Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты сенімді жылумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі Жетісу облысыныі орталығы Талдықорған қаласында жылумен қамту нысандарын салу жобаларына шамамен 5,7 млрд теңге бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, - деп жазады primeminister.kz.

Аталған қаражат қаладағы Оңтүстік-Батыс жаңа тұрғын ауданында қазандық пен жылу желілерін тарту жобаларын аяқтауға бағытталады.
Бүгінде Талдықорған қаласының орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде жалпы қуаты 400 Гкал/сағ болатын 10 қазандық жұмыс істейді. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 179 шақырымды құрайды, орташа тозу деңгейі – 62%. «Басқуат» орталық қазандығы 1980 жылы пайдалануға берілген, оның негізгі жабдықтары 71% тозған.
Облыс орталығындағы халық саны жыл сайын артып келе жатқандықтан, «Басқуат» қазандығы қосымша жылу жүктемесін толық қамтамасыз ете алмай отыр.
Осыған байланысты жүктемені азайту және кезең-кезеңімен экологиялық таза энергия көздеріне көшу мақсатында қалада қуаты 49 Гкал/сағ болатын қазандықтың құрылысы жүргізілуде.
Жоба құны келісімшарт бойынша 11,1 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының шамамен 60%-ы орындалды. Нысанды пайдалануға беру 2026 жылғы қыркүйек айына жоспарланған.
Жаңа қазандықтың толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданына жылу желілерін тарту жобасы қатар жүргізілуде. Аталған жобаны аяқтау да осы жылдың күзіне жоспарланған.
Жобаларды уақтылы жүзеге асыру нәтижесінде «Болашақ», «Көктем», «Бірлік» және «Құлагер» шағын аудандарында 2024–2026 жылдары салынған көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар сапалы әрі үздіксіз жылумен қамтамасыз етіледі. Жалпы абоненттер саны 20 мыңды құрайды, оның ішінде 120 көпқабатты тұрғын үй және 17 әлеуметтік, коммерциялық және өзге де нысандар бар.