9.06.2022, 12:30
Оқылды: 46

24 жыл қособалықтардың қамын жеген

Мунира Сембаеваның есімі Қособа жұртшылығына жақсы таныс.

Ақжайық ауданы Сайқұдық ауылының тумасы 1990 жылы Орал қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №11 мектепте біліп алып, кейіннен Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына түсіп, 1998 жылы М.Оспанов атындағы медицина академиясын «емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдап, жолдамамен  бүгінгі күнге дейін 24 жыл бойы табан аудармай Сырым аудандық ауруханасының Қособа дәрігерлік амбулаториясында терапевт дәрігер болып еңбек етіп келеді.

InShot_20220609_113717610

Кейіпкеріміз бүгінгі таңда сүйікті жар, екі ұл, бір қыздың анасы.
- Жұмыс істей бастаған алғашқы жылдары, әрине, үлкен жауапкершілік болған соң қобалжу болды. Бірақ, уақыт өте келе дұрыс таңдау жасағанымды, бұл мамандықтың, бағыттың менікі екенін түсіндім. Әйелдерді үйден босандырып алған кездеріміз де болды. Жұмысқа келген жылдары бір әйелді үйден босандырып, баланың жолдасы кешеуілдеп түсіп, қатты қорықққаным бар. Сол жылдары айлап еңбекақы алмайтын едік. Қыстақтарда тұратын  тұрғындарға трактор, мотоцикл, атарба, атшанамен баратынмын. Ол кезде жедел жәрдем автокөлігі болған жоқ. Дәрі-дәрмек тапшы кезде өз ақшама сатып алып науқастарға берген және науқастар ауырып үйге келіп, үйден көмек көрсеткен жәйттерді де өткердік. Әсіресе балдардың ауырған кездері қиын, уайымдап ас та батпайтын. Ауылдық жерде жұмыс қиындау уақытпен санаспайсың, науқастардың жағдайына қарай әрекет етеміз,-дейді Мунира Жаңаталапқызы.

Адамдармен жұмыс істегенді жаны сүйетін дәрігер-терапевттің жұмысы үнемі адамдармен қарым-қатынаста болуды талап ететіндіктен, ол барынша халықтың дауасына шипа болуға жанын салады. «Жұмысымыздың бір жақсы жері — адамдарға көмектесіп, өз еңбегіңнің нәтижесін көру мүмкіндігіне ие боласың. Қазіргі таңда жағдайымыз жақсарды, жедел жәрдем көлігіміз бар, дәрі-дәрмектер жеткілікті. Ауыл тұрғындары уақтылы профилактикалық екпелерін алып, жыл сайын скринингтік тексерулерден өтіп тұрады» деп ағынан жарылды Мунира.

Тек қособалықтардың ғана емес Жырақұдық, Бұлан, Жамбыл ауылдық округтерінің тұрғындарына қызмет көрсететінін айта кету керек.
Өз ісіне шын берілген ақ халатты абзал жанның еңбегі жемісті болсын деп тілек білдіреміз.

Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале