27.12.2022, 9:46
Оқылды: 83

«Жынданбау үшін күлемін»

Дәл осындай атаумен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы-журналист Нұрлан Сәдірдің кітабы оқырманға жол тартты. Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында ұйымдастырылды.

321436473_676812024133036_7226764029939398564_n

– Жайық жұрты Нұрлан Қуанышұлын жан дүниесі жанр талғамайтын қаламы жүйрік ақын, жазушы, драматург ретінде жақсы таниды. Ол әлеуметтік желіде де белсенді. Сынау үшін нысанаға алған дүниесін саяси сарказмдермен оқырманға жеткізеді. Ең бастысы, онда ұлтына болсын дейтін ұлы жүрегі бар. Өңірімізде бір келеңсіз жағдай орын алса, сол мәселе реттелгенше басы-қасында жүреді. Нұрлан Қуанышұлының қаламы қағаз үстінде, аяғы тасжолда  дамылдамайды. Сол шабыстың бәрі елдің болашағы, ұлттың қамы деп білеміз. Қалың оқырманға жол тартқан алғашқы кітабыңыз құтты болсын, – деді жиынның ашылуында аталмыш орталық директорының орынбасары Талғат Мықи.

Белгілі ақын, танымал педагог Дариға Мұштанова мен домбыра жасаушы шеберлердің республикалық «Үкілі домбыра» байқау-бәйгесінің екі дүркін лауреаты, дәулескер күйші Едіге Нәбиев ақжолтай тілектерін арнады. Жиында кітаптың атауына қатысты, яғни «жынданбау үшін неге күлетінін» автор былайша  түсіндірді.

– Кітаптың авторы болғаныммен, атауын халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, журналист Қазбек Қабжанов қойды. Бұл атау маған да ұнады. Өйткені қазір әлеуметтік желіні ашсаңыз, әр жерде болып жатқан апатты, қиянат-қайғыны көресіз. Жантүршігерлік жол-көлік оқиғаларын көргенде  денең түршігеді. «Жаман хабар жерде жатпайды» ғой, сондай жағдайлардың кесірінен көңіл күйің түсіп, дүниеден баз кешіп кеткің келеді. Дені сау адамның өзі әлеуметтік желіде ұзақ отырса, дел-сал күйге түседі. Осы орайда қайғыға күле алмайсың, десе де тұрмыстық қиындыққа күле қарауға болады деп ойлаймын. Нағашы әжем сондай жан. Ол – ашаршылық кезеңін басынан өткеріп, түрлі қиындықтарды еңсерсе де, күліп жүретін ақ көңіл адам. Сол секілді басыңызға қандай іс түссе де, жүрегіңізге салмақ салмай, күліп жүруге тырысыңыз деген мақсатта қойдық, –  деді Нұрлан Сәдір.

Іс-шарада Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев пен облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов ақынды жа-ңа кітаптың жарыққа шығуымен құттықтап, ақ тілегін жеткізді. Сондай-ақ жерлесі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев іні туралы ізгі ойларын айтып, иығына шапан жапты.

Айта кетсек, «Жынданбау үшін күлемін» кітабы үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде аутордың мақалалары жинақталып, басылған. Ал екінші бөлім жыр-шумақтарына арналса, үшінші бөлімде әлеуметтік парақшада жарияланған жазбалары мен толғаныстары бар. Іс-шарада кітаптың әр бөлімі туралы ойпікірлер айтылды. Мәселен, Нұрлан Сәдір мақалаларының ерекшелігі туралы «Дана» ғылыми зерттеу орталығының басшысы, тарихшы, өлкетанушы Жантас Сафуллин баяндаса, поэзиясы туралы Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, ақын-журналист Мұнайдар Балмолда айтты. Үшінші, әлеуметтік желілерге жариялаған жазбаларын халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Егемен Қазақстан» газетінің облыс бойынша меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы жан-жақты талдап берді.

Рухани басқосуда ән шырқалып, күй күмбірледі. Жиын соңында Нұрлан Сәдір жиналғандарға алғысын айтып, ақжарма  тілегін жеткізді.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале