Жазғы кезеңдегі балалардың қауіпсіздігі туралы ӨКҚ алаңында баспасөз конференциясы өтті. Брифингке облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Афиза Семғалиева, бала құқығы жөніндегі уәкіл Шаттық Өтебалиева және облыстық ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Олжас Ибрайымов қатысты.

Жаз мезгілі – балалар үшін демалыс, саяхат, достармен араласу және белсенді уақыт өткізудің кезеңі. Дәл осы уақытта түрлі жағдайға байланысты қауіп-қатер де артады.
– Баланың заңды өкілі бала қауіпсіздігіне назар аударып, кіммен араласатынын, қайда жүргенін және немен айналысатынын бақылауда ұстау керек. Сондай-ақ қауіпсіздік ережесін үнемі еске салып отыру – басты міндет. Егер балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қатысты сұрақтар туындаса, балалардың құқықтарын қорғау басқармасына, сондай-ақ 111 бірыңғай байланыс орталығына немесе 7420 сенім телефонына хабарласуға болады, – деді облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Афиза Семғалиева.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Шаттық Өтебалиева балалармен жол қозғалысы ережелері, аулада, су айдындарында және табиғатта қауіпсіздік қағидалары туралы тұрақты түрде әңгімелесудің маңыздылығын атап өтті.
– Балалар жолдан тек белгіленген жаяу жүргіншілер арқылы өтіп, қауіпсіз екеніне көз жеткізуі тиіс. Велосипед, самокат және роликпен жүргенде жолдан өтер алдында түсіп, сақтық іс-шараларын орындауы керек. Сонымен қатар үйдегі терезелерге қорғаныс құрылғыларын орнатып, баланың құлау қаупіне жол бермеу керек. Қауіпті және химиялық заттарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау маңызды, – деді Шаттық Саматқызы.
Облыста кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында жұмыс жалғасуда. Биылғы жылдың алғашқы бес айының қорытындысында жасөспірімдер жасаған қылмыс саны 17,9%-ға төмендеп, 39-дан 32-ге азайды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыс саны 5,8%-ға қысқарып, 86-дан 81-ге төмендеді.
– 19-25 мамыр аралығында өңірде 86 мектеп аутобусы тексеріліп, Орал қаласы, Казталов және Сырым аудандарында техникалық талаптарға сәйкес келмейтін үш аутобус анықталды. Анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нұсқамалар беріліп, олар жойылғаннан кейін көліктер қайта тексеріледі. Балаларды тасымалдайтын көліктердің техникалық жағдайы тұрақты бақылауда. Жыл басынан бері балаларды тасымалдау кезінде патрульдік полицияның 551 сүйемелдеуі жүзеге асты. Құқықбұзушылықтың алдын алуда 25 мамыр мен 1 маусым аралығында «Демалыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Нәтижесінде 394 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, оның 335-і немесе 85%-ы кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүруіне байланысты тіркелген. Сонымен қатар жазғы лагерь қызметкерлері соттылығының болуы, әкімшілік жауапкершілікке тартылуы және наркологиялық, психиатриялық есепте тұруы бойынша тексерілді. Нәтижесінде қылмыстық жауапкершілікке тартылған сегіз адам мен әкімшілік жауапкершілікке тартылған бес адам анықталып, тиісті шаралар қабылдау үшін мәліметтер облыстық білім басқармасына жолданды, – деді облыстық ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Олжас Ибрайымов.
Гүлфия Азаматқызы,
«Орал өңірі»