26.05.2022, 10:45
Оқылды: 390

Жолың болсын, жас түлек!

Кеше облыс орталығындағы С.Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында соңғы қоңырау салтанаты өтті.

650216515

Биыл аталмыш білім ошағын 69 түлек бітіруде. Салтанатты жиын 11 жыл бойы білім алған, республикалық, халықаралық білім додаларының жеңімпаздарын, мектеп түлектерін құрметтеп қарсы алумен басталды. Бір қызығы, 69 түлектің бәрі де білім, өнер байқауларында жетістікке жетіп, жеңімпаз атанып үлгерген үздік ұландар.

Соңғы қоңырау салтанатына арнайы келген облыс әкімі Ғали Есқалиев 25 мамыр – есте қалатын ерекше күндердің бірі екенін атап өтті.

1 (3)

– Соңғы қоңырау – бәріміз үшін ұмытылмас күн. 11 жыл бойы біліммен сусындап, ұстазына анасындай еркелеп, балалық шағын алаңсыз өткізген шәкірттер сүйікті мектебімен қоштаспақ. Кей жағдайда балаларымыз мектепті тезірек бітіруге асығады. Бірақ кейін мектептің ішінде өткен сәттерді қимастықпен еске алып, сағынатын болады. Өйткені мектеп – көп шәкірттің екінші үйіне, қара шаңырағына айналады. Бүгін өмірдің жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрған түлектерді тәрбиелеген ұстаздарға алғыс айтамын. Әр баланың қабілетін байқап, оны жетілдіріп, дамытудың өзі үлкен еңбек. Сондықтан барша ұстаздарға жемісті еңбек тілеймін. Бүгінгі іс-шарада мектеп түлектерінің әрқайсысының жетістігіне куә болып отырмыз. Ендігі міндеттеріңіз – өздеріңізді дамытып, келешек өмірге дұрыс қадам жасап, ел үшін адал қызмет ету. Ең бастысы, ұстаздар мен ата-аналарыңыздың үмітін ақтап, биік белестерді бағындырыңыздар! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деп түлектерді құттықтаған облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы мектеп директорына «Жас эрудит» жазғы танымдық лагеріне бірнеше оқушыға арналған жолдама табыстады.

Қоңырау үнін сағынып келген Сәкен мектебінің 2002 жылғы түлектері мектеп ұжымына шынайы алғыс білдіріп, 1 000 000 теңгенің сертификатын сыйлады. Ұстаздар мен шәкірттерді мерекемен құттықтаған ардагер ұстаз Ерсайын Сапаров мектепте жабылып қалған бастауыш сыныптарды қайта ашу қажеттігін облыс әкімінің назарына ұсынды. Салтанатты іс-шарада жыл бойы жоғары табысқа қол жеткізген ұстаздар мен шәкірттер алғысхаттармен, арнайы сыйлықтармен марапатталды.

* * *

Қала әкімі Миржан Сатқанов пен білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова №33 жалпы орта білім беретін мектепте өткен салтанатты жиынға қатысып, биылғы мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тіледі.

– Соңғы қоңырау мерекесі – мектеп тарихына енетін көңілді әрі қуанышты оқиға. Түлектер он бір жыл білім алған алтын ұяларымен қоштасса, ұстаздар өздерінің сүйікті шәкірттерін өмірге қанаттандырады. Оқушыларды білім нәрімен сусындатып, оқу үрдісін нәтижелі ұйымдастырған ұстаздарға, балаларға тіреу болып, қолдау білдірген ата-аналарға алғысымды білдіремін. Мемлекет қолдауының нәтижесінде сіздердің сапалы білім алып, шығармашылық қабілеттеріңізді дамыту үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Шаһарымызда жыл сайын жаңа мектептер мен қосымша білім беру орталықтары ашылуда. Ең бастысы, егемен еліміздің ертеңі — сіздер алаңсыз білім алып, арман-мұраттарыңызға жеттіңіздер. Талмай талаптанып, білім биігінен көрініңіздер, – деді Миржан Мұнайдарұлы.

Бұл мектепті биыл 16 оқушы аяқтауда.  Олардың төртеуі  «Алтын белгіге» үміткер, 12 оқушы «Елбасы медалінің» иегерлері. Салтанатты іс-шарада  түлектер мектеп өмірінен әдеби-сазды көрініс ұсынды. Іздерін басқан мектеп шәкірттерін табанды болуға, еңбекқорлыққа шақырып, терең білім алып, арманға ұмтылуға үндеді. Сондай-ақ аталмыш мектепті 20 жыл бұрын бітірген түлектер осы жиынға келіп, алтын ұя мектептеріне 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

65106510651651651 (1)

Жиын мектеп вальсімен жалғасып, күміс қоңырау соғу құрметі 11-сынып оқушылары – «Алтын белгі» үміткері Айбар Сисенов мен «Елбасы медалі» төсбелгісінің иегері Аружан Ибраевға ұсынылды.

* * *

Өңірімізде биыл 5687 түлек мектеп бітірмек. Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің берген мәліметіне сүйенсек, мектеп бітірушілердің  4 838-і ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Соның ішінде 316 оқушы «Алтын белгіден», 304-і «Үздік аттестаттан» үмітті.

Облыс мектептерінде барлығы 115 мыңға жуық оқушы білім алуда. Биыл 9-сыныпты аяқтаған 9 250 оқушы емтихан тапсыруға дайындық үстінде. Мектеп түлектері ҰБТ сынақтарын Орал және Ақсай қалаларында тапсырады.

БҚО білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнәр Сәрсенғалиеваның айтуынша, мектеп бітіру іс-шаралары білім ошағында өтеді. Мектеп түлектері «Мектепке кітап сыйла», «Мектепке сый» ағаш отырғызу, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен балаларға арналған «Мейірімді жүректен балаларға», «Туған жерге тағзым», «Алғашқы ұстазыма алғыс айтамын!» сынды іс-шараларды ұйымдастыра алады.

1 (67)

– Педагогикалық әдепті сақтау және алдын алу мақсатында мектеп бітіру кезінде аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, кеш өткізу үшін жеке студияларды тартуға, дастарқан  ұйымдастыруға болмайды. Сондай-ақ  қала немесе аудан бойынша көшпелі экскурсиялар өткізуге, әкімшілік пен педагогтерге сыйлық алуға  ақшалай қаражат жинауға, мейрамханаларда, кафелерде және басқа да ойын-сауық мекемелерінде мектеп бітіру шараларын ұйымдастыруға тыйым салынады, – деп атап өтті Г.Сәрсенғалиева.

Материалдарды дайындаған Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале