22.04.2022, 13:00
Оқылды: 173

Жеті күнге созылған жарыс

Орал қаласындағы Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында тоғызқұмалақтың классика және блиц түрінен ерлер арасында Қазақстан Республикасының командалық чемпионаты өтті.

15

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен жарысқа еліміздің 9 облысынан 80-ге жуық спортшы қатысқан болатын. Сайыстың ашылу салтанатында тоғызқұмалақтан Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушысы, осы чемпионаттың бас төрешісі Айнұр Жақапбаева ұлттық спорт  түрінің  дамып келе жатқанына қуанышты екенін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

14

– Спорттың бұл түрі адамның психологиясына да айтарлықтай оң әсерін тигізіп, төзімділікке үйретеді. Сондай-ақ ойынның түрлі амалдары арқылы спортшының ойлау жүйесі де қалыптасады. Сондықтан ұлттық спортымыздың аясын кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуымыз қажет, – дейді БҚО тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушысы Жарасқан Сағынбаев. Тарихы тым әріде жатқан тоғызқұмалақ ойыны бүгінде әлемнің көп елдерінде насихатталуда. Атап айтар болсақ, Қырғызстан елінің мектептерінде осы ойыннан арнайы олимпиадалар өтсе, көршілес Қытай, Қарақалпақстан мемлекеттерінде үйірмелер ашылып жатыр екен.

– Тоғызқұмалақпен  кәсіби түрде айналысып келе жатқаныма 10 жылдан асты. Біздің ауылда бұл ойынмен шұғылданатын жастардың қатары көп. Менің тоғызқұмалаққа құмартуымның да себебі осында. Бір жағынан, мидың жақсы жұмыс жасауына ықпал ететін болғасын таңдағанмын, – дейді Қызылорда облысынан келген қатысушы Бексұлтан Бостандықов.

13

Жеті күнге созылған тартысты жарыстың нәтижесінде «Классика» түрі бойынша І орын Ақтөбе облысына, ІІ орын Павлодар облысына бұйырса, ІІІ орынға Қарағанды облысының командасы жайғасты. Сондай-ақ сайыстың «Блиц» түрінен І орынды Қызылорда командасы иеленсе, ІІ орынға Ақтөбе облысы, ІІІ орынға Батыс Қазақстан облысының командалары лайық деп танылды.

  Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале