Жол құрылысының сапасы тек жаңа шақырымдардың пайдалануға берілуімен өлшенбейді. Оның басты көрсеткіші – құрылыс барысында талаптардың қаншалықты сақталғаны. Осыған байланысты Батыс Қазақстан облысында жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына тұрақты бақылау жүргізіліп келеді.

2026 жылдың басынан бері «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Батыс Қазақстан облыстық филиалының мамандары облыс аумағындағы жол нысандарында 193 іріктемелі тексеріс жүргізді. Соның нәтижесінде 329 ақау мен ескерту анықталған.
Филиалдың бөлім басшысы Дәурен Манарбекұлы Әміровтің айтуынша, анықталған кемшіліктердің басым бөлігі құрылыс технологиясының сақталмауына қатысты.
– Тексерістер барысында технологиялық талаптардың орындалмауы, құрылыс алаңында сапаға жауапты техникалық бақылау маманының болмауы, жол жабынының жобада көрсетілген геометриялық параметрлерден ауытқуы секілді кемшіліктер тіркелді. Әрбір анықталған ескерту бойынша мердігер ұйымдарға тиісті талаптар қойылып, оларды жою жұмыстары бақылауға алынды, – дейді Дәурен Әміров.
Жол саласында бақылаудың маңызы ерекше. Себебі құрылыс кезінде жіберілген қателік бірнеше жылдан кейін жолдың мерзімінен бұрын бүлінуіне, ал бұл өз кезегінде қосымша қаржы жұмсауға алып келуі мүмкін. Сондықтан анықталған кемшіліктерді дер кезінде жою – сапалы инфрақұрылым қалыптастырудың басты шарттарының бірі.
Мамандардың айтуынша, сапаны бақылау жазалау құралы емес, ең алдымен құрылыс жұмыстарының талапқа сай орындалуына ықпал ететін маңызды тетік. Бұл мердігерлердің жауапкершілігін арттырып қана қоймай, мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуына да мүмкіндік береді.

Бүгінде өңірдегі республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың барлығында бақылау жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасып жатыр. Нәтижесінде анықталған кемшіліктер кезең-кезеңімен жойылып, жол құрылысының сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Жол активтері сапасының ұлттық орталығы РМК
БҚО филиалының баспасөз қызметі