10.10.2022, 10:46
Оқылды: 75

Жатақханаларды жөндеуге қаражат жетпейді

Сейсенбі күні отбасы және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі  облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиында қоғамдық кеңес өкілдері аула клубтарының жұмысы, мектеп жанындағы жатақханалардың материалдық жағдайы, инклюзивті білім беру мәселесінде кездесетін кедергілер, республикалық жұмыс тобының ескертпелерінен кейін жасалған жұмыс нәтижелері талқыға салынды.

zhatakhana-1 (1)

Фото дереккөзі: aikyn.kz

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиевтің айтуынша, қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты  11 аула клубы, 8 комьюнити-орталығы бар. Бірлестік құрамында штаттық кестеге сәйкес 158 қызметкер жұмыс істейді. Бүгінде балалар аула клубтарындағы 84 үйірмеге 1940 бала қатысады. Әр бөлімде бір меңгеруші, үш үйірме жетекшісі қызмет атқарады. Балалар аула клубтарында қолөнер, вокал, би, аспапта орындау және әр түрлі спорттық үйірмелер жұмыс істейді. Соңғы үш жыл ішінде музыкалық театр, журналистика, көңілді тапқырлар алаңы, жас ақындар және ат спортына баулу, қамшы өру үйірмелері ашылған. Бекітілген кесте бойынша, мектеп жасындағы балалар оқудан тыс бос уақыттарында үйірмелерге, белсенді түрде қатысады.

–  №44 орта мектеп аумағында орналасқан «Ақжелкен» аула клубының ғимара­ты апатты жағдайда. Аула клубы оның құрылымдық бөлімшелерінің бірі болғандықтан, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі оны  жөндеп алғылары келеді. Бірақ клуб ғимараты облыстық  білім басқармасының теңгерімінде болғандықтан, жөндеуге әзірге мүмкіндік жоқ, – деп атап өтті аталмыш кеңес төрайымы Ляна Тұрсынова.

Өңірде балаларға арналған мектеп жанындағы 54 интернат жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың сәуір айында  «AMANAT» партиялық бақылау комитеті 14 мектеп жанындағы интернаттың жағдайына қатысты бірқатар ескерту берген. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Базарғалиева ескертулерді түзету бойынша жұмыс жүргізілгені туралы айтып өтті.

– Атап айтқанда, мектеп жанындағы бірқатар жатақханаға 9 285,8 мың теңгеге ас үй жиһазы, ыдыс-аяқ, матрастар сатып алынып, 10 280,0 мың теңгеге су мен кәріз желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізілді. Облыстың барлық интернаттық ұйымының (54 мектеп жанындағы интернат) материалдық техникалық базасын жаңарту үшін БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына бюджетті нақтылауға 411,9 млн теңге бөлуге бюджеттік өтінім берілді. Қазіргі күні  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 80 млн тг қаражат бөлініп, Бөкей ордасы ауданы Жәңгір хан орта мектебі жанындағы интернатына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде, – дейді Зәуре Ғұмарқызы.

Өңірде  ерекше білім беруге қажеттілігі бар 6265 бала  психологиялық-дәрігерлік-педагогикалық кеңес беру (ПДПК) мекемесінің  есебінде тұр. Оның ішінде 1579 бала мүгедек санатына жатады.

4304 бала инклюзивті біліммен қамтылды. Даму мүмкіндігі шектеулі балаларды анықтау және олардың білім алуына жағдай жасау мақсатында облысымызда үш психологиялық-дәрігерлік-педагогикалық кеңес беру мекемесі жұмыс істейді. 2023 жылы  бір  ПДПК ашу жоспарлануда. Сондай-ақ  облыстың әр ауданында және Орал қаласында 13 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде арнайы  педагогтер 465 балаға түзету-дамыту көмегін көрсетеді. Оның ішінде 105 мүгедек балаға оңалту іс-шаралары жүргізіледі. Өңіріміздегі арнайы үш түзету мектептерінде  563 оқушы білім алып жүр.  102 логопедиялық бөлімше тіл мүкістігі бар 2143 оқушыны қамтиды.

Облыс бойынша психологиялық-дәрігерлік-педагогикалық кеңес беру мекемесінде 330 аутист бала есепте тұр, оның  127-сі мүгедек бала санатына жатады.   2022 жылы облыста аутизмі (аутистикалық спектрдегі бұзылыстары) бар балаларды қолдау орталығы (autism-орталығы) ашылып, жұмыстануда.

– Өткен жылы облысымызға республикалық жұмыс тобы келіп, облыстағы аула клубтары, мектеп жанындағы жатақханалар, инклюзивті білім беруге қатысты бірқатар кемшілікті байқап, ескерту берді. Бірақ олар негізінен күрделі және ағымдағы жөндеуге қатысты болды. Өкінішке қарай, аталған саладағы нысандарға  күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу – елеулі мәселенің бірі. Бөкей ордасы ауданындағы жатақханаға жүргізілген тамаша жұмыс үлгісін басқа аудандар да ескерсе деймін. Бүгінде біз, партияның облыстық филиалы қоғамдық кеңесінің мүшелері, осы бағытта жөндеу жұмысына бюджеттен қаржы бөлу мәселесін өткір қойып отырмыз, – деп жиынды түйіндеді отбасы және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі облыстық қоғамдық кеңестің төрайымы Ляна Тұрсынова.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале