Жуырда «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің 70 жылдық мерейтойы мен халықаралық би күніне арналған гастрольдік сапары аясында брифинг өтті. Бұл іс-шараға аталмыш өнер ұжымының директоры, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Елубай Кенжалиев пен ансамбльдің көркемдік жетекшісі Қуанышбек Төлеген қатысты.

Хореография мәдениетінің бай мұрасын ұрпақтан ұрпаққа дәріптеп келе жатқан бірегей би ұжымының құрылғанына биыл 70 жыл толды. Осыған орай «Би керуені» жобасы аясында ансамбль еліміздің өлке-өңірлерін гастрольдік сапармен аралауда. Сонымен қатар концерттік бағдарламасы мен шеберлік сағатын ұсынды.
– «Атамекен» өнер ордасының би залында «Салтанат» мемлекеттік би ансам-блінің көркемдік жетекшісі Қуанышбек Төлеген мен балетмейстер Талғат Ахметовтің қатысуымен шеберлік сағаты өтті. «Қазіргі заманғы қазақ биі» және «Би ансамбльдерінің концерттік бағдарламаларының құрылымы» тақырыбында теориялық және практикалық дәрістер ұйымдастырылды. Оған Орал қаласы мен аудан орталықтарынан 40-тан аса би жетекшісі қатысып, оларға арнайы сертификаттар табысталды. Шеберлік сағатының мақсаты – хореографтарды, би өнерінің мамандарын және жас өнерпаздарды жинап, өзара тәжірибе алмасуға жағдай жасап, мүмкіндік туғызу еді. Сонымен қатар хореографтарды даярлайтын оқу орталығы мамандарымен байланыс орнату. Би қойылымдарының қыр-сырын меңгеру арқылы аймақтар мен үлкен өнер ұжымдары байланысын нығайтады. Бұл бастама – ұлттық би өнерін насихаттап, талантты жастарды қолдауға арналған сәтті жобалардың бірі.
Тағы да толықтыра кетсем, «Атамекен» өнер ордасында ансамбльдің 70 жылдығы мен халықаралық би күнінде «Ел салтанаты» концерті өтті. Сонымен қатар Бәйтерек ауданына қарасты Дариян ауылының мәдениет үйінде де әсерлі өнерлі кеші өтті. Кеш бағдарламасында қазақтың ұлттық биімен қоса, орыс, ұйғыр, татар, кәріс, қытай, өзбек, тәжік, моңғол, тағы да басқа ұлт-ұлыстардың билері сахналанды. Әр халықтың мәдениеті мен салт-дәстүрінің көркем бейнесі көрермен назарына ұсынылды.
Қазіргі таңда ансамбльде 70-тен аса балет әртістері еңбек етеді. «Салтанаттың» репертуарында байырғы қазақ жерін мекендеген этностардың көптеген билері мен әлемнің әр қиырын мекендеген көптеген ұлтұлыстың 160-тан астам би қойылымдары бар. «Салтанат» – дүние жүзіне кеңінен танымал өнер ұжымы.
Біздің ансамбль тек соңғы жылдар бедерінде Қытай, АҚШ, Франция, Үндістан, Түркия, Бельгия, Египет, Финляндия, Италия, Оңтүстік Корея сияқты көптеген мемлекетте жоғары деңгейде өнер көрсетіп келді, – деді «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің директоры Елубай Кенжалиев.
– Ел тарихында ерекше орны бар іс-шараларға ансамбль әрдайым белсенді қатысып келеді. Атап айтсам, Астана қаласындағы 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына атсалысты. Бүгінгі таңда «Салтанат» ұлттық хореография мәдениетінің бай мұрасын әрі әлемдік хореографияның озық үлгілерін насихаттай алатын Қазақстандағы жалғыз кәсіби би ансамблі, – деді осы өнер ұжымының көркемдік жетекшісі Қуанышбек Төлеген.
Гүлфия Азаматқызы,
«Орал өңірі»