28.09.2020, 11:14
Оқылды: 258

 «Жұбанның жыры – ғасырлар үнi»

Қазақстанның халық  жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегерi, қоғам кайраткерi, ақын Жұбан Молдағалиевтiң ғасырлық мерейтойына орай Ақ Жайық өңірінде ұйымдастырылған шаралар легі М.Өтемiсов атындағы БҚУ-да жалғасты.

Juban konferensia (6)

Juban konferensia (2)

Аталмыш білім ордасында  өткен халықаралық конференцияға Түркия, Ресей елдеріндегі университеттердің оқытушы-профессорлар құрамы онлайн режімде қатысып, ақынның шығармашылығы хақында баяндама жасады. Сондай-ақ алқалы басқосуда облыс әкімі Ғали Есқалиев, Жұбан Молдағалиевтің ұлы Азамат Жұбанұлы, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының және ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, сондай-ақ елге танымал театр режиссері, Мемлекеттік музыкалық балалар және жасөспірімдер театрының директоры Асхат Маемиров пен М.Өтемiсов атындағы БҚУ-дың професорлары Жұбан ақынның ғибратты ғұмыры мен рухты жырларына тоқталды.

Juban konferensia (9)

– Құрметті, конференцияға қатысушылар! Бiз бүгін ақындығымен, азаматтығымен елдің құрметіне бөленген Жұбан Молдағалиевтiң ғасырлық мерейтойы аясындағы шараларға куә болып отырмыз. Ақын қазақ елінің өз алдына мемлекет болғанын, аты әлемге білім, ғылым, жетістігімен танымал болуын аңсап өтті. Бүгінде ақынның сол армандары орындалуда. Өйткені еліміз еңсесін тiктеп, тәуелсіз Қазақстан атанды. Ендігі бiздiң мiндетiмiз –өмір жолы ерлікке толы Жұбан ағамызды бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп, әдеби мұраларын, рухты жырларын келер ұрпаққа аманаттап жеткiзу. Елi, азаматын құрметтейтiн халқы барда Жұбан ақын мәңгі жасайды. Орал қаласының орталығында Жұбан Молдағалиевтің ескерткіш мүсіні орнатылып, «Жұбан энциклопедиясының» тұсауы кесілді. Сахналық қойылым да көрерменге жол тартты. Бұл конференцияға еліміздегі ғалымдардан бөлек, Түркия, Ресей елдерiнен мүйізі қарағайдай профессорлар қатысып отыр. Конференция жұмысына сәттілік тiлеймiн, – дедi жиынның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Juban konferensia (7)

Шараны М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Абат Кыдыршаев жүргiзiп, Жұбан ақынның әр сөзінен тұжырым жасаумен кештің мағыналы өтуін қамтамасыз етті.

Халықаралық конференцияда сөз алған бірқатар зиялы қауым өкілдерінің қаламгер хақында айтқан тұшымды ойлары мен пікірлерін жеткізе кетсек.

Juban konferensia (1)

Ұлықбек Есдәулет,

ҚР Жазушылар одағының төрағасы:

– Жұбан ақын жас буынға аңыз болса, біз оның көзін көрген ұрпақпыз. Жұбан Молдағалиев десек, өр тұлғалы, кесек толғайтын, кесіп айтатын, көсем сөзді, байыпты ойлы, кемел аға елестейді. Ол кісі менің көз алдымда осындай асқақ қалпымен, биік болмысымен қалды. Ол ешқашан пендешілік жасап, ұсақтыққа бармады, қыранша өмір сүрді. Жұбанға «қыран ақын» деген теңеу ұйқасады. Бірақ қаламгердің өзі айтқандай, «қыранға қырансың деу мақтау сөз емес». Ол Оралдағы ауыл шаруашылық техникумында оқи жүріп, қаладағы әдебиет үйірмелерінің жұмысына белсенді қатысты. 1939 жылы "Комсомол ұрпағы" атты облыстық жастар газетінде оның "Ленин тірі" деген тұңғыш өлеңі де жарық көрді.
«Өлеңге ерте келіп, кеш ер жеткен» ақын топ жарып шықты. Нақтырақ айтсақ, сонау КСРО-ның кезінде 15 республиканың  ақындарының ішінде КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығын алған жалғыз ақын. Ол  1940 жылы міндетті әскери қызметке шақыртылады. Бір жылдан соң сұрапыл соғысқа араласады. "1940 жылы армия қатарына алынғанда екі-үш дәптер өлеңімді жәшік түбіне салып, ала кеттім. Олар Отан соғысының алғашқы күндерінің бірінде өртке оранды. Әрине, олар бір әдеби мұра болғандай дүниелер еді демек емеспін. Тек өлеңге қашан, қалай келгенімді сипаттайтын нәрселер болатын. Сөйтсе де, олар маған соғыста "қаза тапқан" өлеңдер боп көрінеді. Соғыспен 1941 жылы 22 маусымда таңғы сағат төртте душарластым. Әрине, ол күндері өлең емес, бас қайғы болды", – деп өзі еске алған болатын. Ол майдан газетінде жұмыс істеп жүргенде орыстың белгілі ақын-жазушыларымен әрі журналистерімен танысып, ақыл-кеңестеріне жүгінеді. Олардың ішінде Александр Исбах, Михаил Матусовский, Борис Бялик, Михаил Светлов, Сергей Михалков, Степан Щипачев бар. Жұбағаң бала кезінен Махамбеттің өлеңдері мен «Батырлар жырына» сусындап өскенінің әсері шығар оның қаһармандық поэзиясы «алмас қылыштай» еді. Оның «Мен - қазақпын» поэмасы – бұлтсыз күнгі найзағайдай болды. Бұл поэма  тәуелсіздіктің ұранына айналды. Өз дәуірінде, шығармашылық ғұмырында қоғамды дүр сілкіндіріп кеткен Жұбан ақынды біз ардақтап, жырларын келер ұрпаққа мирас қылып кетуіміз керек,

Ақұштап Бақтыгереева,

ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын:

Ақжайық ауданының Сайқұдық ауылында 1920 жылы дүниеге келген сәбиді  бір кездері Жайықтан ұшып, алысқа самғап, «Мен  - қазақпын» деп жар салатынын, әрине, ешкім болжамады. Алты жасынан әкеден жетім қалған ұлдың осыншама өжет те, батыл ақын болып өсуі анасы Зәріптей қазақ әйелінің ерлігі екенінің айтуға тиіспіз. Бәлкім, «Мен қазақ әйеліне қайран қаламын» деп тебіренуі ана махаббатынан бастау алған шығар. Ол университет бітіріп, ғылыми атақ қумай-ақ өз кезеңінің парасаттыларымен терезелерін тең ұстағанын, ұлтының атынан асқақ сөйлеп, талай мінбеден өлең оқығанын көрдік. Жалтаққа көнбей, надандыққа ермей, ерге лайық мінезімен өмір сүргенін көрдік, үлгі алдық. 1970 жылы  «Абай» атындағы Қазақстанның мемлекеттік  әдеби сыйлыққа ие болса, 1978 жылы КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. Өзінің адуынды жырларымен әдебиет әлемінде тез танылды. «Мен қазақпын» поэмасымен қазақ әдебиетінің ірі тұлғасына айналды.

Қазақ әдебиетінде КСРО және Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығын алған үш қаламгер болса, соның бірі - Жұбан Молдағалиев. Қазақстанның халық жазушысы, «Құрмет» белгісі, «Ленин» ордендерін омырауына тақты. Сол кездің ең үлкен марапаттарына ие болды. Осынша марапат ақынға оңайлықпен келмеді. Ол ерлік жайлы талай жыр, дастан жазды. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрғанда «Мен - қазақпын» деп жар салу оңай емес еді. Бірақ бұл батылдыққа Жұбан ақын барып, қазақ ұлтының мың өліп, мың тірілгенін айта алды. Еркіндік алған бүгінгі таңның өзінде «менмін» деп ана тілді жырлап жатырғанымыз шамалы екенімізді мойындауымыз керек. Ал Жұбанның ақындық рухы мықты екенін айтуға тиіспіз. Ол саясатқа емес, өз жүрегінің үнін тыңдады, ар-ұятына жүгінді.

Juban konferensia (3)

Juban konferensia (4)

Juban konferensia (5)

 

                                                                       Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале