6.12.2023, 21:00
Оқылды: 91

Жол құрылысы жұмыстарына «жан біткендей»

Кеше облыс әкімі Нариман Төреғалиев Жәнібек ауданына жұмыс сапарымен барды.

IMG-20231206-WA0345

Өңір басшысы алдымен «Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы» республикалық автомобиль жолының жөндеу жұмыстарымен танысты. Биыл аталған бағыттағы 8 айға жоспарланған 120 шақырым жолдың 104 шақырымының құрылыс жұмысы аяқталған. Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлының айтуынша, 2024 жылы республикалық маңызы бар осы жолдың құрылыс жұмыстары толығымен бітеді. Сондай-ақ бұл бағыттағы жолдың 72 шақырымындағы көпір құрылысы да аяқталып, пайдалануға берілді. Мердігер – «Uniserv» ЖШС.

IMG-20231206-WA0342

– Жыл сайын құрылыс материалдарының, яғни шебін, битум, цементтің жетіспеуі жол жұмыстарын тежеп тұратын. Бұл ретте Үкіметпен және «ҚазАвтоЖол», «Қазақстан темір жолымен» бірлесе отырып, мәселенің шешімін таптық. Сонымен қатар құрылыс барысында мердігер мекемелердің ұйымдастыру жағының әлсіздігі жұмыстың баяу жүруіне себеп болғандай. Жұмыстардың жәй жүруіне талдау жасау барысында техникалардың да жетіспейтініне көзіміз жетті. Осындай мәселелерді шештік. Бүгінде Бисен мен Сайқынның арасындағы бітпей қалған 16 шақырым жолға әзірге шебін төселеді. Ал көпір құрылысының жұмыстарын өзім қалт жібермей қадағалап отырдым, - деді Нариман Төреғалиұлы.

Жасқайрат ауылының кіреберісінен аудан ардагерлері мен ауыл тұрғындары өңір басшысын құрметпен күтіп алды. Олар өзекті мәселеге айналған жол құрылысы жұмыстарына дән риза. «Біраз жылдан бері халықтың мұңы болған жолдың қарқынды жұмысы көңіл қуантты. Аз уақыт ішінде осындай нәтиже барын көріп, біліп отырмыз. Осы жол саласынан біршама хабарым бар болғандықтан әрі аудан тұрғындары үшін маңызы болғасын салынып жатқанына ризамыз. Ауданға жолдың жетіп қалғаны көңілге қуаныш сыйлайды. Ең бастысы жол құрылысы жұмыстарына жан біткендей, - деді аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекет Әліпқалиев.

IMG-20231206-WA0334

Әрі қарай Жасқайрат ауылдық мәдениет үйінде облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы аудан тұрғындарымен кездесті. Жиынға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев және басқарма басшылары қатысты.

IMG-20231206-WA0336

Аудан әкімі Тимур Шиниязов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, жыл ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталды.

- Күні кеше 9 ауылдық округті аралап, елді-мекендегі тұрғындармен кездестім. Ауданда 18 елді мекен бар. Халық саны – 14 352 адамды құраса, экономикалық белсенді тұрғындар саны – 7 762 адам. Ауданның 2023 жылға арналған бюджеті 6,8 млрд теңге. Биыл кірістеріміз 954,6 млн теңге көлемінде бекітілді. Желтоқсанның 1-іне аудандық бюджеттің өз кірістері 140% орындалды және шығыстар жоспарының орындалуы 97,2% құрады. Жыл басынан мүйізді ірі қара малы – 71 143, ұсақ мүйізді мал – 68 967, жылқы малы – 21 240, түйе –102 басты құрады. Аудан бойынша 2023-2024 жылғы мал қыстағына тұратын 94 мың шартты басқа 185,4 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланып, күні бүгінге 104,2 мың тонна жеке тұрғындар мен ауыл шаруашылық құрылымдары дайындаған және өткен жылдан қалған 81,2 мың тонна мал азығымен қосқанда қажетті мал азығы дайындалды. Жем азығы бойынша дайындалған 2157 тоннаның 920 тоннасы көршілес Ресей Федерациясынан әкелінді. Жем азығын дайындау жұмыстары жалғасуда. Биыл ауданымызда ауыл шаруашылығы құрылымдарымен барлығы 660 га жерге дәнді дақылдар және мал азығы дақылдары егілді. Аудан бойынша жұмыс істеп отырған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны – 998 бірлік, соның ішінде шаруа қожалықтар саны 546, жеке кәсіпкерлер саны – 452. Аталған салада 1 520 адам жұмыс істейді. Баршаңызға белгілі қазіргі таңда ауыл халқының тұрмыс тіршілігін, әл-ауқатын жақсарту мақсатында мемлекет тарапынан көптеген бағдарламалар қабылданды. Солардың бірі – «Ауыл Аманаты» жобасы. Аудан бойынша 4 015 аула 14 352 тұрғын тіркелген, соның ішінде жұмыссыздар саны – 796 адам, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны – 95 отбасы және өзін-өзі жұмыспен қамтылғандар саны – 2513 адам. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауданға 311 млн теңге қаражат бөлініп, күні бүгінге 55 несие алушының құжаты толық мақұлданып 249 млн теңге комиссия қарауынан өтті. Ауданда ғимараттары тозған, типтік жобаға сай келмейтін 5 мектепке жаңа ғимарат салу жоспарланды. Соның ішінде Ақоба ауылында 108 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде, жақында пайдалануға берілмек. Аудан толық газдандырылған, алайда отандық бас газдандыру сызбасына сай «Қамысты, Борсы, Талов ауылдарын газбен жабдықтау желілерін салу» нысаны бойынша жоба жасақталуда, - деді Тимур Серікұлы.

Оның айтуынша, баспанаға мұқтаж азаматтарды баспанамен қамту мақсатында ауданға республикалық бюджеттен 96 млн теңге және аудандық бюджеттен 17 млн теңге қаражат бөлініп, 10 тұрғын үйді сатып алу жоспарланса, соның 5-еуі биыл салынған. Қазіргі кезде мемлекеттік сатып алу порталы арқылы тұрғын үйлерді сатып алуға ашық конкурстар жүргізілуде. Жыл соңында тұрғын үй кезегіндегі 10 отбасы баспаналы болады.

IMG-20231206-WA0343

Өңір басшысы Нариман Төреғалиев биыл өңірдегі 617 шақырым жолға 81 млрд теңге бөлінгенін, келесі жылы 800 шақырымға 100 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінетінін атап өтті. Осы жылға жоспарланған 27 мектептің бірқатары пайдалануға беріліп жатқанын, сондай-ақ 2025 жылға дейін 50 медициналық нысанның құрылысы аяқталатынын айтты. Жиында аудан тұрғындары алдымен жол құрылысының жедел жүріп жатқанына ризашылықтарын білдірді.

IMG-20231206-WA0337

Тұрғындар шекараға жақын жатқан елді мекендердегі ескі үйлерді жаңалау керектігін, сол ауылдардағы азаматтардың кәсіппен айналысуына қолдау көрсетіп, гранттар берілсе деген ұсыныс-тілектерін жеткізді. Сонымен қатар ауылішілік жолдарды жөндеу қажеттігін, жарықтың жиі өшіп қалуына байланысты сұрақтарын қойды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы айтылған ұсыныстар бойынша жауапты басқарма басшыларына тапсырма беріп, жағдайдың оң шешілуін қадағалайтынын айтты. Ал жарық мәселесіне қатысты облыс бойынша 82 пайыз электр жарығының тозып тұрғанын мәлімдеп, барлық сұрақтар бойынша тиісті жұмыстар ретімен атқарылатынын атады.

IMG-20231206-WA0346

Одан әрі өңір басшысы аудан тұрғындарын жеке-жеке қабылдап, талап-тілектерін тыңдады.

Аманжол Исламғали, 

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале