10.12.2021, 17:40
Оқылды: 149

Жанып жатқан автобуста балалар болған: куәгерлер оқиғаның мән-жайын айтты

Ақтауда салонында балалар отырған автобус өртенді. Оқиғаның мән-жайын оқиға куәгерлері айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

10

Оқиға 9 желтоқсанда сағат 17.30 шамасында болған. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, сағат 17.43-те өрт толық сөндірілген. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті.

Оқиға куәгері Русланның айтуынша, Приморский ауданы тұсынан өтіп бара жатқанда түтін шығып жатқан автобусты көріп, бірден соған қарай жүгірген.

"Автобусқа қарай жүгіргенімде, капоттың алдыңғы жағы өртеніп жатты. Көлікте балалар болды. Қанша екенін нақты айта алмаймын, бірақ автобустың артында бала толып отырды. Адамдар жүгіріп келіп, балаларды шығаруға көмектесті. Балаларды бір-бірімізге беріп тұрдық. Олар қорқып қалды. Соңғы баланы шығарғанда автобус түгел отқа оранды", - деді төтенше жағдай куәгері Руслан.

Екінші куәгер де өртенген автобуста балалар болғанын айтты.

"30-ға жуық бала болды, оларды тез арада басқа автобусқа отырғызып, алып кетті. Содан кейін ата-аналар келіп жылап, айқай-шу басталып кетті. Олар балаларын басқа автобусқа отырғызғанын білмеген шығар", - деді екінші куәгер.

Автобуста жолаушылар, оның ішінде балалар қайтыс болғаны туралы ақпарат Instagram желісіндегі Ақтау-парақшасында жоққа шығарылды.

"ПАЗ-320530 маркалы жолаушы автобусы жол бойында толық жанып кетті, өртсөндірушілер келген кезде автобуста жолаушылар болған жоқ. Зардап шеккендер жоқ. Өрт 17:43-те сөндірілген. Оның себебі анықталып жатыр", - делінген хабарламада.

Lada басылымының редакциясы өртенген автобус мектепке тиесілі ме, жоқ па деген сұраққа жауап күтіп отыр.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале