28.09.2023, 9:00
Оқылды: 24

39,2 миллиард теңге инвестиция тарту көзделіп отыр

Бәйтерек ауданында биыл жылдық жоспар бойынша жалпы сомасы 39,2 млрд теңге болатын инвестиция тарту көзделіп отыр.
Бұл туралы аудандық мәслихаттың кезекті VIII сессиясында баяндама жасаған аудан әкімі Марат Тоқжанов айтты.

IMG-20230927-WA0126
Күн тәртібінде тоғыз мәселе қаралған сессия кезінде мінберге көтерілген аудан басшысы өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жөнінде есеп берді. Биылғы қаңтар-тамыз айлары ішінде бәйтеректік әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына тоқталды.

IMG-20230927-WA0129
- Есепті кезең ішінде негізгі капиталға салынған ивестиция көлемі 20926,4 млн теңгені құрады. Сөйтіп ол былтырғы осындай уақытпен салыстырғанда 7628,9 млн. теңгеге артты. Құрылыс көлемі 4735,7 млн. теңгеге жетті. Бұл былтырғыдан 143,8 пайызға көп. Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша ауданда тіркелген 3505 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің (өткен жылғыдан 11,3 пайызға артық) 86,2 пайызы жұмыс істеп тұр. Онда 6524 адам нәпақасын тауып жүр (былтырмен салытырғанда 105 пайыз). Аудан көлеміндегі 34 шағын цехтың 26-сы жұмыс істеп, бұл жерде 246 адам еңбек етуде. Осынау шағын цехтада ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемі 783,4 млн. теңгені құрайды. Есепті кезеңде бөлшек сауда тауарайналымының көлемі 7969,1 млн. теңгені құрап, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 0,1 пайызға өсті. Еңбек нарығына тоқталар болсақ, экономиканың барлық саласында 1027 жұмыс орны құрылды. Бұл былтырғыдан 15,5 пайызға жоғары. Бос жұмыс орындарына 569 адам тартылды. Ауданда жұмыссыздық деңгейі 2,9 пайыз. Орташа айлық еңбекақы 236711 теңге,-деген Марат Лұқпанұлы әлеуметтік нысандар құрылысы, жол салу, су құбырын тарту сынды жұмыстарға және инвестжобаларға да тоқталып өтті.

IMG-20230927-WA0127

Оның сөзінше, жыл соңына дейін іске асыру көзделіп отырған сегіз инвестжобаның көшін 10,9 млрд теңгемен (жалпы құны 48 млрд теңге) «Орал Ойл Энд Газ» ЖШС-ның кен орнын игеру ісі бастап тұр. Одан кейін көтерме-тарату орталығының құрылысымен (1,2 млр теңге) «Вауston» және демалыс паркін салуды (1,2 млрд теңге) көздеп отырған «Батыс Строй Монтаж» ЖШС-лары келеді.
Депутаттар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсеткіштері жоғары екенін атап өтіп, бұл бағытта аудан әкімі өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді ойдағыдай орындап жүргенін айтып, оң бағалаларын берді. Халық қалаулылары сондай-ақ Дариян ауылдық округінің әкімі Тілек Кәкеновтің де өз міндеттерін ойдағыдай атқарып жүргендігіне сенім білдірді.
Сессия барысында сонымен қатар аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиясының қызметі, мәслихаттың бұрынғы шешімдерінің кейбірін күші жойылды деп тану, кейбіріне өзгерістер енгізу және әлеуметтік көмек көрсету мөлшерлемесін белгілеу, мұқтаждардың жекелеген санаттары тізбесін айқындау қағидаттарын бекіту турасында сөз болды.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале