27.12.2022, 9:31
Оқылды: 144

Жаныңда жүр жайсаң жан... 

Үлкен жауапкершілік жүкті абыроймен атқару да – арлы іс. Алдымен ұстаз, ғалым бола білген, онымен басшылық қызметті де қатар тізгіндеген ағаларымыздың ағалық ізгі ниеті қашанда көңіл төрінде орын алары сөзсіз. Сол ізгі жандардың бірі, әдебиетші ғалым, ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты Шайекенов Жангелді Жұмақайұлына мерейлі 65 жылдығы қарсаңында әріптестік ізгі ниетпен жақсы сөз арнауды жөн көрдім. 

IMG-20221227-WA0000

Ұстаздық та, ғалымдық та, азаматтық та, басшылық та – ардың ісі. Ол да бір жарық сәуледей өзіне қаншама бақыт, қуаныш, ізгілік құндақтайды. Осындай сыйлы ұстаздарымыздың бірі М. Өтемісов атындағы  Батыс Қазақстан университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Шайекенов Жангелді Жұмақайұлы ағамыз.

Жангелді Жұмақайұлымен таныстығыма 15 жылдан астам уақыт (2007 жылдан) болды. 2009 жылдан қазақ филологиясы кафедрасында әріптеспіз. Осы уақыт аралығында байқағаным, ағайдың мінез болмысынан қарапайымдылық, кеңдік, жайсаңдық анық байқалады.

Сәл шегініс жасасам, өзім білім алған Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің аспирантурасында оқып жүрген кезім. Ұстазым, рухани әкем бола білген Серік Мақпырұлы Орал қаласына келетін болды. Мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы. Ағайымызға демалыс күндерінде Жайықты көрсетіп, Жайық жағасында әдемі демалыс жасаған Серікқали Ғабдешұлы бастаған ұстаздар арасында Жангелді Жұмақайұлы да бар еді. Ағайымыз ол кезде кафедра меңгерушісі болса керек. Ұстазым Серік Мақпырұлы бастаған ағаларымыздың емен жарқын әңгімелерінің куәсі болғам. Сол кезде Серікқали ағайымыз шабыттана отырып, бір әңгімесін бастады. Арамыздағы диалог төмендегідей өрбіді:

- Біздің Жаңақала – жақсылар мен жайсаңдардың мекені, біздің Жаңақала жұмақ мекен ғой... Рас қой, Жангелді? (Жангелді ағай әңгімеге қосылмаған кез).

- Біздің Жымпитыдан да шыққан  жақсылар мен жайсаңдар бар ғой, ағай?

- Сіздің Жымпиты банды мен батырлардың отаны, сенсең де, сенбесең де, шындығы сол.

- Банды мен батыр да жақсы мен жайсаңға жатады ғой шындығында...

- Біздің Жалпақтал да жақсылар мен жайсаңдар мекеніне жақын, - деп Жангелді ағайымыз да қосылып, диалог осылай полилогқа айналған.

Сонымен бұл диалог Жаңақала мен Жалпақтал туралы әрі қарай жалғаса берді.Туған жер туралы әңгімеге келгенде кім-кімде де тоқтаусыз жалғаса берері сөзсіз. Жангелді ағайымыз майын тамызып айтқан сол Жалпақталда біздің мерейтой иесі дүниеге келген.

Орта мектепті аяқтап, А.С. Пушкин атындағы Педагогикалық институтқа оқуға түскен Жангелді Жұмақайұлы  1987 жылы  «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітіреді. Білім алған жылдарында институттың намысын қорғап, республикалық білім бәйгесіне қатысып, студенттер арасында өтетін республикалық олимпиадада жеңімпаздар қатарында болған жастардың бірі.  Өзі білім алған институтта, бүгінде

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде абыройлы еңбек етуде. Зейнет жасында болғанымен, ардагер ұстаз санатында емес, әлі де білім беру майданының жауынгері.

F730FD6F-00B5-4322-87B9-6535B0F8EADF

Ғылыми ізденіс нәтижесінде Жангелді Жұмақайұлы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы диссертациялық кеңесте әдебиетші ғалым, ф.ғ.д., профессор Жанғара Дәдебаевтың жетекшілігімен Әбу Сәрсенбаевтың шығармашылығына қатысты диссертациясын қорғап, филология ғылымдарының кандидаты атанады. Ғалым, ұстаз бола жүріп, басшылық қызметтерді де абыроймен атқарды. Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, факультет деаканы да болды. 2009 жылы менің алғашқы оқу жылымда ағай факультет деканы болды. Мінезі жұмсақ, бағаға жомарт болатын. Ол кезде ағай екеуміз бұл жағынан қарама-қарсы едік, өзі де үнемі  қалжыңдап, осылай айтып жүретін, бірақ қарсы келген тұстарымыз жоқ деп анық айта алам. Үнемі қолдап отыратын, жетістікке жетсең, қуанатын. Декан болған уақыттарда оқытушыларды тексеру қарқынды жүретін. Сол уақыттарда ағайымыз жұмысқа ерте кеп, сабағы жоқ болса да, үнемі аудиториядан табылады. «Сабаққа кешігіп, «қарғысқа» ұшырамай, Рита секілді қыркүйекті алғыстан бастау керек» деп айтатыны есімде.

Ағайдың тағы бір қыры, бүгінде көп айтыла бермейтін әдебиет өкілдерінің шығармаларын үнемі мысал ғып жатқа айтып жүреді. Қасым Аманжолов, Тайыр Жароков, Ғафу Қайырбеков, Дихан Әбілов, Қалижан Бекхожин, Жұмағали Саин, Сырбай Мәуленов, Ғали Ормановтардың шығармаларынан үзінділерді жатқа айтып жүретіндігі.

Ал Әбу Сәрсенбаевқа қатысты әңгіме бір төбе. Себебі ақын Әбу шығармашылығы – ағайдың зерттеу тақырыбы. Әбу Сәрсенбаев лирикасы,  ондағы табиғат көріністері,  ақын өлеңдерінің композициялық құрылымы,  ақын лирикасындағы бейнелелік нақыштары, Әбу Сәрсенбаев прозасының тарихилығы, шығармаларының стильдік ерекшелігі,  жанрлық-тақырыптық болмысы, ақын өлеңдеріндегі ұрпақ тәрбиесі,  ақын поэзиясындағы халықтар достығы  тақырыптарында жалғаса береді. Осы бағыттағы ізденістері «Әбу Сәрсенбаев лирикасы» деген атаумен монография боп жарық көрді.

Осы уақытқа дейін қарап отырсам, Жангелді Жұмақайұлы әдебиеттің барлық кезеңдерінен сабақ берген екен. Берілген пәндерді талғамай алуына қарап, ағайымыздың жаймен жүріп-ақ, қай кезең әдебиетіне болсын, дайындықпен жүретінін анық байауға болады.

«Нағыз адамның белгісі – кісілік» деген екен шығыс ғұламасы Жүсіп Баласағұн. Кісілік пен кішілік қасиетінің қатар жүретіні заңды. Жангелді  Жұмақайұлы кісілік келбетін келістіріп, кішілікті де танытып келе жатқан ағалардың бірі бола білді. Мерейлі жас қарсаңында ағайымызға отбасыңыз аман, ұл-қызыңыздың жақсылығын көре беріңіз деген тілектеміз.

Әр адамның басты парызы еліне қызмет ету болса, Жангелді Жұмақайұлындай өзі қызмет етіп келе жатқан Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің филолог студенттері мен шәкірттеріне  әдебиет дегеннің ардың ісі екендігін ұғындыру міндетін орындап келе жатқан ғалым, ұстаздың тұлғасын қашанда құрметтейміз. Жақсы адамдар алыста емес. Сыйлай білгенге, жаныңда жүр жайсаң жан...

Рита Сұлтанғалиева, 

М. Өтемісов атындағы БҚУ қауымдастырылған профессоры, 

филология ғылымдарының кандидаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале