Жылжыған жылдар байқатпай 70 жастың жотасына көтерген Болат Қосжанұлы Есқалиевті әсіресе Ақжайық ауданының жұртшылығы жақсы біледі. Осы ғұмырының 40 жылдан астамын газет жұмысына арнаған азамат бұл жасына сергек жеткені сондай, қаламы қолынан әлі түскен жоқ. Өмірінде кеуде соғып кимелемей, алға түсуге құмартпай, бірақ жуан ортадан мызғымай орын алған, асқан қарапайымдылығы ерекше көзге ұратын, жайсаң мінез Болатты Жайық журналистері жақсы біледі. Жоғарыда айтқанымыздай, 40 жылдан астам уақытта қанша шәкірт тәрбиеледі десеңізші. Санай қалсаңыз сан жетпейді, олары аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда бүгінде жуан сапты «қалам» ұстаған бір-бір қызметкерге айналған. Журналистің бір бақыты болса, осы шығар...

Өткенде Бөкестің жота жасына байланысты қалалық әкімдікте «Ақжайық ауданы жерлестерінің ардагерлер бастауыш ұйымының» ұйымдастыруымен шуақты іс-шара өтті. Бастауыш ұйымның төрағасы Жанат Сағынаев тізгінін ұстаған ол басқосу Болат Есқалиевтің туған күніне арналды. Төраға аудандастар атынан мерейтой иесінің мерейін аспандатып, жылы-жылы лебіздер айтты. Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің арнайы құттықтаухатын табыстады. Облыстық ардагерлер ұйымының «Халық құрметі» медалін өңіріне ілді. Оған қосылып, Жұбан елінен Ақжайық ауданының әкімі Болат Сердалиннің арнайы құттықтауы мен сый-сияпатын арқалап келген Ақжайық ауданының құрметті азаматы, өлкетанушы, ардагер журналист Бақтығали Қоспаев, Ақжайық аудандық «Жайық таңы» газетінің редакторы, Болат Қосжанұлының шәкірті Әлия Шарапиева сөйлеп, 70 жасқа сергек жеткен жерлестеріне шуақты лебіздерін арнады. «Орамал тон болмайды, жол боладының» ретімен сыйлықтарын табыстады. Оған қоса, Жұбан елінің арнайы беріп жіберген шапанын мерейтой иесінің иығына іліп, қимас сәттің нұрына шомылдырды.
Сонау бір жылдарда Ақжайық ауданында колхоз төрағасы болып абыройлы еңбек еткен, кезінде Болат Қосжанұлы шығарған «Еңбек-Труд» газетінің оқырманы болған, қазір зейнеткер Сапа Айсахаев Есқалиев туралы әдемі тілегін арнап, замандасын мерейжасымен құттықтады.
Болат Есқалиев 1979 жылы Ақжайық (ол кезде Чапаев) аудандық «Еңбек-Труд» кейін, «Жайық таңы» газетінде журналистік жолын қатардағы тілшіден бастаған еді. Кейін, көп ұзамай сол үнқағаздың редакторы болып, абыройлы еңбек еткенін аудан оқырмандары жақсы біледі. Содан бастап, сөз қадірін бағалай білетін қаламының желі, жазуға ебі бар, талай жас талапкерге ақылшы аға, қамқоршы ұстаз бола білді. Аталмыш іс-шарада бүгінгі редактор Әлия қарындастың өзінің құттықтау сөзінің арасында «Болат ағамыздың шекпенінен шықтық» деп тебіренуінің мәні осында жатса керек.
Есқалиев сарашы болған жылдарында газеттің таралымын сақтап қалуға күш салумен қатар, ауылдардың тыныс-тіршілігіне, оның қарапайым адамдарының мұң-мұқтажына ерекше көңіл бөліп, өзі басқарып отырған газеті арқылы адамдар арасында қайырымдылық пен адамгершіліктің салтанат құруына ерекше көңіл бөлді. Қалам қайрап, аққағазға төнгенде, құйылып түскен жолдардан өзінің адамдарға деген таңғы шықтай көңілі мен ақ ниеті ылғи жарқырап, сәуле шашып көрініп тұратын. Сол қасиетін шәкірттері де бағалап, мақала жазғанда Есқалиевке ұқсауға тырысатын. Ал ондай бақ кез келгенге қона бермейтін, тек ары да, жаны да таза жазармандарға ғана бұйыратын бақыт қой. Бұл жағынан келгенде журналист Болат Қосжанұлы Есқалиев бақытты журналист десе, жарасар!
Ендеше, Ақжайық ауданының құрметті азаматы атағының, «Ерен еңбегі үшін», «ҚР Ақпарат саласының үздігі» медальдарының иегері Болат Қосжанұлы жоталы 70-не ақарлышақарлы абыроймен келіп отыр десек, еш қателеспеспіз.
Есенжол Қыстаубаев,
«Орал өңірі»