24.05.2022, 9:45
Оқылды: 644

Жеңіл аутонесие алу

Мамыр айының ортасында ел азаматтары жеңілдетілген аутонесиемен көлік алуға мүмкіндік алды. Утильалымды төмендетуді талап еткен ағайынның айқайынан соң, Үкімет нақты жұмыс атқарып, жеңілдетілген аутонесие жобасын қайта бастауды ұйғарды. Биыл ақпан айында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр жеңілдетілген аутонесиелеу бағдарламасына 100 млрд теңге бөлінетінін айтты.

31426

Аталған бағдарламаның шарты мынадай: жылдық 4 пайызбен несие беріледі және алғашқы төлем талап етілмейді. Несиелеу мерзімі – 7 жылға дейін. Бағдарлама аясында қымбат емес аутокөліктер сатылады. Қорытындысында 71 мың азамат қолжетімді бағамен жаңа көлік сатып алады деген болжам бар. Айтқанда керемет. Бәрі оңай секілді. Бірақ көлікті болғысы келетін қазақстандықтар саны әлдеқайда көп. Сондықтан берілген мүмкіндікті пайдалансам деген ағайын осы күні аутокөлік сататын дүкендердің алдын торуылдап жүр.

Мәселенің мән-жайымен танысу мақсатында облыс орталығындағы көлік сататын орталыққа бардық. Алдымен «Chevrolet» саудалайтын аутодүкенге бас сұқтық. Бас сұғуға тырыстық десе де болатындай. Өйткені өтініш берсек деген ағайын салонға кірер есік алдына жиылған. Алдымен бір-бірлеп кіргіземіз деген диллерлік орталық қызметкерлері көпшіліктің айқайынан соң есікті ашты. Көппен бірге біз де ішке ендік. Онсыз да сіркесі су көтермей жүрген біраз жұрт сауалымызға жауап беруден бас тартты.  Бірнеше күн бұрын келіп, көлік сатушыларға жолыға алмай жүргендерді де кездестірдік.

- Аутонесиеге өтініш қабылдау басталды дегенді 16 мамыр күні естідім. Сол күннен бері аутосалон есігін торуылдаумен жүрдім. Әйтеуір кіріп, өзім қалаған көліктің арнайы VIN нөмірін алдым. Енді банк рұқсатын берсе, көлікті болып қалармын деген үміт бар, – дейді оралдық Серікболат Айтқалиев.

Содан көлік сататын қызметкерлерді сөзге тарттық. Айтуларынша, аталған салонда «Chevrolet» маркалы көліктің «Cobalt», «Nexia», «Tracker» сияқты түрлері рәсімделеді екен. Бірақ бір де бір маман диктофон қосып, сөзін жазғызуға рұқсатын бермеді. «Аталған көліктердің қайсысы салонда бар, тез арада қандай түрін алуға болады?» деген сауалымызға ресми жауап бола қоймады. Амалсыздан салон ішін кезген ағайынмен тілдесе жүріп, тек қана «Cobalt» бар екенін түсіндік.

Алған ақпаратты нақтылайын деген оймен қайта айналып, ресепшнде тұрған қызға жолықтық. Ондай ақпаратты бере алмайтынын айтқан сұлу бізді қарсы беттегі «Hyundai Zhayik» аутосалонына жұмсады. Сөзінше, сату бөлімінің директоры сол жерде отырады екен.

Жауапты маманға жолдаған қызға ризашылығымызды білдіріп, аталған жерге бет алдық. «Тағы да нөпір адам алдымызды жауып тастамаса екен» деген ой мазалағанымен, қайтсек те нақты жауап аламыз-ау деген сезімде болдық. Бірақ ол ой сол күйі қалды. Салонға кіру оңай болғанымен, директорға жолығу қиын екен. Ресепшннен қарсы алған қыз күте тұруымызды өтінді. Сату бөлімінің директоры жиналыста екен. Бас-аяғы бір сағаттай күттік. Ешкім шықпады. Тағатымыз таусылған соң ресепшенге қайта жолықтық. Асхат деген жігітке сілтеді. Менеджерден қажетті жауап ала алмадық. Ал диктофон қосып, бере алатын ақпаратын сұрағанымызда басын ала қашты.

8144385f0851534a9f9218b368f0cb2d69f94bad-1193x671

Осылайша, «Қанша жерлесіміз көлік алуға өтініш білдірді, қазіргі таңда саттықта неше көлік бар, бір айдан үш айға дейін күткен азамат көлік құны өсіп кеткен жағдайда не істейді?» деген сауалдарымыз жауапсыз қалды. Десе де, «Үмітсіз – шайтан» деп салонның ресми сайтына кіріп, жоғарыда аталған лауазым иесімен кездескіміз келеді деген сұрауымызды жолдадық. Көп ұзамай қалдырған нөмірімізге Жанар есімді азаматша хабарласты. Жылы тілдесіп, сату бөлімінің директорымен кездесудегі мақсатымызды сұрады. Жағдайды түсіндіріп, аздаған сауалымыз бар екенін жеткіздік. Ол болса қазір «облыстың бас көлік сатушысы» босамайтынын, біздің сұрауымызға міндетті түрде жауап берілетінін айтты. Бұлардан гөрі облыс әкіміне кіру оңай секілді. Хош, бұл сол компанияның ішкі тәртібі болар. Оған да көндік. Десе де, үмітін арқалап, бар арманын салонмен байланыстырған ағайынның шамамен қаншасы көлікті болатынын біле алмағанымыз өкінішті.

Барған соң құр қайтпайық деп «Hyundai Zhayik» орталығы елге жеңіл бағдарламамен қандай көлік ұсынып отырғанын біліп алдық. Біраз көлік бар екен. «Қолжетімді», бағасы 10 миллионнан аспайтын үш көлікті таңдадық. Сонымен «Hyundai Zhayik» аутосалонына бара қалсаңыз, «Hyundai Accent», «Hyundai Elantra» және «Hyundai Creta» көліктерін рәсімдей аласыз. Түсінгеніміз, олардың біреуі де саттықта жоқ. Келген ағайын өтініш тастап кетеді. Көлік келген соң салон мамандары оларға хабарласып, қалған құжаттар сол кезде рәсімделеді. Көлік расымен үш ай ішінде келе ме? Оған қандай кепілдік бар? Бұл сұрақтар да жауапсыз. Өйткені сату бөлімінің директорына алдын ала жазылу керек. Журналистерге директор түгілі, жай менеджері мұрнын шүйіре қарап, білетін ақпаратын бөлісе алмайтын аутосалонға қаншалықты сенуге болады. Ол да үлкен мәселе.

– Жеңілдетілген несиемен аутокөлік алуға болады дегенді естіген бойда аутосалонға барып, өтінішімді бердім. Менеджер қазіргі таңда рәсімдей салатын көліктің жоқ екенін ашық айтты. Заңда Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға, басқа мемлекеттерде жауынгерлік қызмет атқарғандарға, I, II топтағы мүгедектерге, мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларға, зейнеткерлерге, жетім балаларға, қандастарға, көп балалы отбасыларға, мемлекеттік немесе қоғамдық міндетті атқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларына, толық емес отбасыларға басымдық берілетіні айтылған. Мен соның ішіндегі көп балалы отбасы санатына кіріп тұрмын. Барлығы ойдағыдай болып жатса, жаңа көлікке ие боламын деген үміт бар, – дейді Серік Хайруллин.

Талай жанға үміт сыйлап қойып, жеме-жемге келгенде көп азамат жер сипап қалмаса болғаны. Сол себепті «өтініш бердім – көлік алдым» деген болмайтынын білген жөн. Күту керек екенін де ескеру керек.

Ел ішінде барлық процедурадан өтіп, банктің қаржыландыруын күтіп жүрген азаматтар да бар. Солардың бірі – бәйтеректік Наурызбек Сәпиев.

– Жаңа көлік мінген кімге ұнамайды дейсің. Бағдарлама қайта басталған шақта қажетті құжатымызды алып, біз де көппен бірге аутосалон жағаладық. 17 мамыр күні таңғы сағат 7:30-да келіп, кезекке тұрдық. Менің алдымда 9 адам болды. Арамызда таңғы 5:30-да келген жігіттер де болды. «Chevrolet Cobalt» көлігін таңдадым. Aрнайы VIN кодын алып, келер аптада банкке барамын. Қаржыландыру расталса, көлік мінемін, – дейді Наурызбек Сәпиев.

Ай ортасында басталған бағдарлама бойынша көлік мінген адам өңірімізде әлі жоқ секілді. Өйткені мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жеңілдетілген аутонесие бойынша алған көлігін рәсімдеген азаматтар туралы сұрағанымызда мамандар ондай жағдай әлі тіркелмегенін айтты. Бізге мәлімет берген мекеме басшысының орынбасары Айерке Бекмурзинаның айтуынша, көліктер келіп, банктер қаржы бере бастаған кезде жаңа көлігін рәсімдеушілер саны да артатын секілді. Әзірге көп адам саттықта жоқ көліктерді саудалап жатқан секілді. Осы орайда «Бірнеше айдан соң көлік бағасы өсіп кетсе, бүгінгі бағамен рәсімдеп, темір тұлпарын күтіп жүрген ағайын тағы да қалтасынан ақша шығарып жүрмей ме?» деген ой туады. Өкінішке орай, оның жауабын беретін адамды көру әзірге арман күйінде қалып отыр.

Осы кезге дейін облысымызда қанша адам көлік алуға өтініш бергенін білмек болып, «Еуразиялық банкке» бас сұқтық. Қаржы мекемесі аутонесиелеу бөлімінің басшысы Виолетта Дзецина күні бүгінге дейін қанша адам өтініш бергенін, олардың нешеуін кері қайтарғанын, нешеуіне рұқсат бергенін айтуға құқы жоқ екенін жеткізді. Сөзінше, ол – банктің ішкі құпиясы. Сол себепті басқа банктерге баруды да жөн көрмедік.

P.S. Шыны керек, бағдарлама қағаз бетінде тамаша болғанымен, шикілігі бетіне шығып тұрғандай. Үш күнде облыс бойынша ең болмағанда бір адам көлік ала алмағаны қалай? Неге аутосалондарда көлік жоқ? Біздің облыста неше адам жаңа көлікке мінуі мүмкін? Жауабынан сұрағы көп. Әншейінде біткен істі артыңнан қуып жүріп жарнамалайтын бір де бір адамның жоқ болуы да көңілге күдік ұялатады.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале