15.12.2022, 10:15
Оқылды: 144

Жылыту маусымында жұмыс қауырт

Кеше облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен кеңес өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, Орал қаласы және аудан әкімдері, облыстық басқарма  басшылары, «ҚазТрансГаз Аймақ» БҚӨФ, «Жайықжылуқуат» АҚ, «Батыс су арнасы» ЖШС, «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС және БАҚ өкілдері қатысты.  

f7a00d8f-c621-47a9-a46c-c7154c0a9570

– 12 желтоқсан күні мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Аталған жиында Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында еліміздің жаңа даму бағдары айқындалғанын, азаматтардың табысын арттырып, өмір сапасын жақсартуға баса назар аударылатынын атап өтіп, ерекше мән беруді қажет ететін бірқатар мәселеге тоқталды. Соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселесі өте өзекті. Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі жылу-электр стансаларының орташа тозу деңгейі 66 пайызға, ал кейбір қалаларда шекті межеден асып, 80 пайызға жеткенін, соған байланысты Президент әкімшілігінің жанынан құрылған арнайы комиссия кешенді шаралар әзірлегенін айтты. Соған сәйкес бақылау-қадағалау тетігін күшейтіп, меншік иелерінің жауапкершілігін және жалпы саланың тиімділігін арттыру қажеттілігі жөнінде тапсырмалар берді. Осыған орай бүгінгі кеңесте аталған мәселені талқылаймыз, – деді Нариман  Төреғалиұлы.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Миржан Нұртазиев осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

935c1c84-94d5-46ec-a129-900861b7df1d

– Тұрғын үйлерге жылу беру 17 қазанда басталды. Оған дейін коммуналдық кәсіпорындар дайындық жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес жүргізді. Орал және Ақсай қалалары бойынша жылыту маусымына 1324 көппәтерлі тұрғын үй (Орал қ. – 1206 КПТҮ, Ақсай қ. – 118 КПТҮ), 374 денсаулық сақтау нысаны, 615 білім беру нысаны, 340 мәдениет нысаны дайындалды. Бүгінгі таңда облыс үшін қажетті көмір көлемі 2,3 мың тоннаны құрайды. 50 әлеуметтік нысанға (білім – 12, денсаулық сақтау – 19, мәдениет – 19 нысан) көмір толығымен жеткізілді, – деген Миржан Жанғазыұлы жылыту маусымында апатты жағдайлар орын алған кезде жүзеге асырылатын іс-шаралар және коммуналдық кәсіпорындардағы арнайы техникалар мен бригадалардың дайындығы, олардың қосалқы бөлшектермен, қажетті материалдармен қамтамасыз етілуі  жөнінде сөз қозғады.

– Орал қаласы бойынша бүгінгі уақытта «Жайықжылуқуат»  АҚ 1636 нысанды, оның ішінде 1209 тұрғын үйді жылу энергиясымен қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда 2 су жылыту, 3 энергетикалық және 1 кәдеге жарату қазандығы жұмыс істейді. Резервте 1 турбоагрегат, 3 энергетикалық қазандық және 3 су жылыту қазандығы бар. 2022 жылы Орал қаласындағы жылу желілерінде барлығы 19 апатты жағдай (қысқа мерзімді) тіркелді. Апат орын алған желілерді қалпына келтіру жұмыстары атқарылды. Қазіргі уақытта қаладағы жылу энергетикалық жабдықтар штаттық сипатта жұмыс істеуде, – деді Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов. Бұған қоса Миржан Мұнайдарұлы «иесіз» үйлерге жылу беруге қатысты жиі мәселе туындайтынын, осындай үйлерді мүлік иелерінің бірлестікте-ріне немесе жай серіктестіктерге біріктіру бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын  айтып   өтті.

Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов қайта жаңғыртуды қажет ететін құбырлар бар екенін, алдағы уақытта осы құбырларға техникалық зерттеу жүргізіліп, атқарылатын шаруаға қанша қаражат жұмсалатыны анықталатынын жеткізді.

Өз кезегінде «Жайықжылуқуат» АҚ-ның бас директоры Бақытжан Әкімғожин, «Батыс су арнасы» ЖШС-ның бас директоры Әнуар Аркенов, «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-ның бас директоры Қуат Мусин жылыту маусымында орын алатын өзекті мәселелерді ортаға салды.

759b3dd5-ef0f-4522-af0a-5f3cb506215b

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы, соның ішінде жылыту маусымының өту барысы қатаң бақылауға алынып, апатты жағдайлардың орын алу тәуекелдерін төмендету және шұғыл өзара әрекет ету алгоритмі әзірленуі тиіс. «Жайықжылуқуат» АҚ және «Батыс су арнасы» ЖШС басшылары қалыптасқан кредиторлық берешектерді өтеу мақсатында нақты шаралар қабылдасын. Коммуналдық кәсіпорын басшылары өндірістік және жөндеу жұмыстары барысында еңбек қауіпсіздігін қатаң сақтау шараларын қамтамасыз етсін. Президент тапсырмаларын тиімді және уақтылы орындау – өңірдің тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз етудің кепілі. Біз қойылған міндеттерді жауапкершілікпен орындау үшін бар күшімізді салуымыз керек, – деген Нариман Төреғалиұлы тапсырмалардың орындалуын облыс әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиевтің қадағалайтынын ескертті.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале