9.08.2021, 11:20
Оқылды: 1

140 түрлі гүл өсірген Райымбек

Әдетте, қыз баласының, әйел затының гүл өсіруге, бау-бақша баптауға құмар келетінін білеміз. Бірақ ол іс ерлердің де қолынан келетініне куә болып, сүйсіндік. Қазекеңнің «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деп айтқан өсиетін біздің кейіпкеріміз де ұстанған.
1628009397878

«Әр ісін батамен бастайды»

       Сырымдық Райымбек Анатолий биыл ғана Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетін биология мамандығы бойынша тәмамдады.

Бала кезден әдебиетке деген қызығушылығы болса да, есейе келе ата-әжесімен кеңесіп, биолог мамандығын оқыды. Бірақ аталмыш салада білім алып, мамандығына деген қызығушылығы оянып, содан бері ғылыми ізденіс үстінде.

– Марқұм атасы Анатолий екеуміз бақшасы бар үйді немістерден сатып алған едік. Ол кезде көшемізде кілең бақшасы бар немістер тұратын. Көкөністің түр-түрін егеді. Содан шаруашылықтың бел ортасында жүріп, бақша егіп, немересін жанынан тастамай оған да бұл кәсіптің қыр-сырын үйретті. Әр ісін үлкендердің батасымен бастайтын Райымбегіміз титтей кезінен зерек бала болып өсті. Бүгінде өзі де гүлдердің атауын, жеміс-жидектің, көкөністердің атауын, олардың бапталуын бес саусақтай біледі, – дейді Сәулеш әже.
1628009605808

Карантинде басталған кәсіп

        Елімізді аты жаман індет жайлап, карантин жарияланған сәтте біраз адам көп уақытын жұмыс пен оқудан гөрі үйде өткізгендері белгілі. «Жақсылықтың ерте-кеші болмайды» демекші, Райымбектің гүл өсіруге деген қызығушылығы да осы уақытта оянған.

– Университеттегі оқуым онлайн режиміне ауысқан сәт. Одан да үйде бекерге жатпай, «гүл өсіріп көрсем қайтеді?» деген ой келді.

Біртіндеп қаладан, шет елдерден гүлдердің көп кездеспейтін түрлі тұқымдарын әкеліп, отырғыза бастадым.

Алғашында 140-қа жуық түрлі гүл түрлерін еккен екенмін. Үйде 107, аулада 36 шақты гүл бар. Үйдің түгел бір бөлмесін алып тұрған қаумалаған гүлді көрген көршілер, ағайындарымыз қызығып, өсінділерін (отросток) менен сатып алып, үйлеріне егіп жүрді. Жерлестерімнен естіп, өзге облыстан да сатып алушылар келе бастады.

1628009188420

Бос уақытымды бекерге өлтірмейін деп қызығушылықтан басталған дүние осылай біртіндеп кәсіпке айналып бара жатты.

Бірақ ақшаға бола барлық гүлдерімді сатып жіберуге көзім қимай, әрқайсысынан 1-2 данадан өзіме алып қалдым.

Қазіргі таңда 94 түрлі гүл қалды. Олардың ішінде қайталанып егілгендері де бар. Үйге егілген гүлдерімді, жаздыгүні аулаға да егіп көрдім. Ал түрлеріне келер болсақ, сабағы түкті, жапырағы түрлі-түсті көпжылдық шөптесін өсімдік бегонияның 6 түрі, қышқыл тұқымдасының қарапайым көпжылдық шөптесін өсімдігі оксалистің (кислица) 2 түрінен, жылылықты сүйетін тропиктік өсімдік пеперомияның да 2 түрінен бар. Айта берсем, көп.

Одан бөлек, дәрілік қалыңқой (каланхоэ), жұқа сабақты, шырмауық өсімдім сингониум, үй жалбызы, қысқа қарай көп суаруды қажет етпейтін қазтамақ (герань), атақты шегіргүл (фиалка) секілді түрлі өсімдіктер мен гүлдер бар. Шырмауық тәріздес түрлерін аулаға еккен жақсырақ, еркін өседі. Жалпы үйде немесе сыртқа егілген гүлге бірдей күтім қажет,- дейді Райымбек замандасымыз.

 

Бау-бақшаға бай жігіт

        Райымбек Қайратұлы тек өсімдіктерді емес, бақша егуді де қолға алған. Бақша егудегі басты ұстанымдары да жоқ емес. Райымбектің бақшасының өнімдері күнделікті немесе күнара суаруды қажет етпейді.

Оның құпиясын сұрағанымызда, табиғи тыңайтқыш, сабанның (солома) пайдасынан екен. Кез келген жемісті, көкөкөністі еккен бойда суарып, бетіне аздаған сабан төсеп қойсаңыз өніміңіз де жақсы шығатын болады.

1628009288455

Р.Анатолийдің бақшасында әр сорттан алмұрт, алма ағаштары, сары өрік, қызанақтың 20 шақты түрі, Германиядан алдырған қиярдың сирек кездесетін бірнеше сорты, кәді, сарымсақ, сәбіз, қызылша, ирга, құлпынай, таңқурайдың әр түрлі сорттары жеміс беріп тұр.

Біз де қияр, қызанақ, тағы да басқа көкөністердің дәмін татып көрдік. Расымен, үйдің өнімі екені анық байқалып тұрады. Дүкеннің су татыған дәмі емес, қара жерден өсіп шыққан таза, табиғи үйдің өнімдері.

Райымбек бау-бақшаны суарып, күтумен айналысса, үйдегі әжесімен, анасы, қарындастары «қыстың қамын жаз ойлап» тұздаудың қамына білек сыбана кірісіп кеткен.

1628009494367

Сөз соңында

Ата мен әженің тәлімін көріп, тәрбиесін бойына сіңіріп өскен кейіпкеріміз тек бесаспап емес, төрт ғылыми еңбектің авторы, өз кезегінде аудандық «Менің кіші Отаным» экспедицисының мүшесі болып, ғылыми мақалалар жазуды жаны сүйетін жан. «Жігітке жеті өнер де аз» деген Райымбекке қатысты айтылғандай. Алдағы уақытта да өсімдік, бақша өсіруді сүйікті ісіне айналдырып, өсімдіктердің өзге де жаңа түрлерін байқап көрмек. Әрине, кез келген саланың хас шебері болу үшін көп білім керек. Осы ізденіс жолыңда жетістіктерге жетіп, болашақта «Бұлдыртыдан шыққан ғалым» атануыңа тілекшіміз.

1628008892663

Айжан Бауыржанқызы,

Сырым ауданы

 zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале