12.06.2020, 14:40
Оқылды: 108

Жол құрылысының сапасы көңіл көншітпейді

Облыстық мәслихаттың залында БҚО әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімовтың төрағалығымен аутомобиль жолдарының сапасын сараптау саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған тиімді тетіктер мен рәсімдерді қамтамасыз ету және «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобасының іске асырылуы мәселесін талқылаған кеңес өтті.

adaldyk (3)

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін уақытша Бауыржан Айтмағанбетов өңірдегі жолдардың жай-күйін тарқатты. Биыл облысқа 37,4 млрд. теңге көлемінде қарастырылған қаражатқа 437,3 км жол жөндеу жоспарланған. Жыл қорытындысында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін 34%-ға жеткізу керек. Республикалық маңызы бар Чапаев – Жалпақтал –Казталов - РФ шекарасы, Казталов – Жәнібек - РФ шекарасы, Өнеге –Бисен - Сайқын аутожолдарында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасады. 2,1 млрд теңге қарастырылған қаражатқа Самара-Шымкент жолының (36 км) және Чапаев – Жалпақтал – Казталов - РФ шекарасы (40 км) жолдардың учаскелеріне орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Казталов – Жәнібек - РФ шекарасы және Өнеге – Бисен - Сайқын жолдарын күрделі жөндеу нысандары бойынша барлығы 2,4 млрд.теңге бөлінген. Алайда  жөндеу жұмыстарын жеткілікті көлемде орындауға 23,0 млрд теңге көлемінде қосымша қаржыландыру қажет.

adaldyk (2)

Облыстық маңызы бар Барбастау – Ақжайық – Индер жолының 43-93 шақырымын қайта жаңарту жобасын іске асырылмақ. Оны іске асыру құны - 6,7 млрд. теңге. Биыл жобаны бастауға жергілікті бюджеттен 104 млн. теңге қарастырылды. Бұл бағыттағы жолды салу 2020-2022 жылдарға жоспарланған. Сондай-ақ 2,7 млрд. теңге  бөлінген қаражатқа Бөрлі – Ақсай - Жымпиты жолын күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып, биыл жолдың 10 км пайдалануға тапсырылады. Бөлінген 393 млн. теңге қаражатқа Орал-Кирсанов аутожолында Бәйтерек ауданындағы Быковка, Ембулатовка, Рубежка өзендері арқылы өтетін көпірлерді және Федоровка-Ақсай жолындағы 6 су өткізгіш құбырды (222,6 млн. теңге) күрделі жөндеу жоспарланған. Тасқала – Аққурай – Болашақ - РФ шекарасы 0-96 км жол учаскесін орташа жөндеуге  2,8 млрд. теңге бөлінген және биыл құрылыс жұмысы аяқталады. Сонымен қатар мудандық маңызы бар жолдарда жоспарланған жобалар баршылық. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауылішілік жолдарды күрделі жөндеу бойынша 7 жоба іске асырылады: Переметный ауылында бір, Тасқала ауылында төрт және Сайқын ауылында екі жоба. Жұмыспен қамту картасы шеңберінде Орал қаласында және облыстың 8 ауданында (Бәйтерек, Казталов, Жәнібек, Шыңғырлау, Теректі, Бөрлі, Сырым, Қаратөбе) 50 жобаны іске асыру жоспарланған.

adaldyk (5)

– 2019-2020 жылы "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК БҚО бойынша филиалымен облыстық маңызы бар аутомобиль жолдарын салу, қайта жаңарту, жөндеу және күтіп ұстау кезінде жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жасау қызметін көрсету туралы шартқа қол қойылды. Қазіргі таңда Сапа орталығы және аудан әкімдер арасында келісімшарттар жасау үшін бюджеттік өтінім жолданды. Бүгінде Орал қаласы мен аудан әкімдіктерімен бірлесіп, барлық жол нысанының жөнделуін бақылау үшін тұрғындар арасынан жол сала бойынша білікті және тәжірибелі қоғамдық өкілдердің тізбесін құру жұмыстары жүргізілуде, – деді Бауыржан Айтмағанбетов.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәметтің хабарлауынша, жоба аясында «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК БҚО бойынша филиалымен және арнайы мониторингтік топ мүшелерімен бірлесіп, облыстық бір, қалалық 4 жол учаскесіне 5 рет шығып, мониторинг жүргізілген. Оралдағы Лесозащитная көшесіндегі (мердігер «Ануш-құрылыс» ЖШС) кәріз құдықтарының қақпақ люктері жоғарғы қабатындағы асфальт-бетоннан 8 см-ге төмендігі, үй-жайларға кіреберістер ескерілмеген және жолдын екінші бетінде тротуар салынбаған, мұндай келеңсіздіктер тұрғындарға елеулі қолайсыздық тудырған. Тағы бір нысан - 8 март көшесіндегі (бас мердігер "Түркістан Жол Сервис» ЖШС) жол бөлігі тротуардан 7 см жоғары, жобада үй-жайларға кіреберістер ескерілмеген, жол жиектері бекітілмеген.  Ә. Молдағұлова көшесі бойынша (бас мердігер "Бірлік" ЖШС) өткен жылғы ескертулердің түзетілуіне мониторинг жүргізілген. Мердігермен анықталған ақаулар әлі күнге дейін жойылмаған, мердігер кепілдік міндеттемелер шеңберінде жол төсемінің жоғарғы қабатын ауыстырудың орнына тек жолдағы шұңқырларды жөндеу жұмыстарын бастаған. Үлкен Шаған - Переметное бағытындағы жолдың 32-42 шақырымын (бас мердігер "АСФА"ЖШС) орташа жөндеу жұмыстары барысында жолдың екі жағы жабылып, көліктерге айналма жол салынған. Оның өзі жүргізушілерге айтарлықтай қолайсыздық туғызады. Айналма жолды күрделі жөндеу кезінде ғана салынатыны ескерілмеген.

Басқосуда «Адалдық алаңы» жобасының басшысы Әлия Сәлиева,   азаматтық белсенді А. Муссилов қоғамдық бақылауды күшейту және барлық жол құрылысына қатысушыларының жол сапасына жауапкершілігін күшейту жөніндегі ой-пікірлерімен бөлісті.

Жиынды қорытындылаған Т.Шәкімов өңірдегі іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар бойынша бөлінген қаржыны уақтылы игеріп, жұмысты сапалы орындау мәселесінің күн тәртібінен түспейтінін жеткізді. «Бізде жергілікті жолдардың сапалылығы 31%-ды құрайды, бұл – еліміз бойынша ең төменгі көрсеткіш. Ал республика бойынша жақсы және қанағаттанарлық жол сапасы көрсеткіші 60 %-ды құрайды. Соңғы жылдары жол құрылысы мен жолды жөндеу жұмыстарына түрлі қаржыландыру көздерінен қомақты қаржы бөлінуде. Алайда жаңадан салынған және күрделі жөндеуден өткен кей жолдың сапасы көңіл көншітпейді. Биыл жөнделген жолдың келесі жылы беткі қабаты жарылып, тесіліп, жиектасы бұзылып жатады», – деген облыс әкімінің орынбасары мердігерлік ұйымның жоғары біліктілігі, тапсырыс берушінің тиімді жұмысы, техникалық қадағалаудың құзыреттілігі және ЖСҚ-ның сапалы дайындығы секілді төрт негізгі факторға назар аудартты. Сондықтан жол құрылысына қатысты барлық ұйым-мекемеге, компанияларға өз жұмыстарын жаңартуды, жауапкершілікті күшейтуді шегелеп тапсырды.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале