21.05.2021, 12:13
Оқылды: 332

Жаңақалалық өнерлі жанның ісі көпке үлгі

«Өнер – ұлттың жаны» дейді халық даналығы. Осы орайда ғасырдан ғасырға өтіп, атадан балаға мұра болып жалғасқан асыл қазынамыз өнеріміз бен мәдениетіміздің өркендеуіне үлес қосып, аянбай еңбек етіп жүрген мәдениет саласы қызметкерлерінің көтерген жүгі жеңіл емес. Ауданда өткен қандай іс-шараның болмасын басы-қасында алдымен мәдениет және өнер қызметкерлерінің жүретіні де анық. Күннің ыстық-суығына қарамай, жұмыс күні немесе демалыс деп бөлмейтіндер де сол мәдениет саласының қызметкерлері. Адамзат баласының рухани дамуына үлкен үлес қосып, еліміздің құндылықтарын дәріптеп, әр жанға шексіз қуаныш сыйлайтын да мәдениет саласында жүрген жандар.

өнер1

Міне, осындай еңбекқор, талапшыл, өнерлі жанның бірі – әріптесіміз Айзада Сейтова. Ол М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Музыкалық білім» мамандығы бойынша 2010 жылы тәмамдаған. Жас маман алғашқы еңбек жолын аудандық мәдени-демалыс орталығында бастап, күні бүгін аталмыш өнер ордасында «Балалар мен жастар» бөлімінің меңгерушісі лауазымын абыройлы атқаруда.

Айзада Фаридқызы мамандығын мақтан тұтқан жан. Кейіпкеріміздің жұмысқа деген жауапкершілігі жоғары, әріптестерінің арасында беделді әрі ұжымда көшбасшылық қасиетке ие. Сонымен қатар «Жаңақала талант», «Жігіт сұлтаны», «Жаңақала аруы», дәстүрлі «Балдәурен» балалар шығармашылық фестивалі және ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ауданымыздағы дарынды балаларға арналған «Дарын» сынды бірнеше жобаның ұйымдастырушысы. Аудан көлемінде оздырылған ауқымды мәдени іс-шараларға демеуші тартып, ауданға белгілі кәсіпкерлермен жұмыстанып, шаралардың жоғарғы деңгейде өтуіне өз үлесін қосып жүрген мамандардың бірі.

өнер 2

Сегіз қырлы, бір сырлы Айзада Фаридқызы «Заман» театры, «Ақ босаға» келіндер ансамблі, Халықтық фольклорлық ансамбльдердің белді мүшесі. Бұдан бөлек вокал үйірмесінде шәкірттер тәрбиелеп жүрген мәдениет маманының қызметтік жолда еңбегі еленіп, халық алғысына бөленіп, аудан, облыс әкімдерінің, басқарма басшыларының Құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталған. Өмірлік жары Бақтиярмен үш перзент тәрбиелеп отырған аяулы ана, шаңырағының ұйтқысы.

 

Райгүл Рамазанова,

Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығының

көркемдік жетекшісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале