13.08.2021, 10:57
Оқылды: 426

Жол құрылысы қарқынды

Орал қаласының Деркөл және Зашаған кенттік округіндегі аутокөлік жолдары ағымдағы және күрделі жөндеуден өтуде. Соған орай аталмыш нысандардағы құрылыс жұмыстарының қарқыны мен сапасын қадағалау мақсатында Орал қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің мамандары сейсенбі күні рейдтік іс-шара ұйымдастырды.

жол деркол3

Деркөл кентінің Сарыарқа шағынауданындағы елу көшеге жалпы ұзындығы 44 шақырымды құрайтын аутокөлік жолдары салынбақ. Бұл  жұмыстар үш жылға жоспарланған. Жобаның жалпы құны – 3,1 миллиард теңге. Былтыр мердігер компания осы шағынауданның Бейімбет Майлин көшесінен мектепке дейінгі бір шақырым жолды өз қаражатына салып берген. Биыл мемлекеттің қолдауының арқасында бұл көшедегі жол жұмыстары толықтай аяқталып, 1,7 шақырым жол салынған.

– Бүгінде Сарыарқа шағынауданының Тақсай көшесіндегі жол жұмыстары аяқталды. Енді Сарыжайлау көшесіне 1,2 шақырым жол салынуда. Негізінде биыл бұл аудандағы алты көше жолының құрылысын толықтай аяқтау көзделіп отыр, - деді Орал қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Сағиев.

Мердігер мекеменің өкілі Тенгиз Тедеевтің мәліметінше, биыл Сарыарқа шағынауданының 10 шақырым жолы жөнделмек. Серіктестік қиыршық тасты Ақтөбеден, асфальтты жергілікті зауыттардан сатып алған. Құрылыс алаңында жұмысшы күші мен техника жеткілікті, қажет болған жағдайда жұмыс күші арттырылады екен. Негізінен пайдалануға берілген жолдың кепілдік мерзімі екі жыл болса, бұл мекеме өз тарапынан үш жылға кепілдік беретінін жеткізді.

Ал Зашаған кентіндегі Сарытау шағынауданы бойынша ұзындығы 6,5 шақырымды құрайтын жеті көшенің (Күлтегін, Айтқұлов, Шайхиева, З.Қабдолов, Сара ақын, Бейбарыс сұлтан, Мөңкеұлы) жолына асфальт жабынын төсеу жұмыстары аяқталуға таяу. Бұл жолдардың құрылысы 2019 жылы басталған.

– Бүгінде жобаға бөлінген қаржының қалған 120 миллион теңгесін игерудеміз. Құрылыс материалдары жергілікті зауыттардан алынуда. Негізі жолды кестеге сай осы жылдың қазан айында тапсыруымыз керек. Алайда құрылысты уақытынан бұрын аяқтап, қыркүйек айында тапсыруды көздеп отырмыз. Бүгінде 90 пайыз жұмыс орындалды. Енді жол белгілерін салу, жол жиектерін жасау секілді ұсақ-түйек жұмыстар қалды. Оған жиырма жұмысшы, он техника жұмылдырылуда, - деді мердігер компанияның бас инженері Жандәулет Нұрлыбаев.

Сондай-ақ аталмыш серіктестік кенттегі тоғыз үйдің ауласын абаттандыру жұмыстарымен айналысуда. Мердігер компанияның бөлім басшысы Сергей Мартынов абаттандыру жұмыстары екі жылға, яғни 2020-2021 жылдарға жоспарланған және оған 1,2 миллиард теңге бөлінгенін айтты. Жоба аясында кварталішілік алаң мен суды бұруға арналған арық, өтпе жол салу, балалар ойын алаңын, сауықтыру алаңын жасақтау қарастырылған. Тұрғын үйлер аумағына асфальт-бетон төселген. Енді көлік тұрағы жасалуда.

– Биыл Орал қаласында жол құрылысы бойынша жалпы 22 жоба дайындалуда. Он жобаның  жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Былтыр «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде басталған сегіз көшедегі жол жұмыстары да биыл тапсырылатын болады. Орал қаласы бойынша аутокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 615 шақырымды құрайды. Оның 72,15  пайызы қанағаттанарлық жағдайда, - деді Орал қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Сағиев.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале