5.09.2022, 9:00
Оқылды: 57

Жастарды жігерлендірді

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының ғимаратында «Жастарға мүмкіндік» тақырыбында кездесу өтті.

30abe93a-e634-4979-b428-f2b65f6cd6db

«Жастарды әлеуметтендіру және оңалту» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл жиынның спикерлері «Адырна» ҰЭБ» қоғамдық қорының президенті Арман Әубәкір мен өңірімізге белгілі кәсіпкер Айнагүл Борисқызы болды. Олар еңбекке енді араласа бастаған кездерінен бастап әңгімелеп, тәжірибе жинау барысындағы қызықты һәм қиын сәттерін баяндады.

– Аталған жобаның мақсаты – қоғамдағы белсенділігі төмен жастарды ортаға тартып, мемлекеттік бағдарламалардың пайдасын түсіндіру. Мәселен, жұмыспен қамту орталықтарында «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» деген бағдарламалар бар. Осындай мүмкіндіктерді жастар арасында кеңінен насихаттап жүрміз. Себебі жалынды жастарды жігерлендіру керек. Осы бағытта мамыр айынан бастап Нұр-Сұлтан қаласы және Қазақстанның барлық аймағын аралап, іс-шаралар ұйымдастырып келеміз, – деді Арман Серікұлы.

Сонымен қатар спикерлер студенттерге белгілі бір шыңға шығу үшін кітап оқуды, түрлі армандары мен жаңаша идеяларын қағазға түсіруді әдетке айналдыру керек екенін жеткізді. Құр кеңес берумен шектелмей, кәсіппен айналысамын деген жастарға бағыт-бағдар беріп, жеке жұмыстана алатынын айтты.

– Мен халыққа қызмет көрсету орталығының АХАЖ бөлімінде жеті жылға жуық қызмет атқардым. Себебі таңдаған мамандығым заңгер болғандықтан, соған байланысты жұмыс істеуіме тура келді. Өмірде түрлі кезеңдерден өтетініміз белгілі. Адамның ішкі жан дүниесі қай саланы немесе қандай кәсіпті қаласа, сол жаққа бүйрегі бұрып тұрады екен. «JANAT» кеңсе дүкені жайлы айтар болсам, алғашында бұл кәсіпті өзімнің туған бауырым бастаған болатын. Кейін отбасымызбен қолға алып, дамытуды жөн көрдік. Қазіргі таңда «JANAT» жарнама-өндірістік орталығы мен компьютер жөндеу орталығын ашып, бірталай жұмыстарды атқарып жүрміз, – деді өз кезегінде Айнагүл Борисқызы.

Кездесудің тізгінін ұстаған Орал қалалық ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі  ресурстық орталығының басшысы Дулат  Жүсіпқалиев «Кәсіпті қандай көлемдегі қаражатпен бастадыңдар? Жастарға  қалай бастаған тиімді?» деген сауалын ортаға тастады.

– Сөз басында айтқандай, бұл кәсіпті інім бастаған еді.

Фотоаппаратпен жұмыс істеуге икемі бар ол өзіне сенімді болды. Сондықтан жүз мың теңгемен кәсібін ашуға бекінді. Барынша қолдап, көмектесіп жүрдік. Сол дүкен бүгінде шағын маркетке айналып, халыққа, әсіресе студенттерге заманауи деңгейде сапалы қызмет көрсетуде. Сондықтан да ең әуелі қабілетіңді танып, тәуекелге бел бусаң ғана әр ісіңнен оң нәтиже көресің, – деді кәсіпкер.

Жиналған жастар түрлі бағыттағы сұрақтарын қойып, ойларымен бөлісті. Бір сағаттан астам уақытқа созылған жиында орынды пікірлер мен ерекше ұсыныстар айтылды. Кездесу соңында кеш қонақтары айтылған ұсыныстар жөнінде меморандумға қол қойды.

Аманжол Рахымжанұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале