Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жаңғырту бағытындағы жұмыстар қарқын алған. Биыл өңірде жалпы ұзындығы жүздеген шақырымды қамтитын сегіз ірі жол жобасы жүзеге асырылып жатыр. Әрбір нысанда құрылыс сапасын бақылауға ерекше көңіл бөлінген.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Батыс Қазақстан облыстық филиалының мамандары құрылыс барысын тұрақты бақылап, орындалған жұмыстардың жобалық және нормативтік талаптарға сәйкестігін тексеруде.
Филиалдың бөлім басшысы Дәурен Әміровтің айтуынша, сапаны бақылау құрылыс аяқталғаннан кейін ғана емес, жұмыс басталған сәттен қолға алынады.
– Жол құрылысының әрбір кезеңі бақылауда болады. Мамандар құрылыс технологиясының сақталуын, пайдаланылатын материалдардың сапасын, орындалған жұмыстардың жобалық шешімдерге сәйкестігін тұрақты тексереді. Мұндай бақылау кейіннен туындауы мүмкін ақаулардың алдын алуға мүмкіндік береді, – дейді бөлім басшысы.
Қазіргі таңда республикалық маңызы бар «Казталов – Жәнібек – Ресей Федерациясы шекарасы» автожолының 158–165 шақырым аралығында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «Өнеге – Бисен – Сайхын» автомобиль жолының 50 шақырымдық учаскесінде жұмыстар толық аяқталып, нысан пайдалануға берілді.
Бұдан бөлек, «Подстепное – Федоровка – Ресей Федерациясы шекарасы» автожолының 0–36 шақырым аралығындағы жұмыстар аяқталса, «Атырау – Орал» тасжолының бірнеше учаскесінде орташа жөндеу жалғасуда. Сондай-ақ «Ақтөбе – Орал» автомобиль жолының 369–408 шақырым аралығындағы жөндеу жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарланып отыр. «Шапаев – Жалпақтал – Казталовка – Ресей Федерациясы шекарасы» бағытындағы жолда да орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Дәурен Әміровтің айтуынша, республикалық маңызы бар жолдардың сапасы – көлік қатынасының қауіпсіздігіне ғана емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да тікелей ықпал етеді.
– Мемлекет жол инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаражат бөліп отыр.

Сондықтан әрбір құрылыс нысанында сапа талаптарының мүлтіксіз орындалуы – басты міндеттердің бірі. Сапалы салынған жол халыққа ұзақ жыл қызмет етіп, өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға негіз болады, – дейді ол.
Мамандардың пікірінше, құрылыс сапасын жүйелі бақылау мен зертханалық сараптама жұмыстарын қатар жүргізу жолдардың пайдалану мерзімін ұзартуға, жөндеу шығындарын азайтуға және мемлекеттік инвестицияның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан Батыс Қазақстан облысында жүзеге асырылып жатқан барлық республикалық жол жобалары алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады.
"Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК
БҚО филиалының баспасөз қызметі