15.03.2021, 21:45
Оқылды: 77

Жеңімпаздармен жүздесу

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков республикалық олимпиадаға жолдама алған жеңімпаздармен жүздесті. Оқушылар сарайында өткен «Жұлдызды Олимп – 2021» атты кездесуге білім додасының жеңімпаздарына қоса, жетекшілері де бірге қатысты.

 Жеңімпаздармен жүздесу2

– Еліміздің болашағы – бүгінгі біліммен қаруланған дарынды оқушылар. Қала мектебінде 54 мыңға жуық оқушы бар. Солардың ішінде үздіктердің үздігі, мектебінің мерейін асырып,  даңқын көтеріп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған оқушылар осы жерге жиналды. Биыл республикалық жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының облыстық кезеңінде қала командасы жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Алға қойған мақсатқа жету жолында ізденген әр оқушының дайындалуына ерекше көңіл бөлген ұстаздарымыздың және қолдау көрсетіп, дайындалуға жағдай жасаған ата-аналардың ортақ еңбегінің жемісі. Егер 2019 жылы республикалық олимпиадаға қала мектептерінен 15 оқушы қатысқан болса, өткен жылы 21 оқушы жолдама алды. Ал биыл 26 оқушы республикалық олимпиадада облыс намысын қорғайтын болды. Сондай-ақ бес оқушымыз Қазақ-Британ университетінің грантын иеленді. Бұл да жоғары нәтиже. Осындай жарқын жетістіктер қаламызда білім деңгейінің сапасы жылдан жылға көтеріліп келе жатқанын көрсетеді, - деді Абат Абайұлы.

Кездесу барысында оқушылар сөз алып, болашақ мамандықты таңдау және елдің көркеюіне қосар үлесі туралы арман-мақсаттарымен бөлісті. Ұстаздар қауымы пандемия жағдайында оқытудың жаңаша үрдісіне қадам басу, бейімделу және осындай кезеңнің өзінде сапаны жоғалтпаудың маңызы жөніндегі ойларын ортаға салды.

Салтанатты шарада олимпиада үздіктері атанған оқушылар мен ұстаздарға қала әкімінің алғысхаты мен арнаулы сыйлығы табыс етілді.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале