24.09.2024, 15:30
Оқылды: 51

«Жолдауда айқындалған мұрат-мақсаттар – билік пен халық бірігіп жүзеге асыратын жоба-жоспарлар»

Елімізде президенттік басқару институты орныққалы бері отандастарымыздың Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауынан біраз жақсылық күтетіні бұлжымас қағидаға айналды. Бұл – әрине, заңдылық және түсінікті жайт. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім,  қоғамдық оптимизм» ат­ты биылғы Жолдауында да елімізді әлеуметтік-экономи­калық тұрғыдан ілгерілете­тін әрі халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарта түсуі тиіс біраз іс-шараларды халқына жария етті. Менің түсінігімде, Прзезиденттің Жолдауында айқындалған мұрат-мақсаттар, бұл – билік пен халық бірігіп жүзеге асыруы тиіс жоба-жоспарлар. Әрине, бұл бағытта билік құрылымдарына қатысты ұйымдастырушылық пен пәрменділік категориялары ерекше мән-маңызға ие екендігі сөзсіз.

5E1A6885-CED1-49D2-8B62-4E2BDFB0B12C

Биылғы Жолдауында ҚасымЖомарт Кемелұлы ақша-несие  саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесім­сіздікке бірінші кезекте тоқталды.

– Ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажет. Қазір нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей жатқанын ашық айтуымыз керек. Шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру  мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның бел­сенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отыр. Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, осыған қатысты оңтайлы шешімдер ойластыруы керек. Банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет. Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуі тиіс. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды ұстаным, - деді Мемлекет басшысы. Турасын айтқанда, осы тақырып кәсіпкерлер қауымдастығына қоса, қалың бұқара арасында да көптен бері әңгіме болып келе жатқан мәселе еді...

«Бізге банктер туралы жа­ңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Ол кезде заман да мүлде басқа болды...»

Президенттің үшбу пікірі де шағын және орта кәсіпкерлікті несиелендіруді жетілдіруге оң әсер етеді деген сенімдеміз. Қарапайым халықтың өкілдері де тұрмыс-тіршілік болғасын әртүрлі мақсатта банктерден несие алуға мәжбүр. Ал біздің банктердің пайыздық үстемесі деген... Демек, ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйле­сімсіздікті жоюға талпыныс пен банктерге қатысты жаңа заң жеке секторға қатысты несие саясатына да жеңілдіктер әкелер деген үміттеміз.

Өнеркәсіп-өндіріс тақырыбына келгенде Президент:

– Еліміздің өнеркәсіп әле­уетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау қажет. Үкімет 17 ірі жобаның тізімін жасады. Онда терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілген. Өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кә­сіпорындарға жапсарлас өн­дірістер ашу маңызды, - дей келе моноқалаларға дем беру, өлке-өңірлердің өркендеуі үшін жаңа өндіріс ошақтарын барынша қолдау қажеттігін қадап айтты.

Егер осы мұрат-мақсаттың орындалуына ден қойсақ, экономиканың нақты секторы күрт қарқын алып, ішкі және сыртқы нарықтағы  қазақстандық тауарлар қатарының қалыңдай түсері кәміл. Оның үстіне өндірістің дамуы, ел-жұртты жұмыспен қамтуды күрт жақсартатын өте маңызды фактор екендігі күмәнсіз. Мемлекет басшысының өнер­кәсіп саласына қатысты әлгіндей талап-тілегі отандық же­ңіл өнеркәсіп саласына да жан бітіріп, әсіресе, ауылдық жерлерде текке ысырап болып жатқан жүн-жұрқа, тері-терсек сықылды мол шикізат қорын кәдеге жаратуға ықпал етер деген үміттеміз.

«Мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы ма-мандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихат-таймыз.

Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық  сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біз­дің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиет­тер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін  жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондық­­тан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.

Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.

Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет».

Қасым-Жомарт Кемелұлының адал еңбектің, жасампаз еңбектің жеке адамға қоса, тұтас қоғам үшін маңыздылығын айқындайтын ой-пікірі кім-кімді де бейжай қалдырмауы тиіс. Адамзат қоғамына тән материалдық игілік-жақсылықтың барлығы да еңбек адамының қолымен жасалған және жасала бермек. Ендеше, жас ұрпақты қаршадайынан еңбекке баулу – бала тәрбиесіндегі ба-сты да басым бағыттардың бірі болып қала бермек. Осы орайда айрықша айта кетеріміз, «Орал өңірі» газетінің шығармашылық ұжымы жылдар бойы «Кім болам?» арнайы беті аясында қазақ жастарын  техникалық жұмысшы мамандықтарын меңгеруге жыл­дар бойы насихаттап келеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмысымыз, әрине, жалғаса бере­тін болады. Президенттің таяу­дағы Жолдауынан кейін облыс орталығы Орал қаласындағы және аудан-ауылдардағы кә­сіптік-техникалық колледждермен біздің редакцияның үшжақты тиімді байланысы нығая түсері анық.  

Биылғы Жолдауының соңына таман: «Тағы да қайталап айтамын,  біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл –  бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз», – деді Мемлекет басшысы.

Иә, заң үстемдігі, заң диктатурасы әділетті қоғамның негізі. Ал тәртіп – бірлікті бекемдеп, берекені еселер өте маңызды фактор.

Бауыржан Ғұбайдуллин

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале