5.03.2022, 9:40
Оқылды: 116

Жолдың жыры бітер емес...

Жақында Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының кіші залында облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және білім мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының отырысы өтті.

EB373BC8-B12C-40D6-B2E3-D5C135D3333A

Комиссия отырысына облыстық мәслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаева, комиссия  мүшелері – Қамидолла Ирменов, Жаңабек Жақсығалиев, Алтынбек Ермекқалиев және бірқатар басқарма басшылары, «Отандастар сервистік орталығының» өкілдері қатысты.

Комиссия отырысын облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және білім мәселелері бойынша  тұрақты комиссиясының төрайымы Ә. Салиева жүргізді.

Айтайын дегенім, «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, алқалы жиында Жаңақала ауданына қарасты жол мәселесін тағы бір мәрте көтеріп, шешімін табуын сұрадым. Себебі әлі күнге дейін Жаңақалаға қарайтын сегіз округте «дені дұрыс» жол салынбағаны халықтың наразылығын тудыруда. Тіпті ауылға кіреберіс жолдардың күрделі жөндеуден өтпеуі көңіліңді қынжылтады. Шыны керек, басқа аудандарға қызыға да қызғана қараймыз кейде. Бұл – «айта-айта ауыр, жаза-жаза жауыр» болған тақырып болғанымен, әлі күнге дейін маңызды, өте өзекті мәселе деп ойлаймын. Сондықтан жолдың жөнделгенін, ол үшін қажетті қаражаттың тезірек бөлінгенін талап етеміз. Өйткені ауылдағы ел-жұртты алаңдататын да, олардың көңілін қынжылтатын да жол мәселесі.

Аталмыш отырыста менің сауалыма орай БҚО жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасының басшысы  Айдар Менеев сөз алып:

– Жаңақала ауданына қарасты Пятимар (10 км) және Көпжасар (14 км) ауылдарына кірмежолдарды жөндеуге бүгінгі таңда Аутомобиль жолдары комитетіне бюджет­тік өтінім жіберілді. Республикалық бюджеттік комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша бюджеттік өтінім мақұлданған жағдайда қаражат бөлінетін болады, – деп жауап берді. Ұзын сөздің қысқасы, қаржының тетігін ұстаған жауапты басшылар ауылдағы тұрғындардың талап-тілегін ескеріп, осы мәселеге жіті көңіл аударып, жол жөндеу жұмыстары кешікпей жүруі үшін қажетті қаржыны бөледі деп үміттенеміз. Ол күнде жақын болғай!, – деді.

Алтынбек Ермекқалиев, облыстық мәслихат депутаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале