31.10.2017, 15:58
Оқылды: 16

23 лауазымды және 3 заңды тұлғаға айыппұл салынды

Тасқала ауданы әкімінің орынбасары А.Баяндықовтың басшылық етуімен төтенше жағдайлар бөлімінің тоғыз айда атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Оған БҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Н.Таубеков және жергілікті мекеме басшылары қатысты.

Жиында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы М.Шауенов биыл су тасқынын алдын алу мақсатында жергілікті бюджеттен 8 000 000 теңге қаржы бөлінгенін айтты. Авариялық құтқару бөлімшелерінің дайындығын жетілдіру және жеке құрамды кәсіби дайындау мақсатында, арнайы-тактикалық оқу-жаттығулар өткізілгенін де мәлімдеді.

«Тасқала ауданының төтенше жағдайлар бөлімінде 2016-2017 жылдарға арналған бөлімнің күнтізбелік жоспарына сәйкес қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында жауынгерлік, қызметтік және дене шынықтыру дайындықтары бойынша сабақтар уақытылы өткізіліп отырады. Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері өрт қауіпсіздігін қадағалау бойынша жыл басынан бастап 60 нысанның өртке қарсы жай-күйін тексерді. Соның ішінде 26 нысанның өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзғаны анықталып, 23 лауазымды және 3 заңды тұлғаға айыппұл салынған. Сондай-ақ суға түсу маусымы кезінде адам өліміне жол бермеу мақсатында тұрғындардың суға түсетін жерлерінде ескертпе қағаздар таратылды», - деді ол.

Сонымен қатар төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы ауданда өртке қарсы сумен жабдықтау көздері  - барлығы 86 өрт гидранты орналасқанын, оның 21-і жарамсыз екендігін жеткізді. Осы уақытқа дейін алты мәрте өрт оқиғасы тіркелген. Абырой болғанда ешкім зардап шекпеген. Сондай-ақ ҚР ІІМ ТЖК Көкшетау техникалық институтына осы жылы ауданнан үш адам ұсынылғанын да баяндап өтті.

Е.ЕЛЕКЕНОВ,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале