2022 жыл басталғалы бері еліміз бойынша 600-ден астам пәтер тонаушы ұры ұсталды. Бұл туралы ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Сағындық Жантеміров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Пәтер ұрлығы немесе үйді тонау қылмысымен күресу мақсатында біздің министрлік заңнаманы жетілдіріп, бірқатар практикалық шара қабылдап жатыр. Талдау нәтижесі көрсетіп отырғандай пәтер ұрыларының дені бұрын істі болған немесе жасаған ұрлығы кешірілген жандар. Осы орайда 2018-2019 жылдары еліміздің қылмыстық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оған сәйкес пәтер ұрлығын жасау қайталанса ауыр қылмыс болып есептеледі. Сол сияқты айыптының кінәсі дәлелденген жағдайда 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады», - деді Сағындық Жантеміров ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, пәтер ұрлығының алдын алу мен қылмыс барысын ашуда бейнебақылау камералары таптырмас құрал.
«Бүгінде еліміз бойынша көпқабатты үй аулаларында 68 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Одан бөлек 22 мыңнан астам бейнебақылау камерасын тұрғындардың өздері орнатты. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде аталған қылмыс түрімен күрес өз нәтижесін беріп жатыр. Жыл басынан бері ел аумағында 600-ден астам пәтер ұрысы ұсталды. Сонымен қатар 29 қылмыстық топ құрықталды. Оның ішінде 36 көшпелі ұры бар. Яғни әр қалаға барып пәтер тонаушылар», - дейді ол.