24.01.2022, 11:16
Оқылды: 104

Жетістік жолында

Орал қаласындағы «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС – ел  бойынша  аутоматтандырылған  газ  таратушы  құрылғыны  шығаратын жалғыз  кәсіпорын. Кәсіпорын 2006 жылы  құрылған.  Содан  бері  серіктестік  жоғары сапалы газ жабдықтарын  өндіріп келеді. Компания  «Самұрық-Қазына»  ұлттық  әлеуметтік  қоры»  АҚ-ның отандық тауар өндірушілер тобының тізіміне енген.

IMG-20211230-WA0035

Батыс Қазақстан облысы аумағында жүргізілген «Қарашығанақ – Орал» газ құбырының құрылысы – «БатысМұнайГазЖабдықтары» қатысқан алғашқы жобалардың бірі. Содан бері қарыштап дамыған кәсіпорын өндіріс саласында кең қанат жайды. Аутоматтандырылған газ таратушы станса табиғи, ілеспе мұнай газының жоғарғы қысымын төмендетуге және белгіленген деңгейде ұстап тұруға, газды қыздыру, тазарту шығынын өлшеуге, тұтынушыларға таратар алдында газ иісін өңдеуге (одоризация) арналған. Қазіргі кезде көгілдір отын игілігін тұтынатын абоненттер саны көбейіп келеді. Қолданыстағы АГТС-тарды қайта жаңарту және жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Сондықтан нарық саласында компания өніміне сұраныс көп.

– Серіктестіктің елеулі бір жетістігі – 2013 жылдың желтоқсан айында СРЕСС Қытай ұлттық компаниясымен іскерлік байланыс орнатты. Ынтымақтастық шеңберінде іске асырған алғашқы жоба бойынша біздің кәсіпорын «Қазақстан – Қытай» газ құбырының компрессорлық стансалары үшін жабдықтар дайындады. Қытай компаниялары, негізінен, өз өндірісінің жабдықтарын пайдалануды қолайлы көреді. Сондықтан олармен өнімді дайындауға және жеткізуге келісімшарт жасасу – отандық кәсіпорынға деген сенім айғағы еді. Қытай ұлттық компаниясымен төрт жыл бірге жұмыс істедік, – деді «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС-ның директоры Берік Сүлейменов.

Компания ірі торапты газ кешендерін құрастырады. «Ин­тергаз Орталық Азия» АҚ, «КазТрансГазАймақ» АҚ және мұнай-газ саласының басқа да ірі кәсіпорындары – «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС-ның сенімді серіктестері. Серіктестік 139 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын инженерлік-техникалық құрам үшін аттестатталған оқу сыныбын ашты. Сол арқылы АГТС-қа қызмет көрсететін операторлар дайындауда. Компания жетістігі өте көп. 2020 жылы кәсіпорын индустриалды сертификат алды. 2016 және 2018 жылдары «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсында «Өңірлік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша жеңімпаз болды. Одан бөлек 2016 жылы сала көшбасшысының ұлттық сертификатын иеленді. Былтыр мұнай-газ саласындағы елеулі жетістігі үшін отандық компанияға ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы берілді.

IMG-20220124-WA0007

Кәсіпорын «Сарыарқа» магистралды газ құбыры құрылысы жобасын жүзеге асыруға белсенді қатысты. Магистралды газ құбыры Қызылорда, Қарағанды, Ақмола облыстарында жүргізілді. Компания қысқа мерзімде ірі газ құбыры желісіне арналған сапалы технологиялық жабдықтар мен АГТС-тарды жедел дайындады. «Батыс-МұнайГазЖабдықтары» еліміздің астанасы – Нұр-Сұлтан қаласын газдандыруға айрықша үлес қосты.  Кәсіпорын өндіріс технологиясын, аутоматты басқару жүйесін үнемі жетілдіріп отырады. Жаңа инженерлік шешімдер қабылдап, газды аутоматты одоризациялау торабына өзгерістер енгізіп, одорнатты есептеу және мөлшерлеу жүйесін орнатты. АГТС-қа арналған күн батареясы мен жел генераторларын іске қосып, станса үздік жұмыс істеуіне жағдай жасауда. Мысалы, «Астана 1» АГТС-та электр қуатын үнемдеуге мүмкіндік беретін күн панельдері орнатылған.

– Компания жабдықтары Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Алматы облыстарында пайдалануға берілді. Кәсіпорын бүгінге дейін 150-ден астам жобаны жүзеге асырды. Отандық тауар өндірушілерге мемлекет ұдайы қолдау көрсетуде. 2016 жылы Үкімет тарапанынан 1 миллиард теңге субсидия берілді. Дәл сол кезде компания қиын жағдайда отыр еді. Банктен алған ірі көлемдегі несиенің 16 пайызын осы қаражат есебінен өтедік, – деді Берік Сүлейменов. Компания жұмыс барысында қайырымдылық жасауға көңіл бөліп отырады. Қызылорда облысында нысандарды пайдалануға тапсырған кезде газреттегіш шкафты пунктті сыйға тартты. Батыс Қазақстан облыстық балалар ауылына, Орал қаласындағы есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық мектеп-интернат кешеніне, Орал қаласының тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығына және басқа да нысандарға демеушілік  көмек  көрсетті.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале