26.03.2021, 17:16
Оқылды: 344

Желі жаңғыртудың жаңа көкжиегі

Биылғы қаңтар айының соңында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Батыс Қазақстан облысын электрмен жабдықтаудағы кемшіліктерге тоқталып, өңір басшысына аталған түйткілдің шешілу жолын қарастыруды тапсырды.

 э1

Жиында облыстағы 20 мың шақырымнан асатын электр желілерінің 80 пайызы тозғандығы, соның салдарынан өткен жылы облыс орталығы мен аудан-ауылдарда 182 рет электр қуаты үзілгендігі де айтылған-ды.

Өңір басшысы өз кезегінде аталған мәселені шешу үшін тиісті іс-шаралардың алынатындығын мәлімдеген болатын.

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен қала және аудандардағы электр желілерін жаңғырту бағдарламасының 2021-2025 жылдарға арналған жобасы талқыланды.

«Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ кеңсесінде өткен жиынға аталған салаға жауапты мекемелердің басшылары мен ардагерлері қатысты.

э2

- Облыстағы электр желілерінің қазіргі жағдайы баршамызға жақсы таныс. Желілердің тозуынан қатты жел кезінде немесе қысқы қырау уақытында электр бағандары құлап, сымдары үзіліп, салдарынан аудан-ауылдардағы тұрғындар жарықсыз қалуда. Осындай келеңсіздікке тап болған халықтың шағымдануы да орынды. Бүгінгі таңда «БҚЭЖТК» АҚ-ны коммуналдық меншікке беру жұмыстары жүргізілуде. Егер компания коммуналдық меншікке өтсе,  облыстық бюджет есебінен де қолдаулар болары анық. Осыдан біраз уақыт бұрын аталған мекеме төрағасына тозығы жеткен электр желілерін жаңартуға қажетті қаражатты есептеп, нақты ұсыныстар дайындау туралы тапсырма берген едік. Бүгін дайындалған жобамен танысып, талқылау үшін жиналып отырмыз. Аталған жобаға қатысты ұсыныс-пікірлеріңізді айта отырыңыздар, - деді Ғали Есқалиев.

э3

Мұнан соң «БҚЭЖТК» АҚ басқарма төрағасы Алхат Абзалилов бес жылға есептелген жаңа жобамен таныстырды.

- 2006 жылы «Казсельэнергопроект» институтымен бірлесіп өңірдегі тозығы жеткен желілерді жаңғырту жобасы жасақталған болатын. Жалпы құны 69,2 млрд теңгені құрайтын жобаның аясында 2010-2015 жылдар аралығында бірқатар істер атқарылды. Жасалған жұмыстарға қарамастан, біздің облыстағы электр желілерінің тозу көрсеткіші төмендемей тұр. Соның салдарынан тұрғындарды электр жарығымен үздіксіз қамтамасыз етуде көптеген қиындық туындауда. Осы мәселені шешу үшін бес жыл ішінде кезең-кезеңмен жүзеге асатын жоба жасақтадық. Бұл жобаға кернеуі 0,4-10 кВ электр желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту, оның ішінде 10/0,4 кВ трансформаторлық қосалқы стансаларды және арнайы техника паркін жаңарту қарастырылған. Бүгінде серіктестік теңгерімінде 20 305 шақырымды құрайтын электр желілері, кернеуі 35 кВ және одан жоғары 152 дана қосалқы стансалар, 2988 дана ТП 6-35/0,4 кВ трансформаторлық подстансалар бар. Бұлардың барлығының тозу көрсеткіші 82%-ды құрап отыр. Бес жылдық жоспарды кезең-кезеңмен жүзеге асыру үшін әр түрлі қаржыландыру көздерінен 22 350,00 млн теңге қаражат қажет болмақ. Егер аталған жоба сәтті жүзеге асса, электр желілерінің тозу деңгейі 24-25 пайызға төмендейді, - деді А.Абзалилов.

э4

Басқарма төрағасы ұсынған жобада биылғы жылы Сырым, Тасқала, Бәйтерек  аудандарындағы, ал келер жылы Казталов, Теректі аудандарындағы электр желілерін жаңғырту жоспарланған. Ал 2023 жылы Қаратөбе, Шыңғырлау, Бөрлі, 2024 жылы Ақжайық, Жаңақала, 2025 жылы Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарындағы желілерді кезекпен жаңғырту жоспарға енген.

Сондай-ақ Орал қаласындағы тозығы жеткен желілерді алмастыру белгіленген кесте бойынша жыл сайын біртіндеп қолға алынбақ.

Сонымен қатар ұсынылған жобада «Жаңақала – Мәстексай», «Казталов – Жәнібек – Сайқын», «ГТС 200 Белес – Ақжайық шағынауданы» бағытына жаңадан әуе желісін тарту жұмыстары қарастырылған.

Мамандардың айтуынша, қатты жел мен мұздақтың салдарынан электр сымдарының үзілуі, бағаналардың құлауы көбіне солтүстік аудандарда орын алуда. Әсіресе, Бәйтерек, Тасқала, Теректі, Сырым аудандарының халқы соңғы кезде жиі жарықсыз қалуда. Желі жаңғырту жұмыстары, ең алдымен, халық көп шоғырланған ауылдарда жүргізілмек. Жалпы, аудан-ауылдардан қашық орналасқан елді мекендердегі электр желілерін толықтай жаңарту үшін 80-90 млрд теңге қаражат керек екен.

- Осы басқосуды пайдаланып, күнделікті жұмыс барысында кездесетін қиындықтарға да тоқталсам деп едім. Халықты тұрақты түрде электр энергиясы мен қамту мақсатында уақытпен санаспай, жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақылары өте төмен. Өткен жылғы орташа жалақы 87 мың теңгені құрады. Сол себепті мамандардың тұрақтамауы байқалады. Сонымен қатар олардың кеңселері мен арнайы техникалары әбден тозған. Мекеме-кәсіпорындардың пайдаланған электр энергиясы үшін де берешегі көп, - деді А.Абзалилов.

э5

Басқосуда сөз алған Сырым, Бәйтерек, Тасқала аудандық электр тарату желілерінің басшысы аталған жобаның басшылықпен келісіп жасалғандығын және бұл ұсыныстарды толық қолдайтындықтарын айтты.

э6

- Қаңтар айында өткен Үкіметтің кеңейтілген  отырысында Президент біздің алдымызға екі мәселе қойды. Оның бірі өңірдегі жол салу жұмысы болса, екіншісі, осы электр желілерінің тозуы болатын. Бұл жобаға кететін шығынды барынша азайтуымыз керек. Қағаз жүзінде тозығы жеткен желі де, трансформатор да көп шығар. Бірақ қайтадан сараптап, іс жүзінде тоза қоймаған құрылғыларды кәдеге жаратуымыз керек. Бұл жұмыстарға мемлекеттік бюджет есебінен қомақты қаржы бөлінбек. Сол себепті әр атқарылған жұмыс қатаң бақылауда болуы тиіс. Сондай-ақ қажетті құрылғылар мен құрылыс материалдары жергілікті өнім өндірушілерден алынуы керек. Тағы бір айтарым, жобаны бес жылға емес, үш жылға жоспарлау қажет. 2021 жылдың да үш айы өтіп кетті. Құжаттамасы аяқталып, қаражат бөлінгенше де біраз уақыт өтеді. Жобаның бірінші жылы, екінші және үшінші жылы атқарылар жұмыстарды нақтылауды тапсырамын. Сонымен қатар мемлекет тарапынан ұсынылатын бағдарламалар мен жеңілдіктерді толыққанды пайдаланған жөн. «Казталов – Жәнібек – Сайқын» аудандарына жаңадан желі тарту құптарлық іс. Бұл аудандар бүгінде электр энергиясын қымбат бағаға Ресейден алып отыр. Ал мына жоба сәтті жүзеге асса, көршілес елге деген тәуелділіктен құтылып, облыстағы желілердің тозу көрсеткіші 60%-дың шамасына төмендер еді. Жалпы, жобада айтылған ұсыныстарды толықтай қолдаймыз. Бүгінгі бірінші талқылауда айтылған ұсыныс-пікірлерді қайта қарап шығу керек, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

 

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале