12.07.2026, 17:30
Оқылды: 35

Қазақстанда 29 дағдарыс орталығы жұмыс істеп тұр

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, ведомство тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттыру бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып келеді.

istockphoto-1435001168-2048x2048

Фото: istockphoto.com

Осы бағыттағы реформалар аясында қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау тетігі енгізіліп, жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшу жүзеге асырылды. Бұл шаралар бюджет қаражатының ашықтығын қамтамасыз етіп, көмекті зардап шеккендердің нақты қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік берді. Көмек қылмыстық іс қозғалған-қозғалмағанына қарамастан, бекітілген стандарттарға сай әлеуметтік-психологиялық, құқықтық және тұрмыстық қолдау түрінде тегін ұсынылады.

Ресми деректерге сүйенсек, 2023-2025 жылдар аралығында бұл қызметтермен 13 мыңнан астам адам қамтылған. Ал ағымдағы 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша 1 877 азаматқа, оның ішінде 1 299 балаға арнаулы әлеуметтік көмек көрсетілді.

Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлері мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсететін 29 дағдарыс орталығы жұмыс істеп тұр. Еңбекмині халықтың сұранысын ескере отырып, осы орталықтар желісін одан әрі дамыту және көрсетілетін көмектің сапасын арттыру жұмыстарын жалғастыра беретінін мәлімдеді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале