бұларға қалдырып кететін. Ондай сәттерде анасы анау көк сүттен сүзбе жасап, бұлар бір жырғап қалатын. Анасы колхоздың жұмысынан титықтап жүрсе де, үлкен ұлы Айсағалиды мектептегі сабағынан бір күн де қалдырған жоқ.

«Әкемнен 1942 жылдың аяғында  Мәскеу түбінде ерлікпен қаза тапты деген «қарақағаз» келген. Жерленген жері белгісіз. Біздің жанұяға қаралы хабар жеткізген сол бір жапырақ қағазды анам бай­ғұс күйеуінен қалған жалғыз ескерткіштей қалтасынан тастамайды екен. Бір күні колхоз жұмысында жүргенде мұз ойылып, өзі суға кетіп қала жаздайды. Біздің бағы­мызға, анамызды Құдай сақтап  қалған ғой... Ал анау қағаз суға езіліп, жыртылып, әбден бүлініп қалған. Ағам Айсағали соғыс аяқталғасын, 1946 жылы Мәскеудің түбіндегі Подольскінің архивіне әкесінің қай жерде жерленгенін сұрап хат жолдайды. Бірақ ол жақтан жауынгердің жерленген жері белгісіз деп хабар келген. Айтып айтпай не керек, әкесі төрт бауырымен сол қан-қасаптан оралмады. Тірі қайтқаны жалғыз Ибрагим ғана.

Мырзақаң әбден есейген шағында әкесінің зиратын іздеумен болды. Ақыры, табады. 2013 жылы Ржевтің түбінен тапты. Қаза тапқан 10 мыңнан астам жауынгерге қойылған обелискіде есімі жазулы тұр. Әкесі №101 ұлттық бригаданың құрамында соғысқан екен.

1950 жыл  Мұхамбетовтер үшін ең ауыр жыл болды.  Мырзағали он бір жасқа енді толғалы тұрғанда барлық күш-жігерін, денсаулығын бұларға арнаған аналары қайтыс болды. Төртеуі тұлдыр жетім қалды. Айналғанда, Мырзағали қарындасымен Оралдың жетім балаларға арналған мектеп-интернатын паналайды. Кейін ағалары мен апалары тұрмыс құрып, өз қолдары өз ауыздарына жеткенде, әрине, бұларды далаға тастаған жоқ. Көмектерін аямады. Мектепті бітірген соң Мырзағали  ауыл шаруашылығы техникумында агроном мамандығына оқып, қарындасы медициналық институтты тәмамдайды. Техникумда оқып жүргенде-ақ еңбекке араласты, үшінші курста «Щипов» кеңшарында бригадирдің көмекшісі болып, алғаш еңбекақы тапқанын ылғи әңгімелеп отыратын Мырзақаң. 1958 жылы техникумды бітірген соң, агрономдық жұмысқа Чапаев ұжымшарына жолданды. Арада көп уақыт өтпей, ол комсомолдық-партиялық жұмысқа жұмсалып, оның алдағы өмірі осы бағытпен тығыз байланысып,  қызметтік өсу жолдары басталды десе де болғандай. Орал облыстық, өлкелік комсомол комитеттерінде жұмыс істеді. Гурьев облыстық комсомол комитетінде, әуелі екінші хатшы, соңынан бірінші хатшы болды. «Менің Гурьев облысы комсомолында жұмыс істеген жылдарым Маңғыстауды игеру кезеңімен тура келді. Бүкілодақтық екпінді комсомолдық құрылыс гүрілдеді. Құрылыс отрядтары жан-жақтан ағылды. Тек Ленинградтың өзінен үш мыңға жуық жастар келетін. Мақат – Маңғыстау, Гурьев – Астрахан, Бейнеу – Құмкөл сияқты бірнеше теміржол желісі тартылды», – дейді екен Мұхамбетов сол жылдарды еске алғанда. Міне, осы кезеңдердегі ерен еңбегі үшін ол 1967 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. 1970-1972 жылдары Мұхамбетов Мәскеудегі КОКП Орталық Комитетінің Жоғары партия мектебінде оқыды. Оны бітіріп келген соң 1972-1991 жылдары Орал обкомында партия комитеті бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеп, 1991-1993 жылдары Орал педагогикалық институтында проректор қызметін атқарған. Облыстық тіл басқармасын басқарғаны, облыстық кіші ассамблея атқарушы хатшылығының меңгерушісі, кіші ассамблея кеңесі төрағасының орынбасары болғаны да – оның өмірінің жарқын белестері. Ал өмірінің соңғы жылдары облыстық ардагерлер ұйымын басқарып, өлкеміздің қоғамдық-саяси жұмыстарының ортасында жүрді. Ол – тарих ғылымдарының кандидаты. Сонау комсомол шағында «Құрмет белгісі» орденімен марапатталса, кейін ол марапатына «Халықтар достығы» ордені және бірнеше медальдар  қосылыпты.

Ендігі әңгіменің кезегін ақиық азаматты көре қалған, қатар қызмет атқарған, дәм-тұздас болған жандарға берейік.

Табылғали Сапаров, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас  директоры:

– Мырзақаңды комсомолда жұмыста жүрген кезімнен сырттай білдім. Ол кісі ме­нен әлдеқайда жасы үлкен болатын. Менің әкемді жақ­сы білген шығар, өйткені екеуі жұмыстас болған. Содан ол да мені сырттай білген болуы керек. Ал облыстық партия комитетіне нұсқаушы болып келгенімде, жақынырақ танысып, әңгімелесіп жүрдік. Мырзақаң жалпы бөлімді басқарды, кейде құжаттарды апаруға тура келеді. Сондайда бір байқағаным, құжаттарға өте мұқият, аса сақ, тіпті қатты қарайтын. Маған ресми құжаттарды қалай есепке алу керек, онымен қалай жұмыс істеу керектігін ерінбей-жалықпай үйрететін. Тапсырмасының мүлтіксіз орындалуын қатты талап ете­ді. Ол кісіден көп нәрсені үйрендім. Біреулер қатал кісі көрінеді дейтін. Мен олай деп айта алмаймын. Міне­зі, жаны, арғы жағы жұмсақ жан болатын. Бірақ жұмысқа келгенде қатал, талапшыл. Партиялық қызметтің талабынан, ережесінен, этикасынан қия баспайды, сені де қия бастырмайды. Көп ашылып, арқа-жарқа сөйлемейтін. Кіммен болса да, белгілі арақашықтық ұстайды. Бірақ біреуге көмек қажет болып қал­ған жағдайда аянып қалмайды, тартынбай көмектеседі. Сосын жас болсын, үлкен болсын, лауазымына қарамайды, бәрімен бірдей, тең дәрежеде сөйлеседі. Пікіріңді тыңдайды. Мен жас болсам да, Табылғали Сатқалиевич деп көтермелеп отыратын. Солай айтудан танбай кетті. Мырзақаң ардагерлер кеңесінің төрағасы болғанда да тығыз қарым-қатынаста болдық. Сонау қиын жылдарда елді тығырықтан алып шығуда облыстың ақсақалдарын  жұмылдыра  білді.

– Жұмыста қатал, талапшыл, мұқият, өте сақ адам болатын дедіңіз, мысал келтіре аласыз ба?

– Келтірейін. Бірде маған Алматыға Орталық комитетке мемлекеттік марапатқа
ұсынылған ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің хаттамасын дайындап, апарып тапсыруым керек болды. Оған әуелі бюро мүшелері қол­дарын қоюы керек. Содан кейін бірінші хатшы М. Ықсанов қол қояды.  Сосын барып мөр басылады. Өзінің тәртібі солай. Бюро мүшелеріне қол қойдырдық, қалып тұрғаны бірінші хатшының қолы. Ол Алматыда. Оның қолын қойдыру үшін Алматыға баруым керек, қойдырғасын мөр басу үшін қайтадан Оралға ұшып келуім қажет. Біз мөрді біржолата бастырып, Алматыға барайық деп шештік. Обкомның ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі бірінші хатшының рұқсатын алған. Мөр бастыруға жалпы бөлімнің меңгерушісі Мырзақаңа келдік. Ой, сондағы ол кісінің қиналғанын көрсеңіз... Біріншінің қолы жоқ қой, бұлай болмайды ғой, деп қара терге түсті. Тіпті орнында отыра алмай, кабинетінің ішін кезіп кетті. Сөйтіп, бір уақытта барып мөрін басты-ау. Кейін мен Алматыдан келгенде менен бірден «Бірінші не деді?» деп әдейілеп тұрып сұрады. Мен: «Ештеңе деген жоқ, қолын қойып берді»  дедім. Сол кезде Мырзақаң «ух!» деп бір демін  алды.

Мария Уақасқызы, Мырзағали Мұхамбетовтың  зайыбы:

– Мен Мырзақаңмен 12 жылдай бір шаңырақтың аясында бірге тұрдым. Ең бірінші қасиеті – адамға мінез көрсету, біреудің сыртынан жамандау, ғайбаттау ол кісіге мүлдем жат болатын. Жас деп, кәрі деп бөлмейді, бәріне бірдей қарайды. Ойы, ниеті таза адам басқалар туралы да солай ойлайды ғой, ол сондай жан еді. Қиындыққа мойымайтын, оптимист болды. Қандай қиын сәттерде де «Бәрі жақсы болады!» деп отыратын. Ол солай дегенде көңілің көтеріліп қалады, сенесің.

– Ол ағамыз бір көрмеге партияның бағытынан таймайтын, одан басқаға
мойнын бұрмайтын, партократ, тәкаппар, қатал-суық жан болып көрінетін...

– Жо-о-қ! Сырт көзге солай көрінген шығар. Бірақ жүрегі кең, жаны таза, мінезі жұмсақ еді. Сосын өте қарапайым болатын. Кезінде жастарға, кейін үлкендерге көп көмектесіпті. Олар онысын ұмытпай үйге жиі «звондайтын». Жағдайын сұрайтын. Бір­де сонау Англияда жұмыс істеп жүрген шәкірті қоңырау шалды, аман-саулық сұрап.

– Ал үйде, тұрмыста қалай еді, кірпияз емес пе еді?

– Жоқ. Ештеңеге, ешқашан, не болса соған қабағын түйіп, ренжімейтін, тұрмыстық уақ шаруаларға араласпайтын. Қандай тамақ әзірлесем де, сүйсініп, мақтап отыратын. Соңғы жылдары бірде мен: – Екеуміз де жасарып бара жатқан жоқпыз, Мырзақа, сізге менімен қиын болған кездер болған жоқ па? Мен туралы тосын ойларға беріліп, ренжіген кездеріңіз, ойыңыздан шықпаған кезім болды ма? – дедім. – Жоқ, жоқ, ол не дегенің... Мен сен туралы ешқашан нашар ойлаған жоқпын. Таңертең жұмысқа шайымды, тамағымды бермей жіберген кезің болған жоқ. Мені мәпелеп бақтың, не деп ренжимін. Рақмет, саған! деп еді. Үйімізде Бисен ағай, Хамза ағай, Мұхтар ағалар сынды азаматтар жиі қонақ болатын. Бәрі қосылып ән салатын. Мырзақаң ылғи «Забота у нас простая» деп асықпай созушы еді. («Песня о тревожной молодости» әні. Е.Қ.). Комсомол кезінен жанына жаққан ән болуы керек, көбіне екеуміз қосылып айтатынбыз.

– Ағамызбен қалай танысып едіңіз?

– Бізді маған туысқан болып келетін, бірге қызмет істеген келіншек таныстырды. «Ой, қандай керемет кісі» деп сыртынан ылғи мақтайды да  отырады. «Арасында сен осылай жалғыз жүре бересің бе?» деп қояды. Бірінші жұбайым Ауған соғысының ардагері еді, қайтыс болып кетті. Ата-енеммен әлі қатысып тұрамын. Өз әкем Мырзақаңды жақсы білді. Екеуміз ол кісінің алдынан өтіп, рұқсатын алдық. Мен Волгоград облысында 1960 жылы туғанмын. Қазақстанға, елге, Оралға 1978 жылы келдім. Мырзақаң екеуміздің  жас айырмашылығымыз ешқандай білінбейтін. Балаларыммен бірден тіл табысып кетті, олар оны «папа» дейтін, ал немерелерім  де ол кісіні жақсы көріп: «ата» деді. Мырзақаң өзінің ұлы мен қызын және менің ұл-қызымды кереметтей жақсы көрді. Олар десе, шығарға жаны қалмайтын.

– Ұзақ ауырды ма?

– Жоқ, денсаулығы жақсы еді. Әрине, жасына қарай қан қысымы арасында көтеріліп кететін. Тек жас кезінен жүрегінде кінәрат болған екен. Сол ара-тұра мазалады. Бірақ көп жатқан жоқ, бір аптадан астам ауырды да қайтты...Қайтарының алдында жора-жолдастарына, комсомол кезіндегі достарына телефон соққанын білемін. Қоштасқаны болар... Әсіресе, Гурьевте сонау комсомол кездерінде бірге істеген Жәукен-Сәуия (ерлі-зайыпты), Әсия есімді достарын қатты жақсы көретін. Ылғи хабарласып,  араласып  тұрды.

– Мырзақаң түсіңізге жиі ене ме?

– Алғашында түсіме кірмей жүрді. Кейін алыста-а-н көретін болдым. Әйелдердің әдетімен «Үстінде қандай киім, таза ма екен, костюмін неге кимеді екен?» деп ойлап жатып, оянып кетемін. Ренжіп, мұңайып жүрген жоқ, қабағы ашық әйтеуір. Сірә, қырқына дейін үйін тұрғыздық  қой, соған  риза  сияқты.

Мақсот Берген, облыстық ардагерлер ұйымының  төрағасы:

– Мырзақаң өте мәдениетті адам болатын. Біреуге даусын көтеріп немесе дөрекі сөйлегенін көрген жоқпын. Жалынды шағында комсомолдың жас қайраты болған адам. Анау Гурьев обком комсомолында екінші хатшы, кейін бірінші хатшысы болып істеген. Соңғы 12 жыл бойы облыстың ардагерлер ұйымын басқарды. Марқұм өзі айтып отыратын, бұл жұмысында алғашында айлығы да, қызметке мінетін көлігі де болыпты. Кейін әкімдер ауысқанда оның бірі де болмай, қатты қиналыпты. Соған қарамастан өмірінің соңғы айларына дейін жұмыс істеді. Облыстық ұйымның тізгінін маған бергенде арқамнан қағып, жұмысыма табыс тілеп еді. Облыстың қоғамдық-саяси өмірінде қалдырған ізі жарқырап жата беретін азамат қой, Мырзағали ағамыз!

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ, журналист-ақын, 1981-1994 жылдарда «Орал өңірі» газетінде қызмет атқарды. Шығармашыл жастардың республикалық «Шабыт» фестивалінің 1983 жылғы лауреаты, ҚР Ақпарат саласының үздігі, қазір «Астана ақшамы» газетінің  қызметкері:

– Мен Мырзағали Мұхамбетов деген есімді «Орал өңірі» газетінің редакциясында жүргенде естідім. Сәл кейінірек Мырзақаң біраз жыл облыстық тіл басқармасына жетекшілік етті. Мойындау керек, орыс тілді адамның мемлекеттік тілдің жыртысын жыртады, қазақ тілінің өркендеуіне молынан атсалысады дегенге бастапқыда көп ешкім сене қойған жоқ. Дегенмен, жасынан намысқой азамат төңірегіне осы саланың нағыз мамандарын топтастырып, ана тілімен қатар өзге тілдердің де дамуына барынша жағдай жасай білді. Әсіресе, сол тұста қала көшелеріндегі көрнекі ақпараттар мен маңдайша жазулардың қазақ және орыс тілдерінде сауатты да мазмұнды жазылуына аса мән берілді.

1996 жылдың 1 ақпанынан бастап Мырзағали Мұхамбетов Қазақстан халқы кіші ассамблеясы атқарушы хатшылығының меңгерушісі болып бекітілді. Бұл қызметті бұған дейін атқарған белгілі жаушы Энгельс Ғаббасов Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланған болатын.

Кіші ассамблеяға бұл кісі бастық болып келеді деген хабарды естігенде қатты қобалжығаным рас. Өйткені ол кісімен тіл басқармасында бірге істеген журналист әріптесім Қыдырбай Ерғалиев «Ол – өте қатал адам» деп мені алдын ала үрейлендіріп қойып еді. Кіші ассамблеяның атқарушы хатшылығы бұрынғы Ленин даңғылындағы облыс­тық мәслихат кеңсесінің ішінде еді. Таңертеңгі сағат тоғызға он бес минут қалғанда Мырзақаң мені өзіне шақырды.

– Сенің өмірбаяныңмен  танысып шықтым. Журналист екенсің. Бізге енді сендей адам керек. Жұмысымызды бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетуіміз қажет.   Мен тәртіпті жақсы көремін. Бірден айтайын, жұмыс уақытында ішімдік ішіп, тапсырылған іске салдыр-салақ қарайтын болсаң, келісе алмаймыз. Онда маған ренжімейтін боласың, – деді. Мен «жақсы, жақсы» деп басымды изей бердім. «Бар онда жұмысқа кіріс» деді Мырзақаң.

Біздің жұмысымыз негізінен қаладағы ұлттық мәдени орталықтармен тығыз байланысты еді. Ол кезде қалада Батыс Қазақстан кіші ассамблеясының құрамына кіретін 12 ұлттық мәдени орталық болды. А. Ким, Р. Мясоутов, Д. Саратов, С. Тер-Григорян, А. Ягнинский, В. Киянский, А. Утулина, А. Погодин, тағы да басқа кіші ассамблея мүшелері Мырзақаңмен қоян-қолтық жұмыс істеді.  Расын айтсам, алғашқы айда Мырзақаңмен жұмыс істеу қиындау болды. Күніне 10-12 сағат жұмыс істейтін кездері болды. Сол кезде үнемі ол кісінің қасында жүретін едім.  Бір күні мені жұмыстың аяғында кабинетіне шақырды. Әңгімені көп созбаламай төтесінен бастады.

– Шыныңды айт, сен қиналып жүрген жоқсың ба? Бұл жұмыстың өзің көріп отырсың «барып кел, шауып келі» көп. Оның үстіне біз алғашқы уақытта жұмысымызды біраз жөнге салып алу үшін осылай көбірек жиналыс өткізіп, адамдарды үйретуіміз керек. Оны баспасөзде өзіміз көрсетпесек, ешкім бізге келіп істеп бермейді. Сондықтан ерте келеміз, кеш қайтамыз, – деді.

1996 жылы сәуір айының соңында менің әкем өмірден озды. Сонда Мырзағали Әбілқасымұлы өзі үйге келіп, көңіл айтып, «Әкеңді ауылға апарып жерлеп кел» деп бес күнге жұмыстан босатты. Облыстық газеттерге көңіл айту бергізді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласып, әкемнің сүйегін ауылға алып бару үшін «Жедел жәрдем» машинасын алып берді. Сосын мені оңаша шақырып алып, «Мен әкемнен үш жасымда қалғанмын, еміс-еміс білемін. Сен міне, атпалдай жігітсің, көп қайғыра берме» деп қолыма «Кейін берерсің, қазір саған керек болады» деп 50 000 теңге ақша ұстатты. Ол кезде ол қомақты қаржы еді.

Сөйтіп, білімді азамат, қамқор аға, білікті басшы Мырзағали Әбілқасымұлымен мен Қазақстан халқы кіші ассамблеясының атқарушы хатшылығында  үш жыл бірге қызмет істедім. Ол менің Астанаға мекенжай ауыстыратынымды естігенде қатты қуанды.

«Дұрыс, айналайын, жас жі­гіттер солай үнемі алға талпынып отыру керек. Мен сенің бұл қадамыңды қолдаймын. Басында қиындау болар. Бірақ бара-бара үйренесің. Жолың болсын!» деп ақ батасын  беріп  еді.

Сонда ол маған өзінің әкесінен үш, анасынан он бір жасында жетім қалып, балалар үйінде, кейін туған ағасының қолында тәрбиеленгенін айтып, «үнемі басыңды көтеріп жүр, көп еңбектен, көп оқы» деп ақыл-кеңесін беріп еді.

Мырзақаң Мәскеуде Жоғары комсомол мектебінде оқыған, Қоғамдық ғылымдар академиясын тәмамдады, кейін СОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін үздік бітірді. Тарих ғылымдарының канидаты деген ғылыми атағы да бар. Мықты политолог. Сөйте тұра, қазақилығы да басым еді. Мені әкем қайтқанда отбасыммен үйіне шақырып, марқұм Дина апай екеуі көңіл шай бергенін ол кісінің адамгершілігі деп түсінемін.

Соңғы рет Мырзағали Әбілқасымұлын мен Астана қаласында 2018 жылы көрдім. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде бір алқалы жиынға келіпті. Қала әкімдігінің алдында біраз әңгімелескеннен кейін «Қайда жүрсең де аман бол, інім!» деп арқамнан қағып еді. Сол біздің соңғы көрісуіміз екен. Жаның жәннатта болсын, абзал аға!

Есенжол Қыстаубаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале