22 қыркүйек күні Үкімет отырысы өтті.

Онда Министрлер кабинетінің мүшелері жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты мамандарға бірқатар міндет жүктеді.
Үкімет басшысы ең алдымен жаңа Конституцияда Заң мен Тәртіп қағидаты негізгі құндылықтардың бірі ретінде бекітілгенін атап өтті. Оның сөзінше, заң нормалары мен ережелерді қатаң сақтау – әрбір азаматтың міндеті.
– Жол қауіпсіздігі Мемлекет басшысының әрдайым ерекше назарында. Адамның өмірі мен денсаулығы жол үстіндегі мінез-құлық мәдениетіне тікелей байланысты. Жалпы алғанда биыл жол-көлік оқиғаларының саны төмендеді. Елді мекендермен қатар, олардан тыс күре жолдарда да оң динамика байқалып отыр. Қаза тапқандар мен жарақат алғандар саны азайды. Мұның барлығы жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстарының нәтижесі екенін атап өткім келеді, – деді ол.
Сонымен қатар Премьер-министр жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірқатар заңнамалық норма қабылданғанын еске салды. Нәтижесінде, мынадай шаралар атқарылды:
Дегенмен, жалпы ахуалдың жақсарғанына қарамастан, елімізде жол апаттарының деңгейі әлі де жоғары күйінде қалып отыр. Олжас Бектенов көлік жүргізушілері тиісті ережелер мен талаптарға және жол қозғалысы мәдениетіне немқұрайлы қарайтынын мәлімдеді. Мысалы, қоғамдық көлікке арналған жолақпен жүретін, қос тұтас сызықты кесіп өтіп, қарсы бағытқа шығып кететін, сондай-ақ жылдамдықты шамадан тыс асыратын жауапсыз жүргізушілер де бар.
– Мұндай фактілерге міндетті түрде тосқауыл қойып, тиісті шаралар қабылдау қажет. Жалпы, жол ережелерін қасақана бұзушыларға қатысты тәсілдерді қайта қарау керек. Мұндай адамдарға айыппұл төлеу кезінде жеңілдіктер берілмеуге тиіс. Керісінше, бұзушылықтар санына қарай айыппұл мөлшерін еселеп арттыру қажет. Ішкі істер министрлігі көптеген елдерде тиімді қолданылып жүрген балдық жүйені енгізу тәжірибесін зерделеп, оны елімізде іске қосуға тиіс, – деді Үкімет басшысы.
Оның сөзінше, ортақ міндет – жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік апаттарын тұрақты түрде төмендету және адам өлімін азайту. Мұны жүзеге асыру үшін қосымша шаралар кешенін әзірлеу қажет. Премьер-министр нақты атқарылуы тиіс қадамдарға жеке-жеке тоқталды.
Біріншіден, елді мекендерден тыс трассаларға мән беру керек. Себебі жан түршігерлік апаттардың басым бөлігі дәл осы жолдарда орын алады.
Олжас Бектенов автокөлік жолдарының көпшілігі ескі стандарттар бойынша салынғанын атап өтті. Олар екі жолақты, ал ені – шамамен 7 метр. Көптеген учаскелерде тиісті жол инфрақұрылымы жоқ. Жүргізушілер де сапасыз жолдарға, жарықтың нашарлығына және навигация мәселелеріне әрдайым шағымданып келеді. Өйткені, бұл мәселелер жол қауіпсіздігі деңгейіне айтарлықтай әсер етеді.
Үкімет басшысы анықталған ақауларды жою жұмыстарының қарқыны баяу екенін айтып, уақтылы жөнделмейтінін сынға алды. Аталған түйткілді шешу үшін жауапты министрліктерге нақты тапсырмалар берді.
– Көлік министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, елді мекендерден тыс автожолдардың қолданыстағы жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіру бойынша кешенді шаралар қабылдауды тапсырамын. Жолдарды салу мен жөндеу кезінде стандарттардың қатаң сақталуына бақылауды күшейту керек. Бұдан бөлек, негізгі автомобиль жолдарындағы орташа жылдамдықты бақылау желісін кеңейтіп, визуалды бағдар беретін лазерлік жүйелерді орнатуды кеңейту қажет. Ішкі істер министрлігі елді мекендерден тыс күре жолдардың ең қауіпті учаскелерін патрульдеу ауқымын арттырсын. «ҚазАвтоЖол» компаниясы, «Қазгидромет», әкімдіктер, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар және Көлік министрліктері еліміздің автомобиль жолдарында техникалардың, жабдықтардың және жылыту пункттерінің қысқы кезеңге дайындығын қамтамасыз етсін. Жасанды интеллект министрлігі елді мекендерден тыс автожолдарды мобильді байланыспен қамту жұмыстарын жеделдетуі қажет, – деді ол.
Сонымен қатар Олжас Бектенов жол үстінде үй жануарларын қағып кету өзекті мәселелердің бірі екенін айтты. Жыл басынан бері осындай 200-ден астам жағдай тіркелді. Сол себепті, әкімдіктерге жол маңында мал жаю мәселесі бойынша мал иелерімен жұмысты күшейтуді тапсырды. Ал Көлік және Ішкі істер министрліктері Павлодар облысының жол бойында қоршау торларын орнату тәжірибесін қолдану мүмкіндігін қарастыруы қажет.
Премьер-министр тоқталған келесі тақырып – жол-көлік оқиғаларының негізгі бөлігі елді мекендерде орын алуы. Оның айтуынша, кейбір жол апаттарына көлік жүргізушілерінің ұялы телефондарды пайдалануы себеп болады. Сол себепті, жолдардағы автоматтандырылған жүйелер көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану фактілерін барынша анықтауға бағытталуы тиіс. Жалпы, Ішкі істер министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, орнатылған барлық камералардың жұмысын тексеріп шыққаны жөн.
– Сондай-ақ жаяу жүргіншілермен болатын оқиғаларға бөлек тоқталғым келеді. Көп жағдайда оған жаяу жүргіншілердің өздері кінәлі болып жатады. Сондықтан жолды белгіленбеген жерден кесіп өтетін адамдарға қатысты жауапкершілікті қатаңдату қажет. Реттелмейтін жаяу жүргіншілер өтетін жерлерде көлік жүргізушілерінің кінәсінен болатын жол апаттары да аз емес. Әкімдіктерге осындай учаскелерде бейнетіркеу жүйелерін орнату ауқымын кеңейтуді тапсырамын, – деді Үкімет басшысы.
Әсіресе білім беру ұйымдарының маңында кері санау таблосы бар заманауи бағдаршамдарды орнатуды қамтамасыз ету қажет. Ал Ішкі істер министрлігіне көшелердің қауіпсіз дизайны элементтерін енгізу бойынша халықаралық тәжірибені зерделеу міндеті жүктелді.
Үшіншіден, Олжас Бектенов көлік құралын басқаруды жаңадан бастаған жүргізушілер санатына ерекше назар аудару қажеттігін жеткізді. Өйткені, көбіне олар жол жағдайын және өз мүмкіндіктерін дұрыс бағаламау, сондай-ақ жол ережелерін сақтамау салдарынан апатқа ұшырап жатады. Бұл олқылықтың орнын толтыру амалдары да қарастырылды. Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігіне көлік жүргізушілерін даярлау сапасын арттыру мақсатында оқу ұйымдарының қызметін реттеу және үйлестіру жұмыстарын күшейтуді тапсырылды. Заң бұзушылық анықталған жағдайда міндетін адал атқармаған автомектептерді жалпы тізілімнен шығару қажеттігі айтылды. Себебі, бұл бағыт бойынша министрліктің тиісті өкілеттіктері бар.
Ал төртінші мәселе – жолаушылар тасымалы ерекше назарда ұстау. Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жоспарлы әрі жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Олжас Бектенов бұл бағытта қабылдануы тиіс шараларды атады:
Бұл тетіктерді енгізуді Премьер-министр Көлік министрлігіне және «Атамекен» палатасына жүктеді. Олар жеке меншік такси қызметін реттеу бойынша қосымша шаралар қабылдауы, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сапасын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыруы керек.
– Мұның барлығы нормативтік құжаттарда нақты реттелуге тиіс. Ішкі істер министрлігі заңсыз тасымалдаушыларды анықтауға бағытталған іс-шараларды тұрақты негізде жүргізсін, – деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп бірқатар шаруаны тындыруы керек. Атап айтқанда, автокөлік жолдарындағы апаттық жағдайларды ескере отырып, кейбір медициналық-құтқару бекеттерінің орналасқан жерлері қайта қаралады.
Ал Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, әр өңірде жол-көлік оқиғаларының жай-күйіне тұрақты түрде талдау жүргізеді. Жергілікті жағдайлар ескеріліп, көлік апаттары көп орын алатын учаскелерде жол қозғалысына қадағалау күшейтіледі, қажетті шаралар қабылданады.
Сөзінің қорытындысында Олжас Бектенов балалар қауіпсіздігіне айрықша тоқталды. Оның сөзінше, Оқу-ағарту, Мәдениет, Туризм және спорт министрліктері мен әкімдіктер оқушыларды түрлі білім беру, мәдени және спорттық шараларға жібергенде, оларды міндетті түрде полиция қызметкерлерінің бастап жүруін қамтамасыз етуге міндетті. Одан бөлек, жол қозғалысы мен қауіпсіздік ережелерін сақтау бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуге мән берілмек.
Алпамыс Файзолла