30.11.2021, 11:50
Оқылды: 53

7 киелі сан

Осыдан біраз жыл бұрын ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ғалым-оқытушылары және студенттерімен кездесті. Сол кездесуде аузымен құс тістеген сұңғыла шешен, академик Зейнолла Қабдолов былай деген еді. «Сонымен, міне, заман – жаңа заман! Абай не деп еді? «Әркімді заман сүйремек, Заманды қай жан билемек? Заманға жаман күйлемек, Замана оны илемек» деген. Ал енді барша замандастар, осынау аласапыран заман қалай болғанда да біздің заман. Олай болса, заманға қарай саз керек!

WhatsApp Image 2021-11-30 at 09.15.59 (1)

Күні кеше өткен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзі саяси қайраткердің осыдан 30 жылға жуық уақыт бұрын еліміздің бас оқу орнындағы әйгілі ғалымдар, жастармен жүздесуін  еске  түсірді.

Иә, еліміз тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде айтарлықтай істер атқарылғанын жоққа шығаруға болмайды. Әйтсе де, халықтың әлеуметтік жағдайын шешуде түйткілді мәселелер де жетерлік. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей, өз ішіміздегі кенжелеп қалған істер бірінші кезекке шығу керек.

Жиындағы ерекше ескеретін жағдай билік партиясының қазіргі Мемлекет басшысына өтуі. Кім қалай айтса да, «Nur Otan» партиясының ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сатылап өтуінде де салмақты саясаттың сарыны бар,  заман сазы бар.

Кәнігі саясаткер жиында «Елдіктің жеті тұғырын» жариялады. Жеті – киелі сан. Мұны тәуелсіз мемлекетіміздің тұғырын одан әрі бекітетін, көп ұлтты халқымыздың ынтымақ-бірлігін нақты нығайтатын бағыт-бағдар деп түсінгеніміз жөн.

Закария Сисенғали,

еңбек ардагері,

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

Жаңақала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале