16.05.2023, 9:45
Оқылды: 41

Жау жерінде азапқа, өз елінде тозаққа түскен азамат

Кішкене кезімізден қолымыздан кітап түспей, өлең-жырға әуестіктен бе, әлде жаңалыққа  құштарлықтан ба, үйімізге газет-журнал жеткенінше тағат таппай, кейде пошта үйіне жүгіріп  барып, тиесілі басылымдарды қолтығымызға қысып алып, үйге қарай құстай ұшатынбыз. Поштада  үй-үйдің хат-хабарын, жаңалық-жаршыларын тап-тұйнақтай етіп  түгендеп, ұзын бойлы, қара торы  егделеу ер адам отырады. Бала да болсақ санамызға «Осы  кісі басқа жұмыс неге істемейді екен?»  деген сауал келеді. Оның сырын ер жетіп, есімізді жия бастаған соң біле бастадық емес пе?

79117816-4b86-475a-957a-80acc1b9c6f8

Иә, Мұқыр ауылының байырғы тұрғыны Төлеген ағамыздың сол кезде қынапсыз қылыштай қырықтың ішіндегі қылшылдап тұрған шағы  екен  ғой.

Негізі, осы өңірдің боздақтары қан-қасап майданға 1942 жылдың қаңтар айында аттанған сыңайлы. Енді нақты деректерге жүгінсек. Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық архивіндегі 8 342 қор, 5 939 тізбе, 11 ісінің 373-ші парағы былайша сыр шертеді. Онда Төлеген ағамыздың туған жері, дүниеге келген күні тізбектеліп жазылады да, әскерге Жаңақала аудандық комиссариаты арқылы 1942 жылы 15 қаңтарда алынғаны, 59-запастағы атқыштар полкінің қоныстандыру пунктіне жеткізілгені, 1942 жылы 10 ақпанда әскери бөлімге келгені, 1942 жылы 11 наурызда №272 командамен Оңтүстік майдан шебіне жіберілгені тәптіштеліп айтылады.

Ресей Федерациясының Мемлекеттік архивінің Р. 9526-шы қоры, 6 тізбесі, 1203-ші ісі 42 парағында деректерде Төлеген ағамыздың 1942 жылы шілде айында тұтқынға түсіп, 1945 жылы 5 мамырда босатылып, 1945 жылы 27 мамырда запастағы полкке қызметке жіберілгені айтылады. Сол құжатта зайыбының есімі, тұрғылықты жерінің №13 ауылдық  кеңесі, Молатов колхозы  екені  де  көрсетілген. Ал сол екі-үш жылдың жерлесіміз үшін мамыражай, жаймашуақ күндер болмағаны әрине, әмбеге аян. Оңтүстік майдан шебінде ұрысқа қатысқан майдангерлер құрамасы 1942 жылы тегеурінді жау қоршауында қалады. Командирлері жауынгерлерді тастап кеткен соң, бес күн бойы өз беттерінше ұрысқан кеңес жауынгерлері еріксіз тұтқынға берілуге мәжбүр болады. Олардың арасында қатардағы жауынгер Төлеген Бисембиев  те  бар  еді.

Құжатта жерлесіміз Албания, Югославия елдерінде тұтқында болды делінгенімен, немістер соғыс тұтқындарын лагерьлерде мұсылмандар, христиандар тобына бөліп, оларды бір жерде тұрақтатпай, лагерьлерге ауыстырып отырған. Осылайша Төлеген Күрек облысының Старый Оскол, Австрияның Айзенштейн, Югославияның Белград, Сараев, Албанияның Скутарый Загреб, Польшаның Зеленке, Германияның Дрезден қалаларындағы азап лагерьлерінде небір қиямет-қайым, қапасты күндерді басынан өткізген. Осындай тозақ отынан өткен жерлесіміз 1945 жылдың 25 сәуірінде Югославия партизандары жағына шығып, жоғарыдағы құжатта айтылғандай, 1945 жылдың 5 мамырында босатылды. Неміс-фашист басқыншылары өз ордасында талқандалғаннан кейін елге оралып, бейбіт өмірге араласқан Төлеген ағамыздың басына мұнда да  қара  бұлт   үйіріле   бастады.

Ұлы Жеңістің шапағатымен бейбіт өмірдің шеруіне араласа бастаған Төлеген ағамызды «Саяси сенімсіз»  деген желеумен 1949 жылы  6 маусымда қамауға алып, оңтүстік Орал әскери округінің әскери трибунасының үкімімен РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 1-тармағымен 1949 жылы 8 тамызда 25 жылға соттап жіберді. Сөйтіп, жалындаған жиырма жасында жау шоғына күйген жерлесіміз, орда бұзар отызында өз  Отанының  отына  жанды.

«Ақтың оты өшпейді»  дейді халық даналығы. Ақыры Төлеген ағамыз КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1955 жылғы 17 қыркүйектегі Жарлығымен ісінде ешқандай қылмыстық әрекет болмағандықтан, ақталып шықты. Иә, бұл айтар ауызға оңай. Бәрі өтті-кетті дегенмен, жаздай жайдары жастығын, балбырап өткізер бақытты шақтарын, тепсе темір үзер күш-қайратын, сықырлаған аяздарда, шіліңгір шілделерде сыр бермейтін денсаулығын кім қайтарар?! Төлеген ағамыз бейбіт күндерде де бай-қуатты ғұмыр кешті. Жұбайы Бәтима апамызбен бірге төрт ұл, екі қызын адам асылы етіп өсірді. Құрылыста, байланыс бөлімшесінде еңбек етті. Әйтсе де, жау жерінде көрген азап, өз елінде тартқан тозақ денсаулығына дерт болып жабысты. 1974 жы-лы бар болғаны 56 жасында бақилық  болды.

Қазір саяси қуғын-сүргінге ұшыраған жандарға қойылған ескерткіш тақтада жазықсыз жапа шеккен Төлеген  Бисембиевтің  де  бейнесі тұр.

Закария  Сисенғали,

Қазақстан  Жазушылар  және Журналистер  одағының  мүшесі

Автордан: материалды жинақтауға ерекше үлес қосып, мұрағаттық құжаттармен көмектескен Орал қаласындағы М. Мәметова мемориалдық мұражайының директоры Ахмедияр Батырхановқа алғыс  айтамын.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале