30.12.2020, 9:47
Оқылды: 393

Жыл үздіктері марапатталды

Кеше Салтанат сарайында жыл қорытындысы бойынша әр саланың үздіктеріне «Жыл үздігі» сыйлығы табысталды. Орал қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шарада «Жыл үздігі» сыйлығы 16 маманға ұсынылды. 

үз4

–  2020 жыл – оңай болған жоқ, қиындықтардың бәрі осы жылмен қалып, 2021 жыл еліміз үшін, әр шаңырақ үшін жақсы жаңалықпен келуін тілеймін, - деп сөзін сабақтаған қала әкімі Абат Шыныбеков жиналғандарды жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Сондай-ақ жыл ішінде атқарылған жұмыстарды саралап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып өткен қала әкімі шаһардың жеткен жетістігі мен табысында әр тұрғынның үлесі бар екенін атап өтті.

үз1

Жыл бойы еселі еңбек еткен әр саланың мамандары бұл күні ерекше құрметке бөленді. Нәтижелі еңбек еткендердің бірі «Орал жылыжай комбинаты» ЖШС директоры Алмат Забыхов – «Үздік инвестор» атанды. Алмат Қайратұлының жетекшілігімен биыл компания Зашаған кенті аумағында 5,6 гектар аумақтағы жылыжай кешенінің құрылысын аяқтаған. Мұнда жылына 3 мың тонна өнім шығарылады деп күтілуде. Сондай-ақ «Үздік тазалық сақшысы» аталымы – 2002 жылдан бастап «Жайық таза қала» ЖШС-нда 4 разрядты жол-көпір шаруашылығының қолмен жинау бойынша жұмысшысы Нұрлан Жақановқа, «Үздік әлеуметтік қызметкер» аталымы 2014 жылдан бері қалалық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығында» қызмет етіп, тыл ардагеріне және өмірлік қиын жағдайға түскен жандарға қызмет көрсетіп жүрген Макира Рахметуллинаға берілді.

үз2

Жастар мәдениет үйінің «Алаш» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі Данияр Таңатаров – «Үздік мәдениет қызметкері», «Орал жастары» волонтерлік ұйымының мүшесі Айжан Жұмабай – «Үздік волонтер» атанды. Биыл Сербия елінің Белгард қаласында өткен алтын қолғап күштілер турнирінде жүлдегер атанып, қараша айында Шымкентте  ересектер арасында өткен ел чемпионатында 49 келі салмақта жеңімпаз және «Ең жас жеңімпаз» номинациясына ие болған Даниял Сәбит – «Үздік спортшы» аталымына ие болды. Сондай-ақ бұл күні мерейі тасып, марапат алғандардың қатарында өз саласының үздік мамандары Жасқайрат Борбаев,  Жақсығали Мүсіров, Жаңылғаным Сафиева, Ақылбек Хисин, Ғани Күлекешов, Артур Тедеев, Әсел Қабиева, Гүлжазира Өтепқалиева, Гүлзада Тастаева болды. «Заңғар» ЖК – 2020 жылдың «Үздік пәтер иелері кооперативі» атанды.

үз3

Салтанатты шара соңы Жастар мәдениет үйінің көркемөнерпаздарының концертіне ұласты.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале