27.09.2022, 9:00
Оқылды: 76

Журналистің жинағы

Серік Жұмағалиев журналистикаға бірден келе қалған жоқ, өмірдің ортасында жүріп, біраз қызметтің тұтқасын ұстады. Мектепте жұмыс істеп, талай шәкіртті қанаттандырды. Тіпті аудандық мәслихатта жауапты жұмыс істеуге тура келген. Бірақ көңілдің түкпірінде ақ қағаз бен қаламға арбалған бір сезім сонау бала кезден бұғып жататын. Сол бір өзі ғана білетін тылсым жылдар өткен сайын бүкіл жан дүниесін жаулап алды.

IMG-20220927-WA0004

Ақыры, Серікті қол-аяғын матап, бейнеті бес батпан журналистикаға түбегейлі бет бұрғызды. Содан күндердің күнінде аудандық газетте еңбек етті. Ұзақ жыл сол аудандық газеттің тізгінін ұстап, редактор болды. Міне, сол жылдарда Серіктің қаламынан талай дүние туды. Самдағай жанр – қысқа хабарлар, бара-бара репортаждан бастап, көркем очерк, шағын әңгімелер туындатты. Серіктің дүниелері көп ұзамай облыстық «Орал өңірі» газетінде де жариялана бастады. Сөйтіп жүріп, шағын әзіл-сықақ, әзіл әңгімелер, юмор, фельетон дейсіз бе, оқырман сықылықтап күліп отырып оқитын дүниелер жаза бастады. Айтпақшы, осы арада айта кету керек, жыл сайын 1 сәуірдегі күлкі күні қарсаңында «Орал өңірі» газетіндегі әріптестері Секеңе арнайы тапсырыспен әзіл-сықақтар жаздырып алатын болды.

Сөйткен Серігіміз бүгін оқырмандарына алғашқы кітабын сыйлап жатыр. Мұнда автордың соңғы жылдарда жазған еңбектері топтастырылған. Біз, Серіктің әріптестері, соңғы он жыл көлемінде оған «Талай жақсы дүниең бар ғой, соларды жинақтап, кітап етіп шығармайсың ба?» деп жиі айтушы едік. Секең бірден елп ете қалған жоқ. Осы жинағына өте мұқият қарады. Жазғандарын қайтақайта іріктеді. Арасында «Мына бір жазғанымды кітапқа енгізуге бола ма?» деп  бізден тәптіштеп сұрап  алатын.

Кітаптың алғашқы бөлімі негізінен тарихты, адам тағдырын қаузаған материалдардан тұрады. Онда, әсіресе, Казталов ауданының өткен-кеткен жылдарынан сыр шертіледі. Тап осы материалдардың денін кезінде республикалық «Егемен Қазақстан» газеті арнайы сұратып алып, дүркін-дүркін жариялады. Жинақтың екінші бөлімі руханият, автордың ойтолғамдарынан, өмірден көрген-білген, ойға түйген дүниелерден тұрады. Ал үшінші бөлімді оқығанда күле-күле көзіңізден жас шығып, шегіңіз түйіліп қалуы мүмкін – ылғи әзіл-сықақ әңгімелерден тұрады. «Орал өңіріндегі» әріптестері Серіктің сол әзілдерін алғаш оқығанда күлкіден жарылғанбыз. Бас-аяғы жұмыр, қысқа ғана жазылған, юморға бай. Тілі шұрайлы, күлдіріп отырып, ойлантып тастайды. Әзілдерінің бәрі өмірден ойып тұрып алынған, болып жататын оқиғалар, өзіміз күнде көріп жүрген адамдардың қылықтары. «Әлгілерді мен де күнде көріп жүрмін ғой... Осыны мен неге жазбадым?» деп ойланып қалатынымыз рас. Жинақтың төртінші бөліміне Серік Жұмағалиевтің шәкірттерінің еңбектері жинақталыпты. Әр түрлі жанрда жазылған олар жеңіл оқылады. Қаламдас досымыз бір кезде көз майын тауысып, шәкірттерінің осынау дүниелерінің тұсауын кескен, сөйтіп, аудандық газетте жариялаған. Патша көңіл оқырманға жол тартқан бұл жинақтың көңілден шығатынына сеніп отырмыз.

Есенжол Қыстаубаев,

Қазақстанның құрметті журналисі, 

«Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарының, «ҚР Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері, Ақжайық ауданының құрметті азаматы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале