28.12.2022, 17:30
Оқылды: 75

Жүлде жоқ, жолдама қалтада

Алматы қаласы Талғар ауданы «Алатау» шаңғы-биатлон кешенінде шаңғы жарысынан Қазақстан Республикасы кубогінің екінші кезеңі өтті.

7

Осы кезеңде үздік атанған спортшылар ел құрамасының сапына еніп, бүкіләлемдік универсиада, жастар арасында әлем чемпионаты және бүкіләлемдік оқушылар гимназияда да ел намысын қорғауға мүмкіндік алатындықтан жарысқа еліміздің үздік шаңғышылары келді. Облыс спортшылары да аталған додадан шет қалмады. Еділбек Елубаев, Дамир Кабикесов, Алдияр Исаевтың үштігі намысты қолдан бермеуге тырысып бақты.

Ел кубогінің алғашқы күні шаңғышылар еркін әдіспен қысқа қашықтықта бақ сынады. Бұл бәсекеде облыс намысын Еділбек Елубаев қорғады. Ересектер арасындағы жарысқа алғаш рет шыққан жас спортшымыз әлем кубогі, әлем чемпионаты, олимпиада ойындарында қатысып жүрген сақа спортшылардан еш кем емес екенін көрсете білді. Жарыстың екінші күні өз бағын сынаған Дамир Кабикесов өңірімізде ұзақ қашықтыққа шабатын шаңғышылардың арасында үздік екенін көрсетті. Ал үшінші жарыс күнінде классикалық әдіспен қысқа қашықтықты бағындырған шаңғышылар кезекті медаль жиынтығын сарапқа салды. Әп дегеннен қарсыластарының көбін қапы қалдырған Еділбек Елубаев жартылай финалдық бәсекеде тәжірибесі басым қарсыластарына жол беріп, сегізінші орынға тұрақтады. Ал 20 шақырымға классикалық әдіспен жүгірген Дамир Кабикесов үздік отыздыққа енді. Әлі кіші жасөспірімдер тобында өңер көрсетіп жүрген Алдияр Исаев та ересектер арасындағы алғашқы жарысында осалдық танытпады.

Еділбек пен Дамир үшін бұл ел кубогі осы кезеңі ерекше сынақ болды. Әлі жасөспірімдер арасында күш сынасып жүрген қос шаңғышы біраз тәжірибе жинады. Еліміздің үздік шаңғышыларымен жарысып, өз күшін сынап көрді. Қос спортшы жарысқа Түркияда өтетін бүкіләлемдік оқушылар гимназиядасына жолдама жеңіп алу барған еді. Ол биікті бағындыра білді.

Енді олар ақпанда жер шарының оқушылары қатысатын гимназияда да ел намысын қорғайтын болады.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале