16.04.2026, 17:45
Оқылды: 33

Кітап үйінің тұрғыны

23  сәуір - Ұлттық кітап және кітапхана күні 

PHOTO-2026-03-12-16-04-14

Қолындағы  сөмкесіне кітаптарды нығыздап  толтырып, орталық кітапханадан шығып бара жатырған  осы қарияны  жиі көретінмін.

Ілкі әзірде онша мән бермедім, жай шаруамен жүрген әлдекім болар деп жеңіл ойға берілгенім де рас. 

Бірақ, зер салып, тіпті  ел ішінен сұрастырып білгенім, бұл азамат тегін адамдардың сойынан болмады.  

Тақиялы ағамыз талай буын шәкірт тәрбиелеп , білім ұясынан ұшырған  ұлағатты ұстаз   екендігі өз алдына , кітап оқудан алдына жан салмайтын  мықты оқырман болып шықты 

Әлқиссамыздың басты кейіпкері  - Махамбет   Қожамұратов. 

Махамбет Шалабайұлы  осы ауданға қарасты  Бұлдырты ауылында  1944 жылдың 19 қазан айында ұстаздар отбасында дүниеге келді  

Ұстаздар дегеннен шығады, Махамбеттің әкесі  Шалабай  Ұлы Отан соғысының ардагері , қазақ тілі мен әдебиетінің маманы болса , анасы  Бадекеш те бастауыш сыныптың ұстазы ретінде Бұлдырты орта мектебінде шәкірттерге дәріс берген  

Бұл отбасында төрт ұл мен екі қыз тәрбиеленсе   осы балалардың ортасында осы Махамбет білімге, әсіресе  бастауыш сыныпта жүргенде кітап оқуға тым әуес болды.

Тіпті , өзінің айтуынша осы төменгі сыныпта  білім алып жүргенде   “Құрыш қалай шынықты”, “Полк баласы"  кітабын жата-жастана оқығаны  әлі есінде, 

Бірде, түн қата кітап оқып, ертеңгісін мектепке келгенде  парта үстінде қалғып кетіп, ұстазының  ескертуімен үйіне дем алуға қайтарылған   сәті де есте. 

Міне, Бұлдырты орта мектебінде  білімге зеректілігімен көзге түскен   ол 1961 жылы   орта мектепті ойдағыдай аяқтап, осы жылы Орал  педагогикалық институтына оқуға түсті   

Институт  қабырғасында жүргенде Отан алдындағы әскери борышын өтеу  мақсатында  Украина  өлкесінде  1963 - 1966  жылдары сарбаз болып, елге оралған соң оқуын жалғастырды.   1969 жылы жоғары білімді  ұстаз ретінде  туған жерге оралды.

Бұлдырты өңіріне табаны тиген жас ұстаз   жоғары басшылықтың ұйғарымымен алғашқыда  ауылдағы  мектептің интернатында    меңгеруші әрі физика пәнінің ұстазы болып орналасты.

Одан әрмен  Махамбет Қожамұратовтың  ұстаздық баспалдақтары  аудандық білім бөлімінің  бұйрығына сәйкесті аудандық әдістемелік кабинеттің  меңгерушісі,  аудандық ұстаздар кәсіподағы төрағасы  қызметін атқаруға  жалғасса, 1976   - 2007  жылдар аралығында   ауданға іргелес орналасқан Өлеңті ауылындағы орта  мектепте физика пәнінен шәкірттерге дәріс беріп, зейнеткерлік демалысқа шықты    

Махамбет  Шалабайұлының   айтуынша   білім алып, алдынан өткен шәкірттері де   көп екен.  Мәселен, кезінде ауданда басшылық қызметте болған  Марат Оңғарбеков,  Мүтәлі, Төлеген Төреғалиевтер,  атыраулық  Тельман  Бахтияров  осы  Макеңнің  тәрбиесін көрген оқушылар еді.  

Махамбет  қария бүгінде  сексен жастан асса да әлі тың, өзін сергек сезінеді. 

 - Кітап  - менің жан серігім, досым.   Кітап оқығанда жаным рахатқа бөленіп , тыңайып қаламын. Әсіресе ,  роман , әңгіме , шытырман оқиғалардан құралған дүниелерді қызыға  бойлап, құныға оқимын.   Қазақ жазушылары арасында  Ғабит Мүсірепов  пен Мұхтар Әуезовтың  жазу үрдістері тым бөлек. Орыс, шет ел жазушыларының  жазған дүниелеріне де жақсы баға берер едім. Орталық кітапханадан  оқуға әкелген   әдеби кітаптардың арасында тартымды, қызғылықты кітаптар болса  бір түнде көз алмастан оқып , тауысатын кездерім болады -  дейді  қарт оқырман  әңгіме арасында. 

Айтқандайын,  аудан орталығындағы   ең көп кітап оқитын тұрақты оқырман  ретінде танылған  Махамбет Қожамұратов ,,Жыл үздігі - 2025 ,, аудандық кітапхана қызметкерлерінің үздік шеруі бойынша  ,,Үздік оқырман,, аталымымен  марапатталып,  аудан әкімі Жұмагелді Батырниязовтың  қолынан арнайы марапат пен сыйлыққа ие болды    Мақаңды бір сөзбен “Кітапхананың тұрғыны” деуге болады. 

PHOTO-2026-03-09-18-56-42

Махамбет  Шалабайұлы  отбасында  зайыбы Тамара Вебермен   55 жыл  тату-тәтті түтін түтеткен  бақытты шаңырақтың  бәйтерегі.       

Бұлдыртылық Тамара да кезінде сауда саласында  жемісті қызмет атқарып  зейнет демалысына шыққан, аудан орталығында әжелер алқасында өнерімен көпке танылған асыл әже    

Сонау 1971 жылдың сәуір айында  бұлдыртының сары қызына үйленіп, дүркіретіп той өткізген  жас жігіт Махамбет  бүгінде  сексен жастың сеңгіріне шықса, сары қыз Тамара да жетпіс жастың бел ортасына келіпті  

Шаңырақтың алтын діңгектері  саналатын  Махамбет пен Тамара    өздері тәрбиелеп өсірген , білім беріп тәрбиелеп , отау иелері еткен ұрпақтарымен бақытты. Ұлдары Сырымбет, Нұрымбет, Жанымбет, қыздары  Гүлнара мен Эльмара  көз қуаныштары.

Жуырда  ұрпақтары,  келіндері мен күйеу балалары    әке-шешелеріне   тосын сый жасады - мейрамханада олардың отау құрғандарына  55 жыл және туған күндеріне  сәйкестендіріп    дос-жарандардың басын қосып, отырыс өткізді    

Ата мен әже  өздері мәпелеп өсірген ұрпағынан бүгінде  немерелер , жиендер ,  шөберелер мен жиеншарлар қызығын көріп отыр.

Мүсірбек  Айташев,

“Сырым елі”

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале