1.12.2022, 9:00
Оқылды: 87

ЖИТС жұқтырғандар емделе ме?

АИТВ – адам ағзасындағы иммунды жүйені зақымдайтын вирустың қысқартылған атауы екенін және иммун тапшылығы жұқпасының асқынған түрі  ЖИТС (СПИД) деп аталатынын білеміз. Ал ағзаның қорғаныш қабілетінің төмендегенін немесе иммундық жүйенің әлсіздігін қалай байқауға болады? Дерттің алғашқы белгілері қандай?Облыста қанша адам АИТВ, ЖИТС жұқтырған? Вирус жұқтырғандардың толық емделуіне мүмкіндігі бар ма? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес бойынша облыстық орталықтың профилактика бөлімінің меңгерушісі, дәрігер-эпидемиолог Эльвира Хафизовамен атаулы күн қарсаңында тілдескен едік.

IMG-20221130-WA0071

Алдымен, адам ағзасында жүре пайда болатын иммун тапшылығы синдромының (ЖИТС) ең алғаш тіркелу тарихына тоқталсақ. 1980 жылы Атлантада (АҚШ) өкпе қабынуы диагнозымен ауруханаға түскен бес жігіттен  (29-36 жас аралығындағы) алғаш рет осы дерт анықталған. Науқастар ер адамдармен жыныстық қатынаста болған және инъекциялық есірткі қабылдаған. 1981 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ЖИТС-тің жұқпалы екенін және оның 20 мемлекетте анықталғанын ресми түрде жариялаған. Аталмыш дерт туралы алғашқы мақала 1983 жылы 20 мамырда американдық «Science» журналында басылған. Мақалада аутор «ЖИТС-ті жұқтырған адамның алдында өлімге душар ететін жалғыз-ақ жол қалады» деп жазған. Қатерлі дерт әуелгіде «гомосексуалистер  обасы», кейін «ХХІ ғасыр дерті»  деп  аталды.

АИТВ-ны 973 тұрғын жұқтырған

Эльвира Ақылбекқызының айтуынша, облыста иммун тапшылығының вирусын 973 тұрғын жұқтырған. Оның 66,4 %-ы – ер  адам, 33,6 %-ы – әйел. Сырқатқа шалдыққандардың 48,6%-ы жыныстық жолмен (гетеросексуалды), 45,3 %-ы бір инемен бірнеше адамның есірткі қолдануының салдарынан жұқтырған. Ал 2,5 %-ы бір жыныстағы жұбымен (гомосексуалды) қатынасқа түскен соң кеселге шалдыққанын айтса, қалған 2,8 пайызы қалай жұқтырғанын білмейді. Жас шамаларына келер болсақ, АИТВ-ға душар болғандардың дені (69,8 %-ы) 20-39 жастағылар. Сондай-ақ 17,1%-ы – 40-49 жас аралығындағылар, 5,8%-ы – 50-59 жас шамасында, соңғы 2,8%-ы  60-69 жастағы  қариялар екен.

– Иммун тапшылығының вирусы адамнан адамға үш жолмен жұғады. Инъекция немесе есірткі қолданар алдында стерильді емес жабдықты (ине, шприц, сүзгі) пайдаланғанда, қорғалмаған жыныстық қатынастан соң және АИТВ жұқтырған анадан балаға босанған кезде, емізгенде беріледі. Кейбіреулер «Науқаспен бір үйде тұрсам,  бірге жұмыс істесем, бірге оқысам ауру жұқтырамын» деп ойлайды. Мұндай пайым мүлдем дұрыс емес. Қол алысып, құшақтасып, сүйгенде, ортақ ыдыс-аяқ немесе төсек-орындарды пайдаланғанда жұқпайды. Вирус жөтеліп, түшкіргенде ауа арқылы таралмайды. Көп жағдайда кеселдің бастапқы сатысында ауру белгілері білінбейді. Бірнеше апта өткен соң ғана тұмауға ұқсас белгілер пайда болады. Адамның дене қызуы көтеріледі, тері бетінде бөртпелер шығады, лимфа түйіндері үлкейеді және  себепсіз іші өтеді. Адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырғанын білудің жалғыз жолы – антиденелерге қан талдамасын тапсыру. Антиденелер – бұл вирустың енуіне жауап ретінде ағзада түзілетін арнайы ақуыздар. Иммун тапшылығының вирусын емдеуге болады. Бірақ одан толық айығып кету мүмкін емес. Ретровирусқа қарсы күшейтілген терапияның арқасында  вирус жұқтырған науқастардың өмірін 70-80 жасқа дейін ұзартуға мүмкіндік бар. Аталған терапия жасушадағы ақуыздарға әсер ететін ферменттердің қызметін әлсіретеді. Соның нәтижесінде иммун тапшылығы ЖИТС-ке айналмайды, –  дейді  Эльвира Ақылбекқызы.

Анонимді әдіспен анықтауыңызға болады

АИТВ-ны жұқтырғаныңызды немесе жұқтырмағаныңызды анықтау үшін кез келген ЖИТС орталығына барып, қан талдамасын тапсыруыңызға болады. Сондай-ақ емханалардың зертханасында анонимді әдіспен жазылып, қан тапсыруыңызға да мүмкіндік бар. Дертке шалдыққандар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ақысыз емделеді. Бұл вирустық инфекцияның алдын алу үшін денеге инемен сурет салдырғанда (татуировка), екпе алғанда стерильді жабдықтарды қолданыңыз. Есірткі шекпеңіз. Қан іздері бар материалды ұстағанда латекс қолғап киіңіз. Бейтаныс адаммен қорғанышсыз  жыныстық қатынастан аулақ болыңыз. Жеке гигиеналық заттарды (қырыну құралдары, тіс щеткасы) пайдаланыңыз. Егер жүкті келіншек АИТВ жұқтырған болса, кесел анадан балаға берілмеу үшін нәрестені емізуден бас тартыңыз. Сондай-ақ дәрігер жазып берген вирусқа қарсы дәрі-дәрмекті уақтылы ішіңіз.

Иммун тапшылығының вирусы – адам үшін ажал үкімі емес. Індет «тырнағына» ілінгендер де отбасын құрып, дүниеге перзент әкеле алады. Алайда АИТВ емделмеген жағдайда жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына, яғни ЖИТС-ке ұласып кетеді. Дәрігерлер оны АИТВ індетінің соңғы кезеңі деп те атайды. Бұл кезеңде иммунитет өздігінен инфекцияға қарсы күресе алмайды.  Емделмеген адам үш жылға дейін ғана өмір сүреді екен. «Ауруын жасырған – ажалсыз өледі» демекші, денсаулығыңызда жоғарыда айтылғандай кінәрат болса,  дер  кезінде  емделгеніңіз абзал.

Гүлсезім Бияшева, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале